АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ормуз бұғазында патрульдік қызмет атқарған америкалық әскери тікұшақтың атып түсірілуіне байланысты Иранға жауап берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Біздің керемет әскери қызметкерлерден кеше түнде ирандықтардың Ормуз бұғазы үстінде патрульдік тапсырма орындап жүрген жоғары технологиялық Apache тікұшағымыздың бірін атып түсіргені туралы ақпарат алдым», деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, тікұшақтың екі ұшқышы да зардап шекпеген және қауіпсіз жерде.
«Соған қарамастан, АҚШ бұл шабуылға жауап беруге мәжбүр», деді Трамп.
8 маусым күні Ормуз бұғазы маңында АҚШ армиясының Boeing AH-64 Apache тікұшағы апатқа ұшырады. The New York Times басылымының жазуынша, Apache тікұшақтары, MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ F/A-18 және F-35 жойғыштары Иранның Ормуз бұғазын жабуына жол бермеуге бағытталған АҚШ әскери операциясы аясында қолданылған.
Басылым мәліметінше, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы басталғалы бері Apache тікұшағының алғаш рет жоғалуы.
Оқиғаға пікір білдірген Трамп ұшқыштардың жағдайы жақсы екенін айтып, оқиға бойынша есеп 9 маусымда ұсынылатынын жеткізді.