• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

«Барыс» плей-оффқа өту мүмкіндігін сақтап қалды

306 рет
көрсетілді

АСТАНА. 6 ақпан. Өткен түнде Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Астананың «Барысы» Латвия астанасы – Рига қаласында жергілікті «Динамомен» кездесті. Тартысты ойын нәтижесінде астаналықтар 3:2 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде қайтадан жарыстың плей-офф кезеңіне жолдама беретін саты – 8-орынға көтерілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесу «Барыстың» басымдығымен басталды. Бұл жүйелі ойын өрнегі 11-минутта өз жемісін беріп, елордалықтар Найджел Доустың көмегімен есеп ашты. Дегенмен, бар болғаны 3 минут өткенде, айдын иелері таразы басын теңестіріп үлгерді. Аталған гол буллит арқылы соғылғанын атап өткен жөн. Ойын барысында Кевин Даллмэн тәртіп бұзып, төреші біздің қақпаға буллит белгілеген болатын. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген Каспарс Саулиетис жергілікті жанкүйерлердің қуанышына бөленді. Екінші кезеңде де қарсыластар бір-бір голдан алмасты. Алдымен 28-минутта «Барыс» сапынан Дастин Бойд мергендігімен көзге түссе, 36-минутта Мейя Гинтс екінші рет есепті теңестірді. Ал үшінші кезеңде Андрей Назаровтың шәкірттері қарсыластарына қарағанда сауатты қимылдады. Соның нәтижесінде 55-минутта команда капитаны Брэндон Боченски жеңіс шайбасын соқты. Осылайша, «Барыс» маусымдағы 28-жеңісіне қол жеткізді. Бүгінде 83 ұпаймен біздің команда Шығыс конференциясында 8-орында келеді. Плей-офф жолдамасына таластағы басты қарсыласымыз – «Нефтехимик» командасында да осынша ұпай бар. Алайда, Нижнекамскінің командасы қосымша көрсеткіштер бойынша «Барысқа» жол беріп, 9-орында тұр. Елордалықтар келесі кездесуін 16 ақпанда Қазанда жергілікті «Ақ Барспен» өткізеді. Сондай-ақ, Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатының аяқталуына 2 тур қалғанын атап өткен жөн. Яғни, «Барыстың» Қазандағы ойынынан бөлек, «Авангардпен» кездесуі қалды. Ол матч 18 ақпанда Омбыда өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.