• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Қазақстан Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты (фото)

308 рет
көрсетілді

АСТАНА. 6 ақпан. Футзалдан Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Топтық кезеңдегі екінші кездесуінде Хорватияны 4:2 есебімен жеңген ұлттық құрамамыз құрлық біріншілігінің ширек финалына жолдама алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Алғашқы кездесуде Ресейге есе жіберген Какаудың шәкірттері бұл ойынға ерекше дайындықпен шыққаны алғашқы минуттардан-ақ байқалды. Нәтижесінде 6-минутта Қазақстан құрамасы сапынан Дуглас мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Арада бір минут өткенде, хорваттар Ведран Матошевичтің көмегімен қарымта қайтарып, таразы басын теңестірді. Алайда, бар болғаны 15 секундтан кейін Қазақстан құрамасы тағы да алға шықты. Бұл жолы команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Сондай-ақ, үзіліске 3 минут қалғанда Серік Жаманқұлов Хорватия қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеді. Серіктің бірінші ойында Ресейге де гол соққанын атап өткен жөн. Екінші таймда отандастарымыз ойындағы басымдықты уыстарынан шығарған жоқ. Нәтижесінде Жаманқұлов екінші рет нәтижелі соққы жасап, дубльдің авторы атанды. Одан бөлек, қазақ футболшысы чемпионат барысында осымен үшінші гол соққанын атап өткен жөн. Бұл матчтың 27-минуты болатын. Қарсылас команда 32-минутта Сотонның көмегімен есеп айырмасын қысқартқанымен, одан әріге шамалары жетпеді. Осылайша, Қазақстан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде алғаш рет жеңіске жетті. Сондай-ақ, бұл жеңіс командамызды жарыстың плей-офф кезеңіне алып шықты. Әзірге Қазақстанның C тобында нешінші орын алатыны әлі анықталған жоқ. Ол 7 ақпан күні Ресей мен Хорватия арасындағы ойын нәтижесінен кейін белгілі болады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com.