• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2016

Сөзі – жоспар, ісі – өнеге

435 рет
көрсетілді

Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Назарбаев өзінің конс­титуциялық міндеті бойынша осымен 20-шы рет Қазақстан халқына Жолдауын арнапты. Бір көңіл аударарлық тұс бұған дейінгі Жолдаулардың бәрі де кезінде халық көкейінен шық­қан жоспардай іс еді. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашанда қоғамның, заманның, соған сәй­кес мемлекеттің алдында тұр­ған мәселелерді күні бұрын көріп-біліп соған сәйкесті ғылыми не­гізді әрекет ету бағдарламаларын ұсынуды өзінің әдеті еткен. Бір риза боларлық тұс сол Жол­дау­­­лардың барлығында дерлік Елбасымыз жастарға қамқорлық­ты әрқашанда бірінші мәселе етіп күн тәртібіне шығаратын. Соның нәтижесіндей, бұл күндері Қазақ­стан Республикасы білім беру саласының жаңа заман техникасымен жабдықталуы посткеңестік аумақта алдыңғы орында делініп жүр. Барлық жоғары оқу орындары түгіл орта мектептердің өз­дері де компьютерлендірілген. Көбісі ғаламторға қосылған. Біраз бөлігі интерактивті тақталардың игілігін көреді. Жалпы білім беру саласындағы бағдарламалар өз нәтижесін осылайша беріп жатыр деуге болады. Бұлардың бәрі де бүгінгі өміріміздің ақиқаты және Көшбасшысына халқы рахметін айтып еске алатын істер. Біздер, Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­­верситетінің оқытушы-про­фес­сорлар ұжымы ректорлық қызмет­ке бізге дейін педагогикалық маман­дар даярлайтын жоғары оқу орнында жұмыс істеп, мол тә­жі­рибе жинақтаған педагогика ғылымдарының докторы Серік Пірәлиев келгеннен кейін білім ордасы негізінен ұстаздық мамандыққа жастарды оқытып тәрбиелейтіндіктен, әрқашанда белгілі бір танымал тұлғаны, қызметі мен елін және халқын көркейткен тұлғаны жастарға өнеге ретінде ұсынуды дәстүрге айналдырдық. Осындайда мінеки 25 жылдан астам уақыттан бері біздер мысалды алыстан іздеп жатпаймыз. Өйткені, Тұңғыш Президентіміздің әрбір жылғы Жолдауы өміріміздің ғылыми негізді жоспары болып шықты. Ал қызметінің нәтижесіне қара­сақ, нағыз өнегенің өзі. Демек, біздер профессор-ұстаздар ұжы­­­­­мы әрқашан да ұлтымыз­дың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жастарға үлгі-өнеге ретінде ұсына отырып, Елбасы­мыздың егемендік алғаннан бергі кезең ішінде не тындырғанын талдап-талдап берсек, нағыз жас­тарды баурайтын өмір мысалы сол. Ал әңгімені әріден бас­та­сақ, Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайым ауылда туып-өскен және ауыл мектебінде білім алған, кейіннен металлург мамандығын меңгеріп, болат балқытушы бол­ғанын, сөйтіп, сол жұмысынан бастап үнемі қызмет бабында жоғарылап отырғанын әңгімеге арқау етсек, онда жастарымыз ұйып тыңдайтын бір ертегідей болмыс ақиқатын әркімнің көз алдына әкелгендей әсер етеміз. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны ертегіден емес, тек қиындықтармен күрестен және сол күрестегі жеңістерден тұрады. Ал егемендікті жариялап Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ша­ңырағын көтергеннен бергі бұл тамаша тұлғаның тындырған ісі бізді ғана емес, төрткіл дү­ниені түгел қызықтыратын бір ға­жайып болып шықты. Олай дейтінім, егемендікке дейін қа­зақ­тарды, Қазақстанды әлемде білетіндер мүлде аз еді. Ал қазір бізді білмейтіндер кемде-кем. Солар­дың көбісі қазақтарды, Қазақстан Республикасын, оның Көшбасшысын асқан риза­шы­лықпен әңгімелейді. Мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының пре­зиденттік қызметі ғылыми негізді болғанын дәлелдеп тұр емес пе?! Қазақстан Тәуелсіздігін жария­лағанда еліміздің болашағынан күдер үзетіндей болжамды Ба­тыс сәуегейлерінің талайлары жариялаған болатын. Өйткені, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мамыражай ел ретінде көрсетілетін Кеңестер Одағы деп аталатын державаның Алматы қаласында орын алғаны әлемге айқын. Ал Алматы – қазақтардың, Қа­зақ­станның астанасы. Наразылықты туғызған Кремльдің шешімі еді. 300 жылдан астам уақыт бойы осы Кремльден шыққан бұйрықтарға бағынып келген қазақтар бой көтерді. Міне, гәп неде?! Сонан соң Жаңаөзендегі оқиға тіркелді. Осындайлардың алда болу мүмкіндігі Батыс сәуе­гейлеріне жоғарыда айтқандай болжам жасатты. Себебі, біздің қалаларымыздың тұрғындары арасында қазақтар мейлінше аз, кірме ұлттар көп болатын. Мұның бәрі, әрине, шетелдіктерге белгілі жайт. Ақиқат осындай, болжам да дұрыс секілді. Бірақ ақиқат қан­дай болса да, сәуегейлер болжамы дұрыс болмай шық­ты. Оны болдыртпай тастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығы. Егемен елдің Ата Заңын бүкілхалықтық референдум арқылы талқылап қабылдаған кезде тағдыр талайымен Қазақстанға келіп орнығып қалған баршаға тең құқылық заңдастырылды. Бір де бір ұлтқа немесе ұлысқа кемсітушілік болған жоқ. Осының өзі-ақ Көш­басшының кемеңгерлігін көрсетсе керек. Сонан соң Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құрды. Осы құрылым арқылы еліміздегі әр ұлтты «өкпелемейтіндей» дең­гейде басқарып, бір мақсат, ор­тақ мүддеге жұмылдырып жұ­мыс істеу өз нәтижесін берді. Көш­басшымыз әрқашан да біз­дің барлық жетістіктеріміз ішкі тұрақтылығымызда дегенді жиі айтады. Бұл да білімділік, білімді істің жемісі екені даусыз. Осылайша, өзі гиперинфляция мен алапат рецессия, жаппай жұмыссыздық жағдайында құрған егемен Қазақстан Республикасын бас-аяғы 25 жыл ішінде әлем толық мойындаған және құрметтейтін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің сапына шығарды. Бұл «Қазақстан-2030» даму бағ­­­­дарламасының бергені. Қа­зір Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Давос форумының рейтингі бойынша 42-ші орында және Халықаралық валюта қорының бағамы бойынша елде кәсіпкерлікке жол ашу деңгейіне орай 41-ші орында нық тұр екен. Егер әлемде Дүниежүзілік сауда ұйымының өзіне мүше елдердің саны 162 болса, онда біздің мәр­тебеміздің қандай екенін оймен болжауға болады. Мұның бәрі, әрине, көреген және кемел Көшбасшымыздың ғылыми негізді қызметінің нәтижесі. Біз оқытушы-профессорлар ұжымы студент жастарымызға өміріміздің осы тұстарын үнемі нақты мысалдармен өрнектеп түсіндіруді жолға қойдық. Жоғарыда айтып кеткенімдей, біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашанда, тіпті жағдайдың қиын кезінің өзінде жастарға қам­қорлық жасауды, сондай-ақ, ішкі тұрақтылықты сақтауды бас­ты мәселе ретінде қарастырып келді. Оның дұрыс болғанын бүкіл өміріміздің мысалдары дәлелдейді. Ал өзінің Жолдауында Көшбасшымыз сол ұстанымын жалғастыра түсіп былай деген екен: «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.   Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда». Осынау шағын ғана сөзде қаншама ой айтылған! Ең бастысы, жастардың бүгінін олардың болашағымен сабақтастыра сөйлеу Елбасының Жолдауындағы ұтымды тұс. Әр­кімнің болашағы жұмыс істеп жүрген жеріндегі мамандығын қаншалықты меңгергендігі дең­гейімен өлшенеді. Білікті маман әрқашан да бағалы. Осы­ны өз өмірінің мысалдарымен дәлелдей отырып, жастарды мамандықтың бәрі жақсы, тек соның шебері бола білің­дер, жұмысшы мамандықтарын жете меңгеріңдер деу Мемлекет басшысының жастарымызға айт­қан әкелік қамқор ақылы емес пе?! Жолдаудан кейінгі уақытта студент жастарымызбен болған әңгіме-сұхбаттарда олардың Елбасы Жолдауындағы осы тұсқа ерекше назар аударғандығын аңғардық. Демек, Көшбасшымыз тағы да көкейден шыққан өміршең ойды айтып тұр. Бұл жолғы Жолдаудың бұ­ған дейінгілеріне қара­ған­да айыр­­­­машылығы – қазақ­стан­­­­­­дық­тардың барлығын тегін кәсіптік мамандыққа оқыту жайлы атқару­шы билікке берілген нақты тапсырма. 2017 жылдан бастап бұл тапсырма өмірімізде орын ал­уы тиіс игілік болмақ. Көңілді то­ғайтып, қуантатын да тұс осы. Олай дейтін себебім, жасыратын несі бар мектеп бітірушілердің бәрі бірдей жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Университеттер жастарымыздың 30 пайызын ғана мемлекеттік грантпен оқытып жүрген шығар. Қалған біраз бө­лігі ата-анасының күшімен ақы­­лы бөлімдерде оқиды. Ал ата-ана­ларының қолында ондай қаржы жоқтары мүлде бос қалады. Құ­қық қорғау органдарының кейбір мәліметтерінде елдегі қыл­мыс­керліктің денін жастар жасайды делінген ақпарат кездеседі. Бұған қарсы пікір айту мүмкін емес. Өйткені, «жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп ұлт ұстазы Абай бабамыз айтып кеткен. Жастарға да кінә қоя алмайсың. Орта мектептер кәсіптік білім бермейді. Яғни, 18 жастан кейін бос қалған жастарда белгілі бір мамандық жоқ. Сондықтан оларды жұмысқа қабылдау қиын мәселе. Мінеки, Президентіміздің бұл Жол­дауындағы осы бір атқарушы билікке берген нақты тапсырмасы бойынша ғана еліміздің көптеген тұрғындары қуанышқа бөленіп жатыр деуге толық негіз бар. Себебі, олар мамандыққа тегін оқытылады. Өз Жолдауында Елбасымыз «2050» Стратегиясы және «Нұрлы Жол» бағдарламасы одан әрі жал­ғасып, өмірімізге ақылды экономика дендеп енетінін баса айтты. Яғни, Қазақстан шикізат аймағы болудан үзілді-кесілді бас тартып, инновациялық индустриясы бар державаға айналуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде осы бағдарламалар бойынша елімізде жұмыс істеп жатқан жаңа өндіріс орындары бұрын-соңды көрмек түгіл, естіп білмеген тауарларды шығара бастады. Олардың біраз бөлігі ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, импорт алмастырғыш қыз­мет атқарса, енді біраз бөлігі экс­порттық әлеуетке ие. Алда осындай қаншама өнеркәсіп нысандары мен инфрақұрылымдар өмірге келетінін көз алдыңызға елестету қиын. Ал ол мемлекет жоспарында бар. Шамамен 600 мыңдық қа­зақстандық жаңа жұмыспен қамтылмақ екен. Олардың бәрі де интеллектуалдылығы жоғары өнім шығарады. Демек, мұндағы жұмысшылардың өзі білікті маман болуы керек. Қазіргі жас­тарымыздың бір бөлігі, жоғарыда айтып кеткенімдей, өздерін өздері мамандықтары жоқтықтан жұмыс берушіге өткізе алмай жүрсе, енді олар мұндай кедергі болмайтынына сене берулеріне болады. Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығы деп осыны айт! Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға қамқорлығын осынау тау тұлғаның егеменді республиканы құрудан бастаған қызметінің алғашқы күндерінен бері көріп келеміз. Мұнымен «Нұр Отан» партиясының ядросы болған, Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы сенімді серіктестерінің бірі, иманды болғыр Тоқмұхаммет Садықовтың көмекшісі қызметін атқара жүріп, талай сезіндім. Қазір өзім де осы проректорлық қызметіммен қоса, «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалында бастауыш ұйымның жетекшісі ретінде елді өркендетуге арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалары мен Жолдауларын партияның қатардағы мүшелеріне және жалпы ұйым орналасқан аумақтың қарапайым тұрғындарына түсін­діру ісімен айналысамын. Осы қызметім бойынша мен жастармен ғана емес, ересектермен де, біздің оқу орнынан тысқары жерде жұмыс істейтіндермен де жиі ұшырасып әңгіме-дүкен құрамын. Сондайда біздер әдет бойынша олардың Қазақстан дамуына, атқарушы билік қызметіне көзқарасын білу мақсатындағы сұрақтар қоямыз. Міне, осы сұрақ барысында алатын жауабымыздың дені жастар мен жалпы отандастардың Президент Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалары мен нақты қыз­метіне ризашы­лы­ғы болып жатады. Ал мына соңғы Жол­дауды халыққа түсіндіру бары­сындағы кездесулерімізде олар­дың ерекше қуанышты көңіл күйлерін анық аңғардық. Қысқасы, Қазақстан көп ұзамай-ақ жалпыхалықтық еңбек алаңына айналады. Еңбек бар жерде зейнет бар. Жолдау бізге осылай дегізеді. Жанатбек ІШПЕКБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі. АЛМАТЫ.