Жылқыны алғаш қолға үйретушілер де солар
Үнділік журналист Ашок В.Десаи британиялық шығыстанушы бірқатар ғалымдардың зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, өз мақаласында осындай тұжырымға келген. Ол бұған дейінгі Үндістанды арий мәдениетінің талбесігі делініп келген көзқарасын қате деп есептейді. Пікірінің дәлелділігіне 30 жыл ғұмырын археология мен антропология салаларына арнаған америкалық Дэвид Энтонидің арийліктер жылқыны алғаш рет Қазақстанның солтүстігінде қолға үйреткен деген уәжін алға тартады.
Расында біздің дәуірімізге дейінгі 3600-3100 жылдары қазақтың ата-бабалары Қамбар ата түлігін тұрмыста пайдаланғаны, биенің сүтінен қымыз ашытқаны археологиялық қазбалар арқылы айғақталып отыр. Осыған орай қаламгер: «Теріскейде арийліктер жылқыны құрықтап, үй жануарын мініс көлігі ретінде үйреткен. Дөңгелекті арбаларға жегіп, түрлі жұмыстарға пайдаланған. Кейін бұл жаңалық бүкіл әлемге таралған», – деген түйін жасайды.
Автор Энтонидің Днепр өзенінің алқабын зерттей келіп, қорытындысында батыс жағалауын қоныстанушылар отырықшы, ал шығыс жағалауын мекендеушілер көшпелі өмір кешкен, жабайы жылқыларды көптеп өсірумен шұғылданған деген ұстанымын келтіреді. Сөз арасында үнділік журналистің ежелгі арийліктер мекені деп меңзеп отырғаны бүгінгі Айыртау ауданына қарасты Ботай қонысы ежелгі адамдар тұрағы болғанын, адамзат тарихында алғаш жылқы осында қолға үйретілгенін, қазақ даласы жылқы өсірудің тұңғыш отаны екенін, «Ботай мәдениеті» деген тіркесті қалыптастырып, әлем ғалымдарының назарына ұсынған Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Зайберт саналатынын айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.