• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Ақиқаттан айнымаған азамат ажары

1081 рет
көрсетілді

  Алла сыйлаған қамшының сабындай ғұмырында адал­дықтан аттамай, арды ту етіп көтерген мықты азаматтар аз емес. Соның бірі – Мұзараф Ақанұлы дер едік. Ол қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев секілді геолог болуды армандап, сол жолды таң­даған екен. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің кіндік қаны тамған киелі Ұлытау, Жезқазған өңіріне келіп геологиялық-барлау саласында қызмет еткен. Қара қошқыл даласын, жақпар тасты тауын талай рет жаяу шарлап, кен көзін іздеген. Қарапайым шахтадағы қызметін қалыптастыра келе, Жезқазған кенішінде бас геологтың орынбасары, одан кейін өзге де беделді жұмыстарды атқара келе, партиялық жұмысқа ауысады. Сәтбаев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, одан кейін қалалық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінде болады. Ұлттың жайы, халықтың тұрмысын түзеу барысындағы ізденістері әсіресе, қазақ халқының айтулы ұлдарының абырой-бе­делін көтеру жолындағы талпынысы кейбір билік иелеріне ұнай қоймайды. Қойдан жуас, бетегеден аласа болып жүру қа­жеттігін ескерткендерге ол тура­шылдығын тура қояды. Өзінің айтқанынан басқаға көнбейтін тоң мойындар оны құрту жолдарын іздейді. Сондай іліктің бірін дәйекке келтіре кетсек дейміз. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың ақ мәрмәрдан жасалған мүсінін ділі мен діні бөлек біреулердің сыртқа лақтырып тастағанын естіген Аханұлы өзі құрметтейтін ұлт жақсысының мүсінін қала­ға әкеліп, тұғырға қондырады. Оны естіген облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Н.Давыдов тікелей шабуылға көшеді. Әділ­дікті ту еткен Ақан­ұлының кінә­ларын жіпке тізіп жүрген ол мына қылығынан «махровый националист» екенін «дәлелдеп», «халық жауының» баласы бол­ғанын да ұмытпай қызметінен қуып, партия­дан шығарады. Өзін ғана қудалау былай тұрсын, от­ба­сына да тиісіп, жары мен балаларының соңына шам алып түседі. Бірақ, өзінің ақ адал екенін, аққа қара жұқпайтынын айтып, Давыдовты екі қолтығынан демеп отырған Мәскеудегі зор билікке, барлық болған жайды айтып, арыз жазады. Ақыры ол жеңіске жетіп, Давыдов құрдымға құлайды. Мұ­зағаң бұл «қақтығысты» еске алғанда: «Адам қиыншылыққа тап болса, дағдарысқа ұшыраса болды, өмір бітті, құрыды деген осы дейді. Жоқ, нағыз адамға нағыз өмір осы күресте басталады» деген ұлы жазушы Лев Толстойдың сөзі қуат бергенін айтады. Арлы азамат өмірін қамтыған Шамхан Рахметовтің кітабында ол туралы баяндалады. Ол таяуда оқырман қолына тиді. Әсіресе, қарау бас­қандардың қара ниетіне қарсы күрес кезінде ұлылардан қалған парасатты сөздердің демеу болғанынан дәйектер келтіріпті. Әсіресе, философ ақын Шәкәрімнің асыл ойлары, оның ішінде күні кеше дос болып жүргендердің аяқ астынан қас болып шыға келетінін айтқан байламдары оған әркез рух беріпті. Көлемді жинақта қазақ жырының дүлдүлі Кәкімбек Салықовтың қай­сар жанның намысын жанып жазған жырының түйінін: «Бо­дан күннің көп қырсығын шеккендер, Көз аштық қой бүгін ер­кін шарықтап», деп бекіткенін, өзге де азаматтардың ағынан жа­рылған естеліктерін, Елбасымен сыйластығының барын да беріп отырған. Сөз түйінінде Мұзараф Аханұлы тәуелсіздікке тәу ете­ті­нін, ендігі жерде бодандықтың құрдымға кеткенін, өзі көрген тауқыметті кейінгілердің тартпауын айтып, абыздай ағынан жарылыпты. Ар алдындағы күресі адамдығын жоғалтпағанын, осыны өз баласынан бастап, немерелері мен шөберелеріне өсиет етіп келе жатқанын да жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің сан қырын қам­тыған кітаптан алар тағылым мен сабақ молынан. Ең бастысы, адал еңбек, азаматтық жол, түптің тү­бінде мұратыңа жеткізетініне илан­дырады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».