Ешкімге күштеп қан тапсырта алмайсыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 200 мыңдай тұрақты донор бар. Ал негізі, осыдан жиырма жылдай бұрын олардың саны бұдан үш есе көп болған. Ал қанға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Ауру-сырқауларды айтпағанда, көлік те, сәйкесінше әрлі-берлі қозғалыс та көбейген заманда жол апаттарының өзі, шыны керек, ауруханаларды толтырып тұр…
Қан керек болғанда адам тағдырын әр минут шешетіндей қысылтаяң болады. Сондықтан, әсіресе, ірі елді мекендерде белгілі мөлшерде қан қоры болуы міндетті. Науқасқа дер кезінде көмек көрсету, оған керекті қан құрамын сәйкестендіріп тауып беру үшін қан орталықтары күндіз-түні жұмыс істейді. Қан тапсырушылар мен қан түрлері (топтары) неғұрлым мол болса, ауруханадағы адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі.
Қан орталығы қызметкерлері күн сайын эритроцитарлық қоспа, қан плазмасын, тромбоциттер мен басқа да құрамдас заттар даярлайды. Өткен жылы елімізде барлығы 200 мыңға жуық адам қан тапсырған. Содан жасалған препараттармен 75 мың сырқатқа көмек көрсетіліпті. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі республикалық, 14 облыстық және екі қалалық қан орталықтары жұмыс істеп тұр.
Қарағанды облыстық қан орталығы донорларды іріктеу бөлімінің меңгерушісі Оксана Чернышованың айтуынша, былтыр өз еркімен қан тапсыруға келген 16 600 адамның 2300-дейін медицина қызметкерлері оның денсаулығына немесе басқа да дәлелді себептермен қабылдамай, кері қайтарған. Донор болу үшін әр тілек білдірушінің жасы 18-ден асқан, денсаулығы жарамды және қан орталығы қарайтын облыста тіркеуде болуы шарт. Орталыққа алғаш келген адамның мәліметтері Бірыңғай донор орталығының компьютерлік базасы арқылы тексеріледі. Содан соң оны терапевт дәрігер қарап, арнайы зертханалық тексерістен өтеді. Яғни, оның қанына клиникалық, биохимиялық талдау жасалып, жұқпалы аурулар вирусының жоқтығына көз жеткізіледі. Қандай да бір жұқпалы сырқаты бар, әлжуаз, ішімдік ішкен, наркологиялық диспансер есебінде тұрған адамдар, екіқабат немесе бала емізетін әйелдер донор бола алмайды.
Қарағандыдағы Қан орталығы былтырғы жылы барлығы 7 миллион литрден астам донор қанын даярлаған. Бір қуанарлығы, өз қанын ақылы негізде тапсырғандар барлық донорлардың 0,6 пайызын ғана (85 адам) құрайды екен. Былтыр 256 адам бір жыл ішінде үш рет келіп қан тапсырса, 3 154 адам қан тапсыруға өмірінде алғаш рет келген.
Әлбетте, қан тапсырушылардың көпшілігі қан қажет болған жақын-туыстары мен әріптестеріне көмек үшін келеді. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарынан болған апат туралы естіп, танымайтын адамға көмек үшін келетін жерлестеріміз де баршылық екен.
Айта кету керек, донорларды қайталап қан тапсыруға ынталандыру мақсатында, біреу үшін қан тапсырғандарға 0,25 айлық есептік көрсеткіш, ақылы негізде тапсырғандарға 2-8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасалады. Қанды бір тапсырғаннан кейін қайтадан тек арада екі ай өткен соң ғана тапсыруға болады. Алдын ала медициналық тексерістен өту қажет және қан тапсыру күндері донор заңды түрде жұмыстан босатылады және жалақысы сақталады. Берілетін екі күн демалысты бірден немесе еңбек демалысына қосып алуына болады. Тегін және тұрақты қан тапсыратын донорлар «Денсаулық сақтау iciнe қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және Алғыс хатпен марапатталады.
Қарағанды облысының қан орталығы донор болуға насихат жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Түрлі қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындарда қайырымдылық шараларын өткізеді. Әсіресе, қан тобы сирек кездесетін донорлармен жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Ондай қаны бар жандар туралы мәліметтер ақпараттар базасына енгізіліп, олармен тұрақты байланыс орнатуға ден қойылған.
Қысқасы, күнделікті тіршілікте мән бере қоймайтын осы бір аса қажет қызметтің Қарағандыдағы жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Сөз басында айтқанымыздай, өмір болған соң, небір жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан, «Адамның күні адаммен» деген қағиданы ескеріп, жамандықтың алды-артын тұсауға ұмтылайық, ағайын.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ