Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олег Деминді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Бұл жүздесу Украина елшісінің Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің басталуына байланысты өтті. Өз сөзін елшіні жаңа қызметімен құттықтаудан бастаған Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Украина арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастардың тарихы тереңде жатқанын атап көрсетті.
Тараптар Қазақстан мен Украина арасындағы дипломатиялық байланысты екі жақты және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде дамытудың келешегі туралы пікір алмасты. Өз кезегінде Украина елшісі екі елдің саяси-экономикалық және парламентаралық қарым-қатынасын өрістету үшін бар күш-жігерін аямайтынын мәлімдеді.
Кездесуде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі рөлі, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті туралы сөз болды. Ал Санкт-Петербург қаласында 28 қазанда өтетін “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” деген тақырыптағы халықаралық парламенттік конференция жөнінде әңгіме өрбіген кезде, мейман аталған шараға Украина делегациясын өз елі парламентінің төрағасы бастап баратынын мәлім етті.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы өз әріптестері атынан елшінің Қазақстандағы қызметіне табыс тіледі.