• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Омарташылар отбасы

319 рет
көрсетілді

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Лебяжье елді мекенінде тұратын Иваненко отбасы омарташылықты кәсіп етіп, нәсіпке айналдырғанына 8 жылдың жүзі болыпты. Отағасы Павел Адамович бал арасын өсірудің қыр-сырын терең меңгергенімен, қаржы тапшылығынан тығырыққа тірелген кездері аз кездеспепті. Тіпті, біржола қол үзбекке де әрекеттеніпті. Әлдекімдердің ақылымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 1 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, бүгінде ойлаған ойының жарты жолда қалып қоймағанына қуанулы. Павел Адамович ара жәндігінің еңбекқорлығына деген таңданысын жасыра алмайды. Оның тіршілік қарекеттері жайлы айтудан еш жалыққан емес. Омарташылықтың қиындығынан гөрі ләззаты көп дейтіні сондықтан. Күн жылысымен көлікке омарталарын тиеп алып, жаз бойы жасыл желек аясында жүруден жаны керемет рахат табады. Табиғат сұлулығын сезінуді тіл жетпейтін құдыретке балайды. Ол былтыр омарта санын 30-ға жеткізіп, әр омартадан орта есеппен 42 литрден бал алды. Тынымсыз еңбек зая кетпеген, табыс көңіл көншітерлік тәрізді. Жеңілдікті несиемен толық есептесіп, отбасыдан артылғанын саудаға шығарды. Нарықтағы бал бағасы арзан емес. Алайда, өткізу мәселесінде қиындықтар кездеспей қоймайды. Кәсіпкер мұндай проблемалардың туындауын, біріншіден, өңірімізде омарташылар қатарының көбеюімен, екіншіден, балды нарыққа шығарудың бірізді жүйесі қалыптаспағандығымен түсіндіреді. Сол себепті болар, әзірге отбасылық бизнес өнімдерінің денін Ресей еліндегі туған-туыстары арқылы сатуды тиімді көретін тәрізді. Сібірдегі таныстарына өнімнің бір бөлігін жіберіп еді, пышақ үстінде үлестіріліпті. Омбылықтар тарапынан да тапсырыс аз емес. Бір аңғарғаны, тұрақты тұтынушылар ортасы қалыптасқан жерде өнімнің өтімділігі жайлы мәселе кейінге ысырылып қалады екен. Ол теріскейде де тауарды көтерме бағамен сату мүмкіндігі жандандырылса, сонда шағын және орта бизнеске кең жол ашылар еді деген тілегін тиісті орындарға құлаққағыс еткенді құп көреді. Кәсіпкер Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының Сарыағаш жағынан жыл сайын 5-6 ұя ара алдыртып, омартаны сол­түс­тіктің табиғатына бейім, шыдамды жергілікті тұқымдарымен толықтыруды дәстүр еткен. Павел Адамовичті ойландыратын тағы бір мәселе бар. – Омарташы жаз бойы аралармен бірге көшпелі өмір салтын ұстанады. Тұрақты мекенің болмағаннан кейін өз­генің меншігіне телміруге мәжбүрсің. Он­дайда олар да еселерін жібермей, әр омарта үшін 1500 теңге талап етеді. Ал ше­телдерде өсімдіктерді тозаңдырғаны, өнім­ділікті жақсартқаны үшін ақ алғыс­тарын жаудырады, – дейді кәсіпкер. Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.