• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2016

Өзгенің өмірі

478 рет
көрсетілді

Отандық телехикаялар шетелдік сериалдарды ығыстырып, нарықты жаулап ала алады Осы уақытқа дейін телеарналарда жүрген түрлі-түрлі телехикаялар мен оның таптаурын оқиғалары көрермендердің көңілін көншітіп тұрған жоқ. Бітпейтін де қоймайтын үнді сериалдары, болмысымызға келе бермейтін батыстық картиналардың жайы көп айтылып тұр. Ендігі жерде кинематографтарымыз отандық телехикаялар шетелдік телевизиялық өнім­дермен бәсекеде оза шауып, нарықты жаулап ала алатынына сенімді. Мұны да уақыт көрсете жатыр. Дегенмен, бұл туралы апта басында Алматыда өткен «Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» телехикаяларының таныс­тырылымы барысында айтылды. Бұл екі жоба – қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік мәселелерге арналған. Бірі мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны мен құқықтары тақырыбын қозғаса, екіншісі – құлдырап бара жатқан ауыл тағдырына алаңдайды. Жобалардың бас продюсері Данияр Жанбековтің айтуын­ша, қазіргі уақытта мемлекет пен коммерциялық арналар ынтымақтастық орнатып, бір­лескен жобалар жасауды қол­ға ала бастаған. Аталған екі жоба осындай қадамның алғашқы нәтижесі болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Респуб­ликасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпа­раттандыру және ақпарат коми­тетінің қолдауымен түсірілген. «Өмір сынағы» – мүгедектер арбасына таңылған Дана есім­ді кейіпкердің тағдырын сурет­тейді. Сұлу, жас келіншектің өз аяғымен жер басып жүре алмай қалғаннан кейінгі өмірі, азап пен күреске толы тағдыры сипатталады. Адамның ерік-жігерін мадақтайтын сюжет желісі күрделі. – Арамызда он екі мүшесі сау болғанымен, жаны мүгедек адамдар бар, – дейді басты рөл­дердің бірін сомдаған актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Сіргебаева. – Актерлік тәжірибемдегі ал­ғашқы телехикая осындай күр­делі тақырыпта болды. Менің кейіпкерім сол рухани мүге­дектіктен айығып, өмірге басқаша қарай бастайды. Осы рөл, осы тағдыр менің де өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Шолпан Сіргебаева бастаған Әсел Қалиева, Данияр Базарқұлов, Алмас Шаяхметов сынды актерлер тобының қатысуымен түсірілген бұл жобаға режиссер Қанағат Мұстафин жетекшілік еткен. «Айналамызда мүмкіндігі шектеулі адамдар көп. Бірақ, біз оларды көрмейміз, өйткені олар аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпайды. Біздің қоғам – олар­ға арналмаған, оларға тең деп қарамаймыз. Мысалы, шетел­де мүгедектер арбасында отырған адам ешкімнің көмегінсіз қо­ғамдық көлікке мініп кете бе­реді. Ал бізде ондай жағдай жасалмаған. Енді жасалады деп сенемін», – деп ой бөлісті режиссер Қанағат Мұстафин. Фильмнің басты мақсаты да осы – мүмкіндігі шектеулі адамдардың тағдырына қоғамның, мемлекеттің назарын аудару болса керек. Телехикая сюжетінің желісі бас кейіпкердің ауыр тағдыры айналасында құрыла отырып, кейіпкерлердің бәрінің өміріне, мінезіне әсер етеді. «Мен осы телехикаяда бірінші рет жыладым. Бұған дейінгі рөлдерімде жыламаған едім», – деп сыр бөлісті бас кейіпкердің жалғыз қуанышы – баласының рөлін сомдаған кішкентай актер Махамбет Мырза. Махамбет орындаған Әліби образы ар­қылы авторлар өмірдегі басты құндылық – отбасы деген идеяны жеткізген. Ананың балаға деген махаббаты қандай қиындықты болсын жеңіп шығуға дем берер қуатына айналады. Ал Жасұлан Пошановтың режиссерлігімен түсіріліп, жел­тоқсанның ортасынан бастап жарық көргелі отырған «Шал­ғайдағы оқиға» көп бөлімді фильмі ауылға қайта оралу идеясына арналады. Отбасы – басты құндылық идеясын тағы бір қырынан көрсете отырып, авторлар соңғы кездері құлдырап кеткен ауылдардағы адамдардың мемлекет назарынан тыс қалып, тұйық шеңберде қалып қойғанын айтқысы келген. – Телехикая Алматыдан 160 ша­қырымда орналасқан Бес­мойнақ ауылында түсірілді. Осы ауылды Жасұлан әдейі таңдап алды. Ол ауылдың бір ерекшелігі – тұрғындардың үйлері бір-бірінен тым алыс орналасқан. Осы бір тау ішінде тарыдай ша­шылған ауыл – қазіргі кездегі тіпті, ауылдық жерде адамдардың бір-бірінен алшақтап, жат болып бара жатқанын сөзсіз сездіретін сияқты, – дейді жобаның екінші режиссері Мәдина Әлімхан. Осы тау ішіндегі ауа райы қатаң, адамдары қатал ауылға қаладан Елдос есімді жігіт барады. Нұрболат Абдуллин сомдап шыққан Елдос рөлі – «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келіп, қалада табысты қызмет етіп, бизнесте мансап жасап жүрген жігіттің бойындағы туған ауылына, сол ауылдағы туыстарына, жақын адамдарына деген махаббаттың басқа мақ­саттардың бәрінен биік тұруы мүмкін екенінің көрінісі. Анасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, ауылға барып, алдағы тағдырын сол туған өлкесімен байланыстыруға бел буған Елдос – қазіргі жастарға үлгі боларлық образ. Елжанды жігіттің анасының рөлін М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының актрисасы Шынар Асқарова сомдайды. – Мойымай, қажымай, туған ауылын көтеруге бел буған бас кейіпкер образы арқылы жат өлкеде емес, кіндік қаның тамған елде де бақытты болуға, қызықты өмір сүріп, жемісті еңбек етуге болатынын көрсетуге тырыстық, – дейді жоба авторлары. «Өмір сынағы» 23 қарашада, ал «Шалғайдағы оқиға» 21 жел­тоқсанда «Жетінші арна» эфирі­нен көрермендерге жол тартпақ. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.