• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Байқау байыпты болса, науқан лайықты өтеді

279 рет
көрсетілді

Баспасөз мәслихаты Ұлттық академиялық кітапханада өтіп, оны комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов жүргізді. Комиссия – сайлаулардың заңдылық нормаларды бұзбауына байқаушылық жасайтын қоғамдық ұйым. Ол алдымызда болатын Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына байқау жасау жұмыстарын жүзеге асырады. Айта кететін жайт, бұл комиссияның құрамына елімізге танымал қоғам қай­раткерлері, ғылым, мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысады. Со­ны­­мен қатар, сайлау барысын­дағы заң­­дылықтардың сақталуына білікті байқау жасай алатын заңгерлер, сарапшылар мен эксперттер де қатысады. Комиссияның басты мақсаты – сайлау үдерісінің мөлдір өтіп, сайлаушылар мен сайланушылардың конституциялық құқыларының бұзылмауына байқау жасау. Осыдан он жыл бұрын алғаш рет құрылған комиссия содан бергі барлық сайлауларға қатысып, өзінің қажеттілігін іс жүзінде көрсетіп берді. Ол шетелдік халықаралық ұйымдардан келген байқаушылармен ынтымақтаса жұмыс істеді. Елімізде болған 2005, 2011 және 2015 жылдарғы Президент сайлауларында және 2007 және 2012 жылғы Парламент депутаттарының сайлауында комиссия белсенді жұмыс істеп, сайлаудың заңдылықтарға сай өтуіне игі ықпалын тигізді. Қазір еліміздің барлық 14 облысында және Астана мен Алматы қалаларында комиссияның филиалдары құрылған. Комиссия филиалдары қатарына қызмет етуге кірген адамдар да сол аймақтарға танымал, белгілі тұлғалар. Олардың айт­қан ескертпелері мен байқаған заң бұзушылықтарды сайлау комиссиялары дереу қалпына келтіріп жатады. Соның арқасында сайлаушылар мен депутаттыққа кандидаттар тарапынан ұсақ шағымдар болмаса, ешқандай ірі заң бұзушылықтарға орын берілген емес. Қазір комиссияның құрамында бар­лық еліміз бойынша 11 мыңға жуық байқаушылар жұмыс істейді. Олар елдегі барлық сайлау учаскелеріне бай­қаушылық жасайды. Сайлаудың барынша мөлдір өтуін қамтамасыз ету мақсатымен комиссия мүшелері Орталық сайлау комиссиясымен, Бас прокуратурамен, депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды штабтарымен, сондай-ақ, көптеген ғылыми-сараптамалық қауымдастықтармен және азаматтық сектормен тығыз ын­тымақтастықта жұмыс істейді. Ко­миссия жұмысының қорытындысы туралы сайлау процесі аяқталған соң толыққанды есеп жасалып, онда сайлау үдерісіне толықтай баға беріледі. Байқаушылар комиссиясы мүшелері­нің баспасөз мәслихатын ашқан оның төрағасы Нұрлан Ерімбетов өзінің кі­ріспе сөзінде осы жайлардың бәрін ай­тып берді. Одан әрі төраға биылғы Республикалық комиссияның құрамына 24 адам енгізілгенін жеткізді. Біз олардың жасайтын қызметтерін, байқаушылықта атқаруға тиісті міндеттерін қазір түсін­діріп жатырмыз. Сонымен қатар, бір топ заңгер-кеңесшілерді де жұмысқа тартып жатырмыз. Bakulau.kz веб-сай­тының әкімшілік тобы да жасақталды. Азаматтардың арыз-шағымдарын қа­былдайтын call-senter де жұмыс істейтін болады. Енді аймақтық филиалдар жұмыс­тарына тоқтала кететін болсам, олардың барлық 16-сы да жұмыс істеуге әзір. Филиалдардың аймақтарды қамту жол­дары да жоспарланған. Жақын күн­дерде аймақтық филиалдар басшылары мен мүшелері де БАҚ алдында өз жұмыстарының барысы туралы баспасөз мәслихатын береді, деді төраға. Одан әрі Нұрлан Ерімбетов комиссия штабының нақ бүгінгі күнгі жұмыстарына тоқталды. Қазір штаб өз жұмысына белсене кі­ріскен. Байқаушылардың халықаралық миссияларымен және депутаттыққа кан­­дидаттардың сайлауалды штабымен үнемі байланыс жасап отыра­мыз. Комиссия мүшелері Орталық сайлау комиссиясының отырыстарына да қатысып отырады. Ұйымдастыру-тәжірибелік шаралардың сызба-жоспарларына сәйкес семинар-тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. 2015 жылғы Президент сайлауында біз, жоғарыда айтқанымдай, 10 мыңға жуық байқаушы жасақтаған едік. Мына сайлауда да олардың саны сол межеден көрінетін шығар. Одан әрі Нұрлан Ерімбетов комиссия жұмысына қажетті әдістемелік құ­ралдардың бәрі тегіс жиналғанын жеткізді. Біз аймақтық байқаушылар комис­сиясының жетекшілеріне қажет­ті құжаттардың толық портфелін дайын­дадық. Оның бәрі ағымдағы жұмыстар үшін және байқаушылықты сапалы жүргізу үшін қажет дүниелер. Байқаушыға қажетті методикалық құралдар, жұмыс қойын дәптері, барлық аймақтар бойынша анықтамалық, Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспары және т.б. дайындалды. Комиссия жұ­мысы басталмай тұрғанда аймақтарда екі рет тренинг өткізу және сайлау үдерісінің барысы туралы екі рет брифинг беру жос­парланып отыр. Бұлардың бәріне де Республикалық комиссияның бір-бір мүшесі қатысатын болады, деді Н.Ерімбетов. Сонымен қатар, ол сайлау күні бас­талғанша үгіт науқанының жүр­гізілу барысы мен сайлау процесінің басқа да шаруаларына мониторинг жүргізілеті­нін айтты. Жұмыстардың өткізілуі және басқа да ағымдағы жұмыс­тар туралы БАҚ-қа үнемі сұхбаттар беріп тұратын боламыз, деді ол. Сөзінің соңында Нұрлан Ерімбетов комиссия жұмысын кімдердің қаржылан­дыратынына тоқталды. Бізге қаражат бюджет тарапынан бөлінбейді, біздің жұмысымыздың ақысы тек меценаттар, демеушілер, қоғамдық қолдаулар тарапынан өтеледі. Біздің жұмыс, міне, осылай ұйымдастырылатын болады, деп ол өзінің сөзін аяқтады. Одан әрі сөз байқаушылар комис­сиясының мүшесі, белгілі қоғам қай­раткері, философия ғылымдарының докторы, академик Жабайхан Әбділдинге берілді. Ол өзінің сөзін Қазақстанның өз тәуелсіздігін ең алғашқы күннен демо­кратиялық қағидаттардың негізінде құрып келе жатқанын айтудан бастады. Ал демократиялық құндылықтардың ең басты қағидаты – адамның құқы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз ету. Қазақстан осы бағыттан таймай, ха­лықаралық қауымдастық алдында зор беделге ие болып отырған мемлекет. Бүгінгі күні еліміз өзінің демократия­лық мұраттардан айнымайтын ұстамды, болжалды мемлекет екенін әлемге танытты, деп сөзін бастаған академик одан әрі байқаушылар комиссиясы­ның жұ­мысы туралы өз пікірін білдірді. Бұл комиссияның құрылуының өзі – Қазақстанда демократиялық инс­­титут­тардың дамуын және азаматтық қо­ғамның елдегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласатынын көрсетеді. Ко­миссия өз жұмысын жүргізген 10 жылда электоралдық науқанның ықпалды тетігі екенін көрсете білді. Бүгінгі күні ол кезекті рет сайлау үдерісінің заңға сәйкес жүргізілуіне өзінің қоғамдық бақылауын жасағалы отыр. Біздің ко­миссияның жұмысы партиялардың сайлауалды жұмыстарын байқаудан бас­тап, 20 наурыздағы дауыс беру үдерісі аяқталғанша жалғасатын болады. Сөзінің соңын Ж.Әбділдин байқау­шылар комиссиясының жұмысы Қазақ­станның сайлау заңнамаларының бұзыл­май орындалуын қоғамдық негізде ба­қылайтын аудиторлық қызмет деп бағалауға болады, деп аяқтады. Одан әрі сөз комиссия мүшесі, Қазақстанның іскер әйелдері ассо­циациясының президенті Раушан Сәрсембаеваға берілді. 2005 жылы құрылған байқаушылар комиссиясы еліміздегі сайлаулардың заңға сәйкес өтуін бақылайтын қоғамдық ұйым ретінде қазір біршама танылып қалды, деп бастады ол өзінің сөзін. Комиссия жұмысы сайлау үдерісінің барлық кезеңінде де үзілмей жүргізіліп отырады. Ол сайлаудың барынша мөл­дір, ашық болуын қадағалайды. Сай­лаушы мен сайланушылардың заңды құқықтарының бұзылмауын алғашқы болып айқындайтын осы қоғамдық қызмет. Одан әрі Р.Сәрсембаева комиссияның құрамында өте тәжірибелі адамдар бол­ғанымен оның жұмысын әлі де же­тіл­діру қажеттігін ауызға алды. Алға қойылған бар­лық мәселеге де әділдікпен қарап, оның біліктілікпен шешілуіне атсалысу керек. Барлық арыз-шағымдардың да аяқсыз қалмай, жіті зерттеліп, сарапталуы міндет. Комиссия осы істердің жүргізілуіне мұқият қарағаны дұрыс. Мониторингтің барысы бойынша біздің жұмыстарымыздың нәтижесі туралы қорытынды дайындалады. Онда біз­дің қаншалықты нәтижелі жұмыс істегеніміз көрінетін болады. Біздің аза­маттарымыздың бәрінің де сайлауға қатысуы өте маңызды, өйткені, азаматтық қоғам дамуының бір белгісі осы болады, деп сөзін аяқтады Р.Сәрсембаева. Комиссияның ең негізгі жұмысы сайлаудың әділетті өтуіне атсалысу, деп бастады өзінің сөзін белгілі қоғам қайраткері, ғалым, Халықаралық түркі академиясы Тіл және терминология орталығының басшысы Әділ Ахметов. Комиссияның құрамында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің болуы – оның жұмысының нәтижелілігін арттырады. Былтырғы Президент сайлауында комиссия өзін кезекті рет жақсы қырынан көрсете білді. Шетелдік байқаушылармен де пікір алмасып, олардың да жұмыстарының жақсы жүр­гізілуіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, комиссияның мақсаты – заң үстемдігінің іс жүзінде іске асырылуын байқау, оның талаптарының сөзсіз орындалуына ықпал ету. Мен былтырғы Президент сайлауына байқаушы ретін­де қатысып, нақ осы мәселелерді іске асыр­­­дық деп айта аламын. Биылғы сайлау да ұйымшылдықпен өтетініне мен сенімдімін. Өйткені, халықтың ниеті, ынтасы сайлауға қатысуға зор екенін байқап жүрміз, деді Әділ Ахметов. «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, журналист Лев Тараков та байқаушылар комиссиясы туралы өз ойларын ортаға салды. Біздің комиссияның ең негізгі міндеті – сайлаушылардың таңдау құқын шектемейтін, әділетті сайлау өткізуге ықпал ету. Өзінің он жылдан бергі тәжірибесінде комиссия бұл істе биіктен табыла білді. Осы кезеңде елде болған барлық президенттік және парламенттік сайлауларда ол өзінің белсенді әрекетін танытты. Біздің бай­қаушыларымыз елдегі барлық сайлау учаскелерін қамтиды, осының өзі де сайлау үдерісінің толық картинасын жасау үшін өте маңызды. Оның үстіне шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген байқаушылармен ашық байланыс, олармен пікір алмасулар біздің байқаушыларымыздың беделін өсіріп, оған сенімді арттырады, деді ол. Қоғам қайраткері, тарих ғы­лым­да­рының докторы, профессор Ка­мал Бұрханов та байқаушылар ко­мис­­­­сиясының жұмысы туралы өз ойын ортаға салды. Сайлау үдерісінде демократиялық қағидаттарды қамта­масыз етуде комиссияның маңызы зор. Сайлаушылар мен сайланушылар құқының бұзылмауына осындай қо­ғамдық ұйымдар әрқашанда игі ықпалын тигізеді. Ол біздің елімізде ғана емес, де­мократиялық мұратты тұтынған бар­лық елдерде сайлау кезінде құрылады. Сайлау туралы заң талаптарының толық сақталуын қадағалайтын осындай қоғам­дық ұйымның болғаны бір ғанибет. Сон­дықтан да қоғамдық байқаушылар миссиясына құрметпен қарауымыз керек және электоратты да осыған үндеуіміз керек, деді ол өзінің сөзінде. Белгілі қоғам қайраткері, журналист, «7 арна» директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай өзінің сөзін клубтың жуырда қабылдаған хартиясын еске салудан бастады. Онда біз кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы науқанын ақпараттандыру барысында журналистік этика нормаларын толық сақтайтындығымызды айтып, қол қойдық. Сонымен қатар, хартияда біз депутаттыққа кандидаттардың бәрінің де құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуіне ықпал ететінімізді жеткіздік. Ал сайлау үдерісінің заң­ға сәйкес жүргізілуін байқаушы ре­тін­де барлық сайлау учаскелерінің жұ­­­­мыстарына мониторинг жасайтын бо­ламыз. Біздің электораттың сайлау мәдениеті жоғары, дауыс беруге келгенде олар өз кандидаттарын біліп келеді. Сондықтан олардың таңдауына ықпал етуге ешқандай негіз жоқ. Қоғам­дық байқаушылар комиссиясының құрамында елге белгілі жазушылар, ғылыми интеллигенция өкілдері, журналистер бар. Олардың есімдерінің өзі комиссия жұмысының мәртебесін көтеріп, жұмыс нәтижесінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Бұрынғы президенттік және пар­ламенттік сайлауларда комиссия өзін жақсы қыры­нан таныта білді. Соны­мен қатар, қажетті тәжірибе жи­нақ­тады. Сөзінің соңында Бибігүл Жек­сенбай сайлаудың ашық, мөлдір болып өтуі – еліміздегі азаматтық қоғам институттарының дамығанын көрсететін аса маңызды көрсеткіш екенін атап өтті. Сондықтан біздің міндетіміз – сайлау үдерісіне мониторинг жүргізе отырып, сайлау заңнамасының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету, деді ол. Мен комиссия мүшесі ретінде өз әріп­тестерімнің байқаушылық жұмысқа ынтасының зор екенін бақыладым, деп бастады өзінің сөзін «Заңгерлер сайлаудың әділетті болуын қалайды» қоғамдық ұйымының төрағасы Өмірәлі Қопабаев. Біздің комиссиямызда кез­дейсоқ адамдар жоқ. Мүшелердің бәрі де Қазақстандағы сайлаудың заңға сәйкес өтуін қалайтын адамдар. Бәрі де еліміздің «Сайлау туралы» заңын жақ­­сы біледі және оның талаптарымен жақсы таныс. Меніңше, байқаушылар комиссиясының бірінші кезектегі мін­деті – барлық қазақстандықтарды сайлау үдерісінің барысымен таныстырып, ақпараттар беріп отыру. Онда сайлау үдерісінің заңға сәйкес өтіп, ешқандай бұзушылыққа жол бе­ріл­мегенін айтып отыру ләзім. Біздің жұ­мысымыздағы тағы бір маңызды фактор туралы да айтып өткім келеді. Ол – азаматтарымыздың құқықтық са­уаттылығын және электоралдық бел­сенділігін арттыруға атсалысу. Сайып кел­генде біздің миссиямыз – Қазақстан аза­маттарының заңдылықтарды сақтау­ды қоғамдық мінез-құлқындағы нор­ма­ға айналдыруға ықпал ету. Осы мақсатқа қол жеткізсек, біздің миссиямыздың түп­кілікті орындалғаны болып табылады. Сөзінің соңында Өмірәлі Қопабаев біздің еліміздегі сайлаулардың осы уа­қытқа дейін заңға сәйкес өткізіліп кел­генін, ешқандай күрделі заң бұзушы­лықтар болмағанын айтты. Мұны барлық халықаралық байқаушылар да қостады. Дегенмен, электоралдық науқанда ең ұсақ деген нәрсенің өзіне біздің көңіл аударуымыз қажет, деді ол. «Мир Евразии» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев та байқау­шылар миссиясының жұмысына тоқталып өтті. 2005 жылы құрылған қоғамдық байқаушылар комиссиясы жоғары деңгейдегі кәсібилікке жету жолында тер төгіп келеді. Барлық демократиялық мемлекеттердегі сияқты біздің еліміз де сайлаудың ашық, әділетті, мөлдір болуына мұқтаж. Сонымен бірге, сайланатын органдарда елдегі барлық беделді саяси күштердің өкілдері отырғаны ғанибет. Өйткені, олар атқарушы биліктің назарын халықтың барлық мұқтажына аудара алады. Байқаушылар комиссиясы осы мақсаттың орындалуына ықпал етеді. Осы комиссияның құрамында бол­ғанда өзім сайлау үдерісінің жоғарыда айтқан талаптарға сай болуы үшін барлық күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Барлық әріптестерімді де осы іске жұмылуға шақырамын. Соны­мен қатар, біз шетелдерден ке­летін әріп­тестерімізбен де тығыз ынты­мақ­тастық орнатуымыз керек. Бұл біз­дің жұмысымыздың нәтижелі болуына кепілдік береді. Сөзінің соңында Эдуард Полетаев комиссияның электоралдық науқандағы маңызды буын болатынына үміт білдіретінін жеткізді. Ол еліміздің ішіндегі және сырттан келетін барлық қоғамдық сындарлы күштердің бастарын біріктіре алады деп санаймын, деді ол. Бесінші сайланған Мәжілістің депутаты Юрий Тимощенко да Байқаушылар комиссиясының құрамына тартылған екен. Баспасөз мәслихатында ол да қоғамдық ұйым туралы өзінің пікірін білдірді. Комиссияның барлық сайлау үдерісі уақытында жұмыс істегендігінің тиімділігі зор. Егер дауыс беру кезінде ғана жұмыс істесе оның тиімділігі бә­лендей болмас еді, өйткені, сайлау үдерісі басталған кезде заң бұзушылықтар болуы мүмкін, деді ол. Комиссияның рес­публикалық штабының ашылғандығы да оның жұмысының нәтижелілігін арттырады. Қазірдің өзінде оның қоғамдық қабылдаулары мен сенім телефоны жұмыс істей бастаған. Бұл комиссияның жұмыс жеделдігін көрсететін факторлар. Мен Байқаушылар комиссиясының жұмысы сайлау үдерісінің барынша ашық, әділетті әрі транспарентті өтуіне ықпал етеріне сенімдімін, деді ол сөзінің аяғында. Комиссия мүшесі, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өзінің сөзінде бүгінгі күні еліміздің барлық азаматтары сайлау үдерісінің заң шеңберінде өтуін назарға алып отырғанын айтты. Мем­лекеттің саяси институттарының ны­ғайып, тиімді жұмыс істегенін хал­қымыз қалайды. Сондықтан да азамат­тарымыздың сайлауға қатысуға деген белсенділігі жоғары екенін көріп жүрміз. Сайлаушылардың үміті алданбай, жоғары өкілетті органға құрамы лайықты адамдардан тұратын саяси күштердің өткені дұрыс болады. Біздің бәріміз де осы іске қолдан келген әрекеттерімізді жасауымыз керек. Негізгі міндетіміз осы, яғни Сайлау үдерісін байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия осынау істің басында тұруы керек деп санаймын. Азаматтарымыздың сайлау құқығының бұзылмауы өте маңызды. Барлық дамыған демократиялық ел­дердегі сияқты біздің сайлаушыларымыз да өз қалағанын сайлайтынына сенімді болғаны ләзім. Белсенді бақылау жұмысы мұны қамтамасыз етуге қабілетті. Шетелдік әріптестерімізбен де осы істе ынтымақтасудың маңызы зор, деп сөзін аяқтады Ю.Якупбаева. Осыдан кейін комиссия мүшелері журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жоғарыда аталғандардан басқа комиссия мүшелері қатарында М.Бәшімов, Ғ.Шалахметов, С.Қалиев, Е.Каппель, Л.Кесоглу, Л.Ни және т.б. елімізге белгілі азаматтар бар. Сонымен Қазақстан Республика­сындағы сайлауларды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия өзінің биылғы сайлау алдындағы алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, іске кірісті. Сайлау заңнамалары талаптарының  бұлжымай орындалуына әсер ететін оның жұмысына сәттілік тілейміз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».