​Британияның Еуроодақтан шығуының экономикалық салдарлары қандай?

Таяуда Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасы Британияның Еуроодақтан шығуы туралы заң жобасын мақұлдады. Осы заң жобасының қабылдануымен енді Британияның үкімет басшысына Брюссельге ресми түрде одақтан шығатыны туралы ескерту жіберуіне рұқсат беріледі.
Егемен Қазақстан
26.03.2017 1408

Жалпы, былтырдан бері Британияның ЕО-дан шығу туралы ниетінің бар екенін естісімен, аралдағы бизнесмендер кетуге ыңғайлана бастаған. Дегенмен, өткен жаздағы референдумдағы одақтан шығу туралы шешім мен елдің іс жүзінде Брюссельден бөлек кетуіне бірнеше жылдың қажет екені енді байқалып жатса керек.  Еуроодақпен интеграцияны үзгісі келмеген Дэвид Кэмеронның орнына келген Тереза Мэй антиинтеграциялық шараларды жеделдетіп, биылдан қалмай Британияны бөлек алып шықпақ болған. 

Нәтижесінде нарықтағы саудагерлердің бір сәттік эмоциямен жасаған қадамдары фунт стерлингтің құнын бірнеше жылдық минимумға құлдыратып жіберген еді. Мұны көрген Британиядағы ірі трансұлттық компаниялар кеңселерін көшіруге бел байлады. Лондонның ішкі экономикасына соққы болып тиген бұл әрекеттерден кейін сарапшылар Британияның Еуроодақтан шыққан кезінде 100 млрд фунт стерлинг жоғалтатынын болжап тастады. 

Дегенмен, 2017 жылдың басындағы нарықтағы ахуал бұдан өзгерек болды. «Брекситтің» алдағы бір жылдың шаруасы емес екеніне ресми көз жеткізген Лондон Еуроодақтан бөлінуде оқыс қадамдарға бармау керектігін ұққандай. Бұл туралы Тереза Мэй «Ұлыбритания ЕО-дан шыққанымен, Еуроаймақтың еркін сауда нарығынан бас тартпайды» деген. Бұл туралы апта басында қабылданған заң жобасының алғашқы нұсқасының екі жеріне өзгеріс енгізілді. 

Атап айтар болсақ, біріншіден, Еуроодақтың қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрып жатқан азаматтары Британия одақтан шығып кеткен жағдайда да бұрынғы қалпынша өмір сүре беретін болды. Екіншіден, мемлекеттің одақтан шығуын қамтамасыз ететін Лиссабон келісімінің 50-бабына үкіметтің қол қоюынан бұрын Британия парламенті алдымен ол заңды өздерінің мақұлдауынан өткізуді сұрап отыр. Төменгі палатаның бекіткен заң жобасында елдің одақтан шығуы үшін үкіметтің шешімі жеткілікті еді, ал кешегі өзгерістен кейін жоғарғы палата өздері мақұлдамайынша, Брекситті мойындамайтындықтарын жеткізді. 

Жалпы, әу бастан лордтар палатасы Британияның одақтан шығуына қарсы болған. Дегенмен, үкімет мүшелері парламенттің бұл қарсылығына жауап ретінде референдум нәтижесін алға тартып, лордтардың келіспеске амалы қалмаған. Әлі де болса, Британияның одақпен экономикалық қатынастарын сақтап қалуына күш салып отырған депутаттар енді Лиссабон келісімінің күшін жоюда интеграциялық қатынастардың бірқатарын сақтап қалуға тырысып бағуда. 

Үкімет 2017 жылдың наурызының соңына дейін елдің одақтан шығуы туралы Брюссельге ескерту жіберетінін бұған дейін бірнеше мәрте мәлімдеген. Дегенмен, жоғарыдағы заң жобасы енді Ұлыбритания Патшайымының алдынан өтуі керек.  Әрине, Британияның бір ғана шешімімен Еуроодақ құрамы өзгеріп кетпек емес. Бұл туралы Брюссельдің не дейтіні биылғы жылдың еншісінде. Брекситке бастапқыдан бері оң қарамаған Брюссель оңайлықпен 50-бапқа қол қоя салмауы керек. 

Ұлыбританияның одақ ішіндегі рөлін ескерсек, Брюссель айтарлықтай зиян шеккелі отыр. Бұл туралы өткен аптада Еуропарламентте сөз алған Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Ұлыбритания Еуропа одағынан шыққаннан кейінгі одақ елдерінің әрі қарай дамуына болжам жасап, бес түрлі сценарийді алға тартты. Бірінші сценарий бойынша, «қазіргі бағыт  сақталмақ». ЕО-да қалатын 27 ел баяғыша бірлесіп жұмыс істей бермек. Алайда, Юнкердің айтуынша, көші-қон дағдарысының кесірінен одақта алауыздық туындап, мемлекеттердің бірлігі бұзылуы мүмкін. 

Қазірдің өзінде Брексит басталғалы ЕО-ның кей елдері, соның ішінде Италия мен Франция да «бөлек кету» туралы сөз қозғап қалған. Екінші мүмкін сценарийде ЕО басшысы интеграциялық саяси мәселелерді ысырып қойып, алдымен одақтың ішкі нарығын дамытуға күш салуға шақырады. Алайда, «бірлесіп сауда жасау үшін ресурс тапшылығы бар», деді Юнкер.  Үшінші сценарийде әр ел өзінше даму қарқынын алмақ. Әркім өзінің шамасын барынша пайдаланбақ. Бұл жағдайда ЕО елдерінің ішінде мемлекеттер бірнеше топқа жіктеліп кетуі мүмкін екені айтылған. Олай болған жағдайда, одақтың болашағы бұлыңғыр екенін айтады Юнкер.

Ал төртінші сценарийдің ерекшелігі салаларды бөліп алуға келіп тіреледі. Ол кезде одақ мүшелері «аз шығын, жоғары тиімділік» ұстанымымен жұмыс істемек. Дегенмен, әр мемлекет өзінің басым салаларын бөліп алғанда қорғаныс пен шекара мәселесі зардап шегуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Бесінші сценарий «Еуроодаққа жақсы нәрсенің бәрі барлық мемлекет үшін жақсы» деген ұран аясында өрбуі мүмкін. Яғни, ЕО елдері тізе қоса отырып одақтың қуатын әлем бойынша арттыруға күш салмақ. 

«Дегенмен, мұндай жағдайда одаққа сенімсіздікпен қарайтын мемлекеттердің кері реакциясы пайда болып, ұлттық биліктің әлсіреуі туралы пікірлер қылаң беруі мүмкін», деп топшылайды ЕО басшысы. Айтпақшы, Британия одақтан шыға отырып 100 млрд фунт стерлинг жоғалтады деген болжаммен келіспейтіндер де бар. Мұндай пікір айтушы сарапшылар Британия қаржы министрі Филип Хэммондтың жыл басындағы ел бюджетін таныстырған кездегі баяндамасын алға тартады. 

Онда министр оптимистік болжамға толы баяндама жасады. Онда елдің экономикасы күткендегіден қарқынды өсетіні айтылған. Хэммондтың айтуынша, қарқынды экономика Брекситтің келіссөздеріне қуатты және тұрақты платформа ұсынады. Оның пікірінше, 2017 жылы Британия ІЖӨ-сі 2 пайызға өспек. Ал осының алдында сарапшылар өсімді 1,4 пайыз деп болжаған еді. Әрине, министрліктің мұндай болжамы Брекситке мүдделі үкіметтің позициясынан шығып тұрғанын ұмытпау керек. Ал Британиясыз Еуроодақтың экономикасы қай бағытқа бұрылатыны туралы әзірге нақты болжам жоқ.

Бір анығы, нақты экономикада болмаса да, қаржы нарығына айтарлықтай зиян келмек. Саясаткерлердің жекелеген сөздері мен мәлімдемелеріне қарай құбылатын қор нарығында қазірден бастап еуроның құны әлсіреп жатыр. Сонымен қатар, АҚШ-пен арадағы қатынастың Трамп әкімшілігінен кейін жаңаша сипат алуы да Еуропа одағы үшін жайсыз болып тұр. Сарапшылар бұл тұрғыда Брекситтен Британиядан гөрі Еуроодақтың көп жоғалтатынын айтады. 

Мәселен, жыл басында Тереза Мэйдің АҚШ-қа жасаған сапарында Британия үкімет басшысы Ақ үймен сауда қатынасын еселеп өсіруге мүдделі екенін жеткізсе, Трамп бұған кетәрі еместігін айтқан. Егер ЕО-ның барлық мүшесі мен Британия арасында таңдау жасайтын күн туса, Құрама Штаттар ескі одақтасы Британиядан қол үзбейтінін білдірген. Қорыта айтар болсақ, Британия тәуекелге барғанымен, Еуроодақтың қазір Брекситке дайын емес екені айдан анық. Лондон одақтан шығып кететін болса, ЕО-ның әрі қарайғы жұмыс жоспары жоқ. 

Бұл туралы парламентте сөз алған елдің Брексит мәселелері бойынша арнайы министрі Дэвид Дэвис Брюссельмен келіссөздің тым күрделі болатынын айтты. Өз сөзінде министр Брекситтің 2019 жылға дейін созылатынын, Британияның сол жылы тек наурызда ғана одақтан толығымен шығып кететінін айтқан еді. Ал оған дейін биылғы жылдың сәуір айынан бастап 2019-дың наурызына дейін Еуроодақ осы мәселені жан-жақты талқылайтын болады.

Атап айтар болсақ, биыл сәуір мен мамыр айларында басталатын келіссөздерден кейін 2017 жылдың күзінде Британия парламенті арнайы антиинтеграциялық заң қабылдап, 2018 жылдың қазан айында келіссөздер аяқталады деп күтілуде. Ал одан кейін Еуропарламент пен Еуропа кеңесі осы мәселені қарап, дауысқа салмақ.

Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.09.2017

Абаев Қазақстан мен АҚШ президенттерінің телефонмен сөйлесуіне пікір білдірді

21.09.2017

Дәурен Абаев: ИЫҰ саммитінің мәртебесі ЕҚЫҰ саммитінен кем түспейді

21.09.2017

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор - министр Абаев

21.09.2017

Ұлттық ұланның халықаралық турнирі басталды

21.09.2017

ОҚО-да ЭКСПО-2017 көрмесіне атсалысқан ерікті жастар марапатталды

21.09.2017

Астанада EXPO-2017 көрмесінің 16 «жасыл» жобасы іске асырылмақ

21.09.2017

«Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумында 26  меморандумға қол қойылды

21.09.2017

Келер жылы мектеп бағдарламасына қоғам және дінтану сабағы енгізілуі мүмкін

21.09.2017

Қазақстанда қалайы өндіруге салық мөлшері азайтылмақ

21.09.2017

Біртанов МӘМС бойынша жиын өткізді

21.09.2017

Чемпиондар лигасының 2019 жылғы финалы Мадридте өтетін болды

21.09.2017

Жас журналистерге арналған жоба іске қосылды

21.09.2017

Студенттерге елордадағы хостелдерден жеңілдік ұсынылды

21.09.2017

«Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасына іріктеу басталды

21.09.2017

ЭКСПО-2017 Маңғыстау облысына қуатты серпін берді - Е.Тоғжанов

21.09.2017

Отбасылық еңбек өтілі 100 жылдан асқан ұстаздар марапатталды

21.09.2017

Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен партиялық тыңдау өтті

21.09.2017

Мемхатшы әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін талқылады

21.09.2017

Астана әуежайындағы автотұрақ бағасы арзандайды

21.09.2017

Сағынтаев экономика мәселелері жөніндегі Сараптама кеңесінің кезекті отырысын өткізді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Сапасыз білім сан соқтырады

Спортшылардың «спорттық ғұ­мы­ры» қамшының сабындай қыс­қа. Жұрттың бәрі Головкиндей отыз­дың жуан ортасында жай оғындай жар­қылдап жүрмейді. Жасы келіп, күш-қуаты кемігенде боксшы қолғабын, фут­­болшы бутсысын шегеге іледі. Иә,­­ талай жылғы серігімен қош ай­­­тыс­қан ардагер спортшының қай-­қайсысы болса да «Әрі қарай не­ істеймін?» деген тағдыршешті сұрақ­қа түбі бір маңдай тірейді. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Өрелі өрен іздеймін

Халқымыз  «Ұлың өссе ұлық­ты­мен, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол» деп бекер айтпаған. Өйткені, жа­ңа көктеп келе жатқан жас шыбық қа­тарына қарап бой түзейді, бір-бі­рінің ойын байытады немесе кері әсерімен қисық, қыңыр болып өсуіне де әсерін тигізеді. Қанатты сөз осындайларды көріп ой түйгеннен туса керек.

Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»

Такси мен «тәбет»

Астанадағы автобустардың қыз­мет көрсету сапасы жайлы мақала шық­қан­нан кейін («Қоғамдық көлік және жолаушы мәдениеті», «Егемен Қазақ­стан», 7 қыркүйек, 2017 жыл) бірнеше оқырман хабарласып, «Так­сист болып бір-екі күн жұмыс істеп көріңізші, біраз мәселеге қанығар едіңіз» деп ой тастады. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, Сарапшы

Қазақстанның миссиясы айқын

Еліміздің сыртқы әлемдегі абы­рой-атағы мен халықаралық бе­делі жүзеге асырылып жатқан ірі­ бас­тамалар мен кең ауқымды іс-шаралардан көрініс тауып, өзі­нің тиісті бағасын алып отыр. 

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы

Рухани айналымға түспеген фильмдер

Кино туралы сөз қозғалса, жұрттың назары әсіресе тарихи-биографиялық, комедиялық фильмдерге көбірек ауатыны белгілі. Қоғамдық пікір негізінен осы екеуінің айналасында өрбіп жатады. Қазіргі біздің жағдайы­мыз да дәл осындай. Оның себебі түсі­нік­ті ғой.  

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу