Жуырда ғана баспасөз беттерінде жарияланған Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты еңбегінің алғашқы кіріспесі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруден бастау алып отыр. Демек, Елбасының алдында мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекеттік қызметшінің елдің дамуы кезеңінде атқаратын рөлі ерекше екені сөзсіз. Себебі, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, өз мамандығына адал мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл ауқымды шараларды іс жүзіне сапалы асыру мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 7 жаңа бағыты бар мемлекетті кәсібилендіруге басымдық берілген еңбегі ел келешегінің табысты болуына жетелейтін еліміз үшін айрықша және жоғары стратегиялық құндылыққа ие деп есептеймін. Өйткені, Мемлекет басшысы өз сөзінде «Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады», деген болатын. Шынында да, мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Өз кезегінде мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болмақ. Соған сәйкес, жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мемлекеттік қызметке қабылдау тек конкурстық негізде ғана жүзеге асырылады. Осылайша, меритократия қағидаттары іргетасының берік қалануына өз ықпалын тигізеді.
Меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға негізгі қағидат болуы тиіс деп есептеймін. Жергілікті орындарда кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбек нәтижесі және жұмыс ауқымына қарай ақы төлеу болатын болса, сонымен қатар, қызметтік пәтер берілсе, онда қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісіп, оны зор жауапкершілікпен атқарады.
Бір белестен екінші белестерді ала отырып, дамудың нақты бағдарлары және айқын да салмақты стратегияларды белгілеп алға ұмтылып, басты меже алдыңғы қатарлы 30-дыққа ену үшін қажырлы да жасампаз еңбек ету қажет. Бұл жан-жақты даму Қазақстанды жаңа жоғары стандарттарға жақындатады.
Сонымен, жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі. Сала мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Мемлекеттік қызметтің мәртебесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да тығырықтан алып шығар оңтайлы шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз болады. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау үшін автоматтандырылған жүйенің енгізілуі құптарлық деп санаймын.
Барлық мемлекеттік органдарға қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі бөліктен құралады, оның біріншісі – мөлшері бекітілген негізгі еңбекақы, ал, екінші бөлігі – жұмыс нәтижелері бойынша берілетін бонустардан тұрады. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, бүгінде «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 2016 жылдан бастап жоғарылайтыны қуантарлық жағдаят.
Жаңа этикалық ережелерді енгізудің кезі пісіп-жетілді. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, оның айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыстардың ауыр жүгі – жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымындағы – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросына жүктеледі.
Бұл тұста, шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылып, мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасақталды.
Сондай-ақ, жаңа институт – этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады. Жалпы алғанда, әрбір мемлекеттік қызметші қоғамда, ортада, тіпті, өз отбасында да мәдениеттің ең шыңы болған этикалық мінез-құлықтың жарасымды үлгісі болуы тиіс. Әсіресе, басшылар мен жұмыскерлердің арасында ынтымақтастық қарым-қатынас болғаны дұрыс.
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осы құбылыспен күресу тек мемлекеттік қызмет жүйесінде ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Яғни, жаңа қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы құқық қорғау органдарына тән функцияларын ғана қамтымай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сақтандыру, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға негізгі басымдықтар да берілуде. Бұл өз кезегінде асқынып кеткен ауру салдарымен күрес емес, керісінше, оның алдын алу шараларын іске асыру арқылы қоғамның дертін түбегейлі жоюға өз септігін тигізеді.
Жаңа заң негізінде «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу туралы Елбасының шешімі – барлық мемлекеттік қызметшілерге қатысты бірден-бір толғандыратын сұрақтардың бірі. Бірақ, аттестация науқанынан қорқудың еш қажеті жоқ. Өйткені, бұл кезең – өз жұмысының нағыз мамандары үшін кәсіби біліктілігін көрсететін мүмкіндік. Ал, жұмысында әйтеуір уақыт өткізу үшін жүргендер болса, әрине, ойланулары тиіс. Өйткені, аттестация – алғырларды анықтау үшін жасалып жатқан сынақ.
Ұлт мүддесін өз ұстанымынан жоғары қойған ұлт перзенті Әлихан Бөкейхан «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», деп айтқандай, қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілген аттестацияда – мемлекеттік қызметшілердің тек білімі ғана емес, сонымен қатар, мінез-құлық қасиеттері мен этикалық-моральдық нормалары да негізге алынатын болады.
Сондықтан да Ұлт Жоспарын шынайы өмірге ұластыру әрбір мемлекеттік қызметшілердің басты міндетіне айналуы тиіс.
Берік БЕКЖАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.