• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2016

Рухты ел барлық қиындықты жеңеді

313 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласы биік асуларды бағындырды. Енді, міне, Елбасы ұсынған Ұлт Жоспары бұл салаға нақты тапсырмалар беріп отыр. Осының нәтижесінде елімізде медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылмақ. Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарастырылған. Сол сияқты мұқтаж тұрғындарға оның атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жоспарланып отыр. Ұлт Жоспарынан үлкен ой түйдік. Бұл құжатты әрбір қазақ­стандық мұқият оқып шықса артық­тық етпейді. Өйткені, бұл әр адамға бағыт-бағдар, көп мағлұмат береді. Біздің Жамбыл облыстық көз орталығында арнайы «Глаукома ка­бинеті» жұмыс істейді. Ай сайын глау­комаға шалдыққан пациенттер­ге арналған «Глаукома мектебі» өт­кізіледі. Биылғы статистикалық мәліметтер бойынша глаукома ауруымен 1123 емделуші клиникалық-диагностикалық бөлімде тексеруден өтіп, соның ішінде, күндізгі бөлімге 65 науқас, ал тәуліктік бөлімге 121 науқас жатқызылған, қалған емделушілер диагностикалық бөлімде зерттеулерден өтіп, яғни көзішілік қысымды төмендететін дәрілік заттар тағайындалып, диспансерлік есепке алынған. Ота жасау бөлімінде көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған, яғни антигипотензивтік мақсатпен ота­лар жасалды. Осыған орай елімізде ан­тиглаукомалық қызмет жұмыс ат­қарады. Мұның басты мақсаты – глаукоманы ерте сатысында анық­таудың тиімділігін арттыру және дер кезінде шаралар қолдану. Бағдарламаның мақсатына сәйкес, Қазақстан Республикасының әрбір көз орталықтарында глаукомалық кабинеттің болуы және қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс. Антиглаукомалық қызмет ұйы­мының ұсынған стратегиясы бойынша, облыстық көз орталығында «Ашық есік» күні өткізіледі. Барлық емханаларда скрининг жүргізіледі, яғни барлық адамдардың көзішілік қысымы өлшенеді. Көзішілік қысымы жоғары болған адамдар, Жамбыл облыстық көз орталығына медициналық көмек алуға, глаукоманы диагностикалауға көз дәрігеріне бағыт алады. Облысымызда жыл сайын 40-70 жас аралығында 100 мыңнан аса облыс тұрғыны скрининг тексерілуінен өтеді. Скрининг нәтижесі бойынша глаукомаға шалдыққандар 0,08-0,09 пайызды құрайды. Әрине, әр адамның денсаулығы өз қолында. Бұл тарапта мемлекет адам денсаулығын сақтауда барлық мүмкіндікті жасап отыр. Жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өскені де көңілге қуаныш сыйлады. Елбасы айтқандай, рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым ел барлық қиындықты жеңеді. Қайрат ӘБДІҚҰЛОВ, Жамбыл облыстық көз орталығының бас дәрігері. Жамбыл облысы.