• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

«Ауыл дамуы – мемлекет дамуы»

1151 рет
көрсетілді

Әли БЕКТАЕВ, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы: ХХІ ғасыр – түбегейлі гео­экономикалық және геосаяси өз­герістер ғасыры. Жаңа ғасырда тұтас әлем алды-артын болжап болмайтын әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани алапат өзгерістерді бастан кешіп отыр. Осындай алмағайып заманда бізді алдымызда не күтіп тұр? Ұлт­тың төлтума болмысын, озық салт-дәстүрін, керек десеңіз, тарихы мен мемлекеттігін сақтап қалу үшін не істеу керек? Әдеттегідей, бұған жауапты Қа­зақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі беріп отыр. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіс­пеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақы­ты туралы аңсар айқын көрінеді», – деп атап өтті. «Ауыл» партиясы осы бағытта «Қоғамның дамуы үшін рухани-адамгершілік құндылықтар қомақты рөлге ие. Бұл құндылықтар – біздің ұлттың қайнар кө­зі, түп-тамыры, сарқылмас бұлағы» деп есептейді. Халқымыздың жан дүниесіне, түйсік-түсінігіне мығым ұя салған, ықылымнан қалыптасқан «алтын бесік», «қара шаңырақ», «ата қоныс» атты үш қасиетті нәрсе бар. Осы үш қасиетті ұғымның біртұтас қосындысы – туған ауыл. Ал, қазақ үшін туған ауыл – ол Отаны, Атамекені, Қазақстаны. Біз – аграрлы мемлекетпіз. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та талмай айтып келеді. Осының арқасында тәуелсіздік жылдары ауылға ерекше көңіл бөлінгенін атап айтуға тиіспіз. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында аграрлық сектордың экономикалық даму қарқыны мейлінше артты, экспорттық әлеуеті ұлғайды. Бір сөзбен айтқанда, ауылға, аграрлық секторға қатысты атқарылған шаруаның бәрі де Мемлекет басшысы ұсынған «мемлекеттің әлеуметтік сипаты» идеясымен біте қайнасып жатыр. «Ауыл» партиясы «Ауыл және агроөнеркәсіп кешені елімізді толыққанды жаңғырту міндетін орындауда ерекше орын алады» деп есептейді. Ауылды Қазақстанның қарышты дамуының драйвері, экономика өсуінің қайнар көзі ету үшін не істеу қажет? Күрделі сұрақ... Жауап беруге тырысайық. Қазақстан территориясы 180 млн. га жайылым жерді қамтиды. Әлемдегі ең ірі мал етін импорттайтын мемлекеттер қатарындағы Ресей және Қытаймен шекаралас орналасқан. Қазақстанның осы екі мемлекетке ет экспорттау мүмкіндігі, сарапшылардың қорытындысы бойынша 5 млрд. АҚШ долларын құрайды, бұл астық экспортынан түсетін қаржыдан әлдеқайда артық. Дегенмен де, мал шаруашылығының қазіргі жағдайы өз деңгейінде емес. Соңғы бес жылда ірі қара малдың басы төмендеген, 100 аналыққа есептегенде құлын алу – 13,6%, бұзау алу – 6,9%, қозы алу – 2,2%-ға азайған. Әр сауынды сиырдан орта есеппен 2 250 – 2 270 кг ғана сүт сауылады. Өндірістік көрсеткіштердің төмен болуының негізгі себебі ұсақ тауарлы шаруашылықтардың мүмкіндігін пайдаланбауда деп есептейміз. Еліміздегі өндірілетін сүт өнімінің 82%-ы, еттің – 64,0%-ы үй жағдайында өндіріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтағы ірі қара малдың үлесі – 65%, қой мен ешкі – 61%, жылқы 54%-ды құрайды. Десе де, ауылдағы мал өнімдерін өткізу, сақтау, қайта өңдеу шаралары өте төмен. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу үшін шағын қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаумен бірге тауар өн­ді­рушілер үшін сервистік, сатып алу, несиелеу инфрақұрылымдарын құруға мемлекеттік қолдау көрсету қажет тәрізді. Сонымен бірге, ғылыми негізде егіс айналымын, жемшөптік дақылды кеңейту, суармалы жерлерді, жемшөп өндірісін енгізуді ынталандырудың қосымша шараларын қарастыру маңызды. Халқымыздың киелі түлігі, жыл­қы, бөлек әңгіме. Соңғы жылдары Қазақстандағы жылқы саны жыл сайын 150-200 мың басқа көбейіп, 2,0 млн.-нан асты. Мемлекет тарапынан кейінгі екі жылдың көлемінде жылқы шаруашылықтарын дамытуға 2,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, мал азықтарын алуға тиісті субсидиялау жүйесі енгізілген. Бірақ, бұл шаралар жылқы басының көбеюіне ықпал еткенімен, олардың өнімдерін өндіру, өткізу және нарық деңгейінде сату үшін жеткіліксіз болуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда жылқылардың 98%-ы өнім алу мақсатында бағылып, жылына 93 000 тонна жылқы еті өндіріледі. Бірақ, оның шаруалар үшін пайдасы мардымсыз, бейберекет деп айтуға болады. Сондықтан жылқы өнімдерін өндіру, оны қайта өңдеу, дүниежүзілік нарықта насихаттау, сату шараларын қарастыруды, осы арқылы жылқы малының қымызынан, қазы-қарта, жал-жаясынан жасалынған «қазақ деликатестері» өндірісін кеңінен ұйымдастыруды, оған тиіс­­ті деңгейде, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынамыз. Бұл – керек десеңіз, еліміздің экономикалық брендін қалыптастырудың тура жолы. Дәл осындай даму қорлары агроөнеркәсіп кешенінің қандай саласында болсын жеткілікті. Егін шаруашылығы, көкөніс, жеміс-жидек егіп өткізудің озық технологияларын енгізу – кезек күттірмейтін шара. Тағы бір өзекті сұрақ, өңірлерге, жергілікті жерлерге бөлінетін қаржы-қаражаттың жұмсалуына қатаң қадағалау жасалуы керек. Басқа басқа, ауыл­ға бөлінген қаржыға ауыз салып, жең ұшынан жалға­сатын, жойдасыз жемқорлық пен қылмысқа апарып соғатын әрекеттердің тамырына балта шабылуы тиіс. Сарапшылар қоғамының зерттеулеріне сенетін болсақ, мемлекет пен банк несие ресурстарының 3 пайызы ғана ауылға тиесілі екен. Ойланатын мәселе... Ауылдың әлеуметтік объектілерін жаңарту, тұрмыс қызметін түрлендіру, ауыл және ауыларалық жолдарды күрделі жөндеу – бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сондықтан «Ауыл» партиясы алтын бесігіміз – ауылды кешенді дамытуға бағытталған ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қабілетті «Ауыл инфрақұрылымы» атты мемлекеттік бағдарламаны дайындап, жүзеге асыруды ұсынады. Бұл жерде тек мемлекеттің ресурстарын ғана пайдаланып қоймай, жеке сектордың да қаржы-ұйымдастырушылық әлеуетін қолданған өзекті. Осы бағытта елдегі қалталы азаматтар дәулетінің белгілі бір бөлігін ауылға құйса, елдің игілігіне жұмсаса, жасаған игі істері лайықты түрде елдің алғысына, құрметіне бөленер еді. Осы кешенді іс-шаралар біздің салт-дәстүріміздің бесігі, халқымыздың алтын шаңырағы – ауылдың тұрмыс тіршілігін өзгертіп қана қоймай, түбегейлі реформациялауға әкелуі ықтимал. Ауылдың рухани келбеті бөлек әңгіме. Ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді. Кейде баз біреулер осы бір терең де парасатты тәмсілді тар шеңберге, қалыпқа бейімдегілері келетіні бар. Асылында, Мұхтар Әуезов нені меңзеді? Меніңше, ұлы жазушы ұлт болудың қайнар көзі тәрбие мен тағылымда ғана емес, ел болу ұлт пен мемлекеттің арғы-бергі тарихын құрметтеуден, дәстүр-ғұрпын сақтап, қорғаудан, ауыл-елдегі жұрт­тың таным-тұрмысын түзеуден басталатынын меңзеп айтса керек. Ежелгі қытай жазбаларында да тасқа қашалып жазылған «Мемлекеттің күретамыры оның өмір сүру салтында жатыр» дейтін қағида бар. Осы бір ұлы қағидалар әлі де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі таңда дамыған Батыс Еуропа елдерінің өзі азаматтық, халықтық, ұлттық болмыс-бітімін, діні мен ділін, тілін сары майдай сақтауға, азаматтық, құқық­тық қоғам мен жүйесін қызғыштай қорғауға көшті. Демек, біз ауылға әлеуетті экономиканы, жаңа технологияларды, шаруашылық жүргізудің озық үлгілерін алып келумен қатар, жұртты ұйытып отырған озық салт-дәстүрлерімізді, тарих пен танымымызды, тіліміз бен асыл дінімізді сақтауға, өркендетуге міндеттіміз. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жариялаған болатын. Ауыл – халқымыздың кең пейілі, ақ ниеті, мығым мінезі, дархан көңілі сомдалған ортасы. Ұлы Дала перзенті деген осы! «Ауыл» партиясы осындай мәселе­лерді шешу үшін жасампаздық прин­циптерімен қоғам және мемлекетпен бірге тынымсыз еңбек ететін болады. –––––––––––––––––––– «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаржы­сынан төленді. Шығарылымға жауапты: Р.Қ.Жоламан.