• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Шығыс Қазақстанда құрылыстар саны азайды

356 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 5 ақпан. Шығыс Қазақстанда облыс әкімі Даниал Ахметовтің жетекшілігімен құрылысы созылыңқырап кеткен нысандар ерекше бақылауға алынып, уақытынан кешіккен құрылыстардың басым бөлігі пайдалануға берілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. 2004 жылдан бері өңірде ұзаққа созылған құрылыс нысандары 118-ге жеткен. Облыс басшысының тапсырмасымен күшейтілген режімде жұмыс істеуге көшкеннен кейін құрылыстарды тапсыру 2015 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, 94 нысан, яғни, облыс көлеміндегі тоқтап қалған құрылыстардың 80 пайызы көптен күткен ел игілігіне берілді. Ұзаққа созылған құрылыстарды жүргізген жауапсыз мердігерлер «қара тізімге» енгізіліп, тендерге қатысудан шеттетілді. Құрылыс талаптары мен ережелерін сақтау бойынша да қатаң қадағалау жүргізілді. 2015 жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 45 әлеуметтік-мәдени және 34 тұрғын үй, 9 энергетика саласындағы нысан тапсырылып, 6 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Тапсырылған нысандардың ішінде Өскемен қаласында 2008 жылдан бері салынған қан орталығы, 2012 жылы басталған 1000 орындық мектеп, Семей қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының бірінші кезегі бар. Оның құрылысы 2004 жылы басталған. Сондай-ақ, Глубокое ауданындағы Зимовье интернат-үйінің құрылысы аяқталып, Зырян ауданындағы Чапаев ауылында 130 орындық орта мектеп салынды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың айтуынша, аталған ведомство 2016 жылға қалдырылған 24 нысанның мерзімінде тапсырылуы үшін бар күш-жігерді жұмылдырмақ. Яғни, биыл Зырян ауданындағы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған оңалту орталығы жанынан Грехов кенішінің бұрынғы әкімшілік-тұрмыстық ғимаратын қайта жөндеуді аяқтау, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан спорт модулін салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңа оқу жылының басында Үржар ауданының Қабанбай ауылында 320 орынға арналған және Күршім ауданының Үшбұлақ ауылындағы 80 орынға арналған мектептер тапсырылмақ. Думан Анаш. Дерек, сурет: Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы.