Венгрия үкіметі Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде санайды. Сондықтан екі елді әуе арқылы жалғайтын тікелей рейстер ашу өте маңызды деді Венгрияның Ұлттық экономика министрі Михай Варга Будапештте өткен баспасөз мәслихатында. Ол әуе қатынасын ашу арқасында екі ел арасында экономикалық, мәдени және туризм саласындағы байланыстар одан әри тереңдей түседі деп сенетінін айтты. Баспасөз мәслихатында сөйлеген Қазақстанның Венгриядағы Елшісі Нурбах Рүстемов бұл оқиғаның екі ел үкіметі жасап келе жатқан көп жылғы еңбектің жемісі екенін және екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың 25 жылдығына орай ашылғанын айтты.
«Қазақстан – Венгрияның Орталық Азиядағы басты стратегиялық әріптесі. Екі ел де қарым-қатынасты тереңдете түсуді мақсат етеді. Ашылғалы отырған әуе рейсі екі астананы ғана байланыстырып қоймайды. Мұның арқасында экономикалық даму әлеуеті жоғары екі аймақ – Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия арасында әуе байланысы орнайды. Жедел дамып келе жатқан экономика хабтарымен байланыс орнату – біз үшін аса пайдалы деді Михай Варга.
Министр тағы бір маңызды шара ретінде өткен жылдың қазан айында іске кіріскен Қазақ-Венгр стратегиялық кеңесін атады. Бұл орган екі ел арасындағы ынтымақ, әсіресе мәдениет және білім саласындағы байланыстар тереңдету бағытында жұмыс істемек.
«Биыл Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне Венгрияның қатысқалы отырғанын, көрмеге шамамен 3 миллион адам келеді деген болжам бар екенін ескерсек, екі ел арасында тікелей рейстің дер кезінде ашылғалы отырғанына көзіміз жетеді» деп мәлімдеді Михай Варга.
Астана мен Будапешт арасында рейс аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері болады. Ал бір бағытқа билет бағасы 40 еуродан басталмақ. Алғашқы ұшақ 8 маусым күні ұшады.
Пікірлер(0)
Пікір қосу