• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Нақты тетіктер көрсетілген бағдарлама

270 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда сарапшы мамандар аталған стратегиялық бағдарламаға кеңінен тоқталып, өз көзқарастарын білдірді. Сондай-ақ, олар Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегінде елді дағдарыстан аман алып шығатын нақты тетіктер көрсетілгеніне назар аударды. Бұл бағдарламалық мақаласында Елбасының еліміздің алдағы уақыт­та атқаратын жұмыстарының ба­ғыт-бағдарын айқындап бер­генін айтқан Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Еңбекте Қазақстанның дамудың даңғыл жолында жасайтын қа­дамдары зерттеліп, зерделенген. Осы­лайша, Президент алда тұрған тығырықтардан шығатын жолды көрсетіп берді», – деді. Сонымен қатар, ол мақаланың «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» деп аталуы да тегін еместігін тілге тиек ет­ті. Оның айтуынша, осы еңбекте айтылған Елбасының бастамаларын жүзеге асырсақ, еліміз алдағы уақытта тыныштықта, тұрақты дамуда және ауызбіршілікте өмір сүреді. Ал ондай мемлекеттің кез келген дағдарысқа төтеп беретіні сөзсіз. Одан бөлек, Е.Сыдықов Ұлт Жос­парында ғылым мен білім саласына озық технологияларды енгізу мәселесі де қарастырылғанын жеткізе келіп: «Елбасы айтқандай, енді шикізатты сол күйінде ғана сатпай, оны әрі қарай өндеп, әлемдік нарыққа бірнеше есе қымбаттатып ұсынуымыз керек. Осыған орай бү­гінде «Назарбаев Университетте», Астана мен Алматы қалаларындағы және басқа да ірі технопарктерде, сондай-ақ, стартап аймақтарда ай­тарлықтай жұмыстар атқарылуда. Сондықтан алдағы уақытта бұл сала­ның даму қарқыны күшейеді деп сенемін», – деді. Өз кезегінде «Родина» агрофир­масының директоры, Еңбек Ері Иван Сауэр: «Мақалада аграрлы салаға қатысты мәселелердің қамтылуы біз сияқты шаруа адамдарының көңіліне қуаныш ұялатты. Өйткені, бүгінде ел экономикасын дамытуда агроөндіріс кешенінің маңызы зор. Расында, қазіргідей дағдарыс кезінде бұл саланы дамыту өзекті болып табылады. Сондықтан еліміз алдына ауыл шаруашылығының инфрақұрылымын дамыту, оны ғылыми тұрғыда жетілдіру, еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыру сынды мақсаттарды қойып отыр. Әри­не, мұның бәрі өте жоғары талап болғанымен, жүзеге асыруға мүмкіндігіміз толық жетеді. Өз тәжі­рибемнен мысал келтірер болсам, біздің агрофирма соңғы үш жылда 17 пайыздық өсімге қол жеткізді. Сондықтан, біз жоспарды артығымен орындауға да қауқарлымыз», – деді. Ал «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Анатолий Башмаков Ұлт Жоспарында ұлт­тық экономика, руханият, еліміз­дің әлемдік ауқымдағы ұстанымы мен рөлі сынды мәселелердің де қам­тыл­ғанына ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Елбасы этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту мәселесін назарға алып, алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі бірлік пен тұрақтылықты сақтау арқылы Қазақстанды қуатты, дамы­ған мемлекеттердің қатарына қосу екенін айтты», – деді. Иә, қазіргідей әлем тығырыққа тірелген шақта дамудың жаңа жолы, жаңаша үрдісі қажет. Осы ретте, Ұлт Жоспарының халықтың көңілінен шығып, көкейіндегі көп сауалға жауап бергенін атап өткен жөн. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».