Кеше Астанада Қазақстан Коммунистік халық партиясының сайлауалды штабының ашылу рәсімі өтті.
Аталған партия Орталық комитетінің хатшысы, Мәжілістің экс-депутаты Тұрғын Сыздықов сөз алып, құрылған штабтың басты мақсаты коммунизм идеясына негізделген саяси бағдарламаны халыққа жеткізу, партияның барлық ресурстарын жұмылдыру екенін атап өтті. Ал V шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков ҚКХП-ның сайлауалды бағдарламасы туралы әңгіме қозғады.
–Біздің басты мақсатымыз мемлекетіміздің іргелі дамуына сүбелі үлес қосу, сайлаушыларымыздың үдесінен шығу үшін берген уәдемізді орындау болып табылады. Сондықтан да ҚКХП әркез халықпен бірге. Алдымызда үлкен сынақ – сайлау додасы тұр. Біз сайлауда өзіміздің бар екенімізді көрсету үшін емес, жеңіске жету үшін жұмыс жасаймыз, – деді Ж.Ахметбеков.
Бүгінде аталған партияның еліміз бойынша 103 мыңнан астам мүшесі бар. Мұның 32 пайызын жастар құрайды. Шарада сайлауалды штаб жетекшісі Айқын Қоңыров орталықтың негізгі атқаратын жұмысын баяндады. Оның айтуынша, республикалық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын аймақтардан бастап, сайлаушылармен кездеседі.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі депутаттығына ҚКХП атынан 22 үміткер тіркеліп, сайлауға түспек.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.