АЛМАТЫ. 5 ақпан. Қазақстан Республикасы ұлттық ұланы «оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінде әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарды жауынгерлік қызметке енгізуге байланысты салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы «оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жауынгерлік қызметке алғаш түскелі отырған жалынды жас сарбаздарды «оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшылығының бірінші орынбасары – штаб бастығы генерал-майор Андрей Қаскелеңов құттықтап, жеке құрамға сәттілік тіледі.
Аталмыш шара барысында жауынгерлік қызметтерін сәтті орындаған әскери қызметшілер «Бауыржан Момышұлы – батыр шапағаты» және «Жауынгерлік айбыны үшін» медальдарымен марапатталды, ал жауынгерлік қызметке алғаш кіріскелі отырған сарбаздарға өздерінің командирлерімен дайындалған сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара аяқталысымен әскери оркестр әуезімен жас сарбаздар жауынгерлік қызмет атқаруға Алматы қаласы көшелерінің қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аттанды.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: «оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
[caption id="attachment_22379" align="aligncenter" width="560"] SONY DSC[/caption]