• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Жаңалыққа бет бұрған жастар

371 рет
көрсетілді

Жақында Жастар театрында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет бас­қармасының шешімімен Жастар театрының директоры болып тағай­ындалған Ернар Жұматаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Мұнан соң өмірден ертерек озған талантты жазушы Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасы желісінде режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахналаған ноктюрн-спектакльдің премьерасы ұсынылды. Баспасөз мәслихатында биылғы жылғы премьералар, алдағы іс-жоспарлар туралы мәлім етілді. Өнер ордасын алдағы уақытта нендей өзгерістер күтіп тұр? Жастар теат­ры еліміздегі басқа өнер ұжымдарынан қандай қасиеттерімен ерекшеленіп тұруы керек? Көрерменді театрға тартудың қандай жолдары бар? Осы және мұнан да басқа бірқатар сұрақтарға театр директоры Ернар Жұматаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, актриса Махаббат Мадғұлова және актерлер Азамат Есқұлов пен Дәурен Серғазин жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Театр басшысы БАҚ өкілдерімен болған сұхбатында: «Өнер ұжымы маған бұрыннан етене таныс. Өйткені, осы сахнадан өзім де түлеп ұштым, бірталай рөлдерді сомдадым, қазіргі құрамда ойнап жүрген белгілі актерлермен сахналық қойылымдарда біте қайнасып кеткенбіз. Яғни, Жастар театр­ы­ның шаңырағын көтеруге бір кісідей атсалысқандардың бірімін. Сонымен қатар, репертуарымыздағы, Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсында – Осип, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде – Айбас, Ш.Айт­матовтың «Жан азабы» әфсанасында Мәңгүрт Жо­ла­ман рөлдерін сомдадым» деді. Жастар театрының жаңа басшысы жайында қосымша тағы мынадай мағлұматтар алға тартылды. Ернар Құрбанбекұлы 1984 жылы Ташкент облысы, Шыңғыс ауы­лында дүниеге келген. 2002 жылы Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы профессор Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында «Драма және кино актері» мамандығы бойынша оқып бітіргеннен кейін Тазабеков театрында актерлік қызмет атқарған. Ал, 2007 жылы режис­сер Нұрқанат Жақыпбай мен бір топ шәкірт­тері күшімен елордадағы Жастар театры­ның іргесі қаланғаны – өз алдына бөлек тарих. Сонымен қатар, Ернар Жұматаевтың есімі өнерсүйер қауымға «Денар» тобы арқылы да жақсы таныс. 2008 жылы құ­рылған топ эстрадалық шоу-бизнеске өздерінің ерекше стильдерімен келіп, халыққа кеңінен танылған болатын. Кейін, ол кәсіби салаға ойысып, кино және сериалдарға түсе бастады. Өнер өкі­лінің «Бәйтерек», «Аманат» көркем фильмдеріндегі, сонымен бірге «Әке серті», «Сырғалым» сериалдарындағы рөлдері оның танымалдығын арттырған тағы бір ерекше қыры деу лазым. Қаршыға КҮЛЕН.