• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Айдын және жас арман

499 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Оқушылар сарайын­да Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері Айдын Айымбетов елорданың оқушыларымен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің өкілдері қатысты. Әуелі Оқушылар са­­райының тәрбие­лену­­шілеріне Айдын Айым­бетовтің ға­рыштық ұшу сапарына арнап түсірген «Асыл арман» атты деректі фильм көрсетілді. Одан соң Оқушылар сарайы директорының орынбасары Қымбат Іргебаева ға­рышкерді құттықтап, Ай­дын Ақанұлының осы та­ғылымды кездесуге кел­гені үшін ұжымның және оқушылардың атынан алғыс білдірді. А.Айымбетов жас жү­­рек­терде арман отын жа­ғарлық жақсы әңгіме ай­та келе, «Ғарыш, ғы­лым, спорт немесе өзге де шы­ғармашылық жұмыс­тармен айналысып, белгілі бір жетістіктерге жет­кен қазақстандықтардың игі істерін жас ұрпаққа үлгі ету – өнегелі іс. Жастарды тәрбиелеу – Қазақстанның мем­лекеттік саясатын іс­ке асырудың негізгі басым бағыт­тарының бірі», – деп атап өтті. «Құр­метті балалар, егер сіздер ал­дарыңызға белгілі бір мақ­сат қойып, биік­ шың­дарды бағындыруды ар­ман­дасаңыздар, өздері­ңіздің сүйікті істеріңізбен айналысыңыздар. Ол үшін, ең алдымен, жақсы оқу керек, еңбексүйгіш болу керек және табысқа сену керек. Қай кәсіпті таңдасаңыз да қол жетпейтін арман болмайды, бәріне де еңбекпен қол жеткізе аласыз», – деді ғарышкер ағалары. Елорда мектептерінің оқу­­шылары А.Айым­бе­товке 2015 жылдың 2 қыр­күйегінде оның ұшқыш басқаратын «Союз ТМА – 18М» ғарыш кемесінің экипаж құрамында ға­рышқа ұшуына, сон­дай-ақ, Қазақстан Респуб­ли­касының 5-ші ғылыми бағдарламасын іске асы­руға қатысты сұрақ­тар қой­ды. Жас өрендер өз сұрақ­тарына толық, жан-жақты жауап алды. Бұдан басқа, салтанат­ты жағдайда Халық Қаһар­маны, Қазақстан Рес­пуб­ликасының ұшқыш-ға­рыш­кері Айдын Айымбетов Оқушылар сарайының әкім­шілігіне өзінің ғарыштық ұшуы кезінде Халықаралық ғарыш стансасының бортында, жер төңірегіндегі орбитада өзімен бірге болған Оқушылар сарайының туын табыс етті. «Еруліге қарулы» де­ген қазақы жолмен Ай­дын Айым­бетовке аста­на­лық тәлім-тәрбие ордасы­ның жоғары санатты оқыту­шысы куәлігі табыс етілді.   Назар ҚАСЫМ.