• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Ашықтық пен айқындылық қамтамасыз етіледі

310 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы сайлаудың кезеңділігін, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының билік органдарындағы өкілдігін, сайлау органдарының жұмысындағы ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Ор­талық сайлау комиссиясы қыз­метінің маңызды саласының бірі сайлау заңнамасын түсіндіру және халықты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу барысы туралы ақпараттандыру болып табылады. 2016 жылғы 20 наурызда Парламент Мәжілісінің 98 депутатын және облыстық, Астана, Алматы қалаларының, аудандық және қалалық мәслихаттардың 3335 депутатын сайлау болады. 2016 жылғы 21 наурызда Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының сессиясында Парламент Мәжілісінің 9 депутаты сайланады. Сайлау процесі бірнеше негізгі сатыдан өтеді, ал барлық сайлау әрекеттері белгілі кезектілігімен жүзеге асырылады. Сайлау процесінің маңызды сатыларының бірі сайлаушылар тізімін жасау және нақтылау болып табылады. Азаматтың дауыс беруге қатысуы үшін оның сайлау ценздерін қанағаттандыру жет­кіліксіз, ол сайлаушылар тізіміне енгізілуі қажет. Сайлаушылардың нақты сайлау учаскесінің аума­ғында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіздеме болып табылады. Егер сіз қазіргі уақытта белгілі бір себептермен өзіңіздің тұрақты тіркелген жеріңізден тысқары жерде болсаңыз және 20 наурызда өзіңіздің сайлау учаскеңізде дауыс беруге мүмкіндігіңіз болмаса, не істеу қажет? Бұл проб­леманы шешу тек өзіңізге байланысты. Сіз уақытша болатын орныңыз бойынша әкімдікке, 18 ақпаннан кешіктірмей, сізді сайлау күні дауыс беретін сол сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуіңіз қажет. 4 наурыздан бастап 19 наурыз күнгі сағат 18:00-ге дейін өзіңіз­дің елді мекеніңізден тысқары жерге шыққан жағдайда сіз тіркелген жеріңіз бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала аласыз. Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе өз елді ме­ке­нінің шегіндегі басқа сайлау учас­кесінде дауыс беруге қатыс­қысы келген сайлаушыларға берілмейді. Саяси партиялардың саяси тізім­дерді ұсынуы 2016 жылғы 20 қаңтарда басталды және 8 ақпанда аяқталады. Ортсайлаукомға төрт саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылды. «Нұр Отан» партиясының 127 кандидаттан тұратын партиялық тізімі 3 ақпанда Ортсайлаукомның отырысында тіркелді. 2 ақпанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық пар­тия­сының 19 кандидаттан және Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының 22 кандидаттан тұра­тын партиялық тізімдері ұсы­нылды. Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы өзінің 35 кандидат енгізілген партиялық тізімін 3 ақпанда ұсынды. Сондай-ақ, мәслихаттар де­пу­таттығына кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталды, бірақ 19 ақпанға дейін созылады. Тіркеудің аяқталу мерзімдері де басқаша. Егер саяси партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу 19 ақпанда аяқталатын болса, мәс­ли­хаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі.Тіркеуді жүзеге асыру шарттарының бірі сайлау жарнасы болып табылады. Саяси партия өз қаражатынан ҚР ОСК шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін 342 мың 885 теңге мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. 2012 жылғы 15 қаңтарда өткен сайлауда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7% -дан артық дауысын жинаған «Нұр Отан» партиясы, «АҚ ЖОЛ» ҚДП және ҚХКП сайлау жарнасын енгізбейді. Мәслихат депутаттығына кан­ди­даттың сайлау жарнасы 114 мың 295 теңгені құрайды. Егер саяси партия сайлау қо­ры­тындылары бойынша дауыс бе­руге қатысқан сайлаушылардың 7 % -дан астам дауысын жинаса, оның енгізген сайлау жарнасы қайтарылып беріледі. Мәслихат депутаттығына кан­дидатқа, ол депутат болып сай­лан­ған және сайлаушылар дауы­сының 5%-дан астам дауысын жи­наған жағдайда, сондай-ақ кан­дидат қайтыс болған жағдайда жарна қайтарылып беріледі. Қазақстан үшін оның іс-әре­кет­тері әлемдік қоғамдастыққа түсі­нікті әрі транспарентті болға­ны маңызды, сондықтан біз ха­лық­аралық байқаушыларды ша­қы­рамыз. Сайлау тағайындалғаннан кейін Ортсайлауком Төрағасы 18 мемлекеттің орталық сайлау органдарының бірінші басшы­­ларына шақыру жолдады. Сырт­қы істер министрлігі 11 халық­аралық ұйымды шақырды, оның шең­берінде 112 мемлекетке шақыру жолданды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ интернет-ресурсында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Мис­сиясының негізгі тобы­ның сарап­­шыларын жинау ту­ра­лы ақпараттық хабар орналас­ты­рылған, онда ЕҚЫҰ-ға қатысу­шы мемлекеттерге 36 ұзақ мер­зімді және 400 қысқа мерзімді бай­қау­шыларды жолдау ұсынылған. Осындай ақпараттық хабар ТМД Атқару комитетінің ин­тернет-ресурсында да орналас­ты­рылған, онда ТМД-дан бай­қау­шылар миссиясының 300 бай­қаушысын жіберу ұсынылған. Ортсайлаукомға Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер ми­нистрлігінен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы ұсынымдар әлі келіп түскен жоқ. Ортсайлауком өз қызметін ашық әрі жариялы түрде жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Біз 25 қаңтарда Астана қаласында сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде республикалық семинар-кеңес ұйымдастырдық. Осы кезең аралығында Орт­сай­лаукомның 8 отырысы болып өтті, онда 15 қаулы қабыл­данды. 68 хат әзірленіп, әртүрлі инстанцияларға жіберілді. Ортсайлаукомның тапсырысы бойынша 22 ақпараттық және жасақталған бейне және дыбысроликтер дайындалуда. Олардың кей­біреулері теледидар және радио арналарында көрсетілуде. Өңір­лерде 702 ақпараттық билборд орналастырылды. Сайлау науқанының қатысу­шылары үшін Ортсайлауком ақпа­раттық плакаттардың 8 түрін, 14 жаднама, әдістемелік құрал­дар, жинақтар мен өзге де ақпа­раттық-анықтамалық материалдар әзірледі. Сайлау комиссиялары мен сайлауды өзге де ұйымдастырушылар баспа өнімінің бір бөлігін алды. Сайлау науқанына қаты­су­шылардан келіп түсетін сұрақтарға жауап беру сияқты Ортсайлауком жұмысының нысаны үлкен резонанс тудыруда. Қазіргі уақытта біз 43 сұраққа жауап бердік. Қаулылардың, әдістемелік құралдар мен ақпараттық және өзге де материалдардың мәтіндері Ортсайлаукомның интернет-ресурсында орналастырылған, аталған интернет-ресурс (www.election.gov.kz) 1999 жылдан бері үнемі жаңартылып отырады. Шамамен 94 мың адам жұмыс істейтін барлық деңгейдегі 13 399 сайлау комиссиясының негізгі міндеті – сайлауды демократиялық сайлау саласындағы халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, құқықтық өріс шеңберінде өткізу. Татьяна ОХЛОПКОВА, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.