Өскемендегі ана мен бала орталығының дәрігерлері бір жарым жастағы сәбидің артық біткен табанына ота жасады. Қазіргі кезде баланың жағдайы мен дамуы мамандардың жіті бақылауында. Бала өздігінен жүре, тіпті, жүгіре бастады. 2014 жылдың орта шенінде ана мен бала орталығына туабітті сол аяғында қос табаны бар екі айлық сәбидің ата-анасы келген екен.
– Ол кезде нәресте кішкентай болғандықтан, ата-анасынан балаға жеті ай толуын күтуді өтіндік. Бес айдан кейін балаға алғашқы отаны жасадық. Артық бақайын алып, табанындағы кемістікті емдедік. Бұдан кейін балаға бір жас төрт ай және бір жас алты ай толғанында ота жасалды. Қорытындысында артық башпайы мен өкшесін толығымен алып, туабітті ауытқудың салдарынан дамыған түрлі бұрмалануларды түзедік. Жақында анасы келіп, бүлдіршіннің өздігінен жүріп, тіпті, жүгіре бастағанын айтты. Алдағы уақытта да сәбидің дамуын бақылауда ұстайтын боламыз, – деді аталған орталықтың ортопедия және травматология бөлімінің меңгерушісі Ержан Сұлтанбеков.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.