​Есімі елі үшін байрақ болған

XVIII-XX ғасырлар аралығы қазақ халқын жойқын сындармен қарсы алды, екі ғасырға жуық уақытқа созылған қалмақ-жоңғар соғыстарынан аман өтсе, алда одан да қауіпті әрі қитұрқы ресейлік отарлау саясаты күтіп тұрған еді. Осындай сын кезеңдер жауынгер тұлғаларды ғана емес, батырлығы, билігі үзілмеген тұтас бір әулеттерді де дүниеге әкелді. Биыл туғанына 230 жыл толғалы отырған Дәуіт Асауұлы да қазақ даласындағы осындай батырлығы мен билігі үзілмеген атақты әулеттердің бірінен тараған болатын.
Егемен Қазақстан
19.04.2017 2170

Дәуіт батыр Үстірт өңірінде дүниеге келген. Шыққан тегіне тоқталсақ, Кіші жүздің Шөмішті Табын руының Қарақойлы-Лабақ бөлігінен, оның ішінде қазаққа танымал болған Барақ әулетінен тарайды. Барақ батырдың не­ме­ресі болып келеді. Атақты Ба­рақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) да өз заманының қаһарманы, ер­жү­рек қолбасшысы болған еді. Ол Сырым Датұлымен бірге 1783-1797 жылдар аралығында кө­теріліс басшыларының бірі бол­ған. Сырымның жақын қарулас жол­дасы болғандығы туралы көп­теген мұрағат құжаттарында ай­тылады. 

Дәуіттің әкесі Асау да – Кі­ші жүз бен Хорезм өңіріне аты шыққан атақты батыр әрі би болған еді. Ол 1822-1835 жылдары Жоламан бастаған кө­те­ріліс көсемдерінің бірі, осы азат­тық күресін Жоламанмен бір­ге басқарды. Асау Барақұлы (1763-1843) – өз кезеңінің белгілі тарихи тұлғасы, ол да көр­ші­лес Хиуамен тығыз қарым-қа­ты­нас жасаған. Әкелі-балалы ба­тыр­лардың есімдері ел арасында «Асау-Барақ» атымен белгілі. Би­лігі үш атаға жалғасқан Барақ-Асау-Дәуіт батырлар қазақтың ба­тыс өңірлері мен Хорезмге атақ­тары кеңінен тараған әулет болып табылады. Алыс Үстірт, Хиуа аралықтарын мекен етсе де, үшеуі де Ресей ықпалына қарсы күрестерге белсене қатысты, олардың ту ұстаған көсемдеріне айналды.

Мұрағат деректерінде ағайынды батырлар Асау мен Қитар Барақұлдарының, олар­дың ұлдары Қадырқұл мен Дәуіт, Шыңдауыл Қитарұлы бас­та­ған сарбаздардың іс-әре­кет­те­рі біршама кездеседі. Олар Жа­ңа Елек шебінің Вет­лянский, Су­хореченский, Буран­ный т.б. фор­посттары мен елді ме­кен­де­ріне шабуылдарға қа­тыс­қан. 1822 жылы 5 желтоқсанда Орынбор Шекара комиссиясы гу­бернатордың жарлығымен ең ал­дымен ұсталуы тиіс шепке ша­буыл жасап жүрген «басты қарақ­шы­лар» ішінде Жоламанның өзін, Адай Сүйінқара, Кете Дер­бі­сәлі, Табын Құттыбас, Жаналы, Түркебай батырлардың арасында Асау мен Қитар батырларды да көрсеткен (Орынбор обл. мемл. мұрағаты, 6-қор, 10-т., 2781-іс, 153-парақ). 1823 жылы маусымда Жоламан бастаған көтерілісті жазалауға полковник Берг бастаған 2382 адамдық ірі әскери жасақ шығарылады. Оның полковник Милорадович басқаратын 408 адамдық бір тобын Шыңғырлау өзенінің бойында Жоламан бастаған 1 мың сарбаз қоршап алады. Деректерге қарағанда, осы шабуылға басқа сардарлармен бірге Қитар Барақ­ұлы бастаған 200 Шөмішті Табын сарбазы қатысқан. Олардың арасында Дәуіттің де болғаны талас туғызбайды. Бір атап өтерлігі, полковник Милорадович басқарған тептәр казактары сарбаздардың шабуылына төтеп бере алмай Елек бойына кері қайтады. Қазақ әскері Милорадович отрядының жан-жағынан от қойып жүргізбей қойған, шабуыл жасап 24 адамын тұтқындаған.

ХІХ ғасырдың 40-50-жылдары Дәуіт бірқатар әлеуметтік-саяси оқиғаларға қатысып, ол басқа да Табын билерімен бірге Ресей мен Хиуа арасында белгілі бір саясат ұстанған. 1848 жылы өздеріне зекет жинауға келген хиуалықтарға орыс тарапына салық төлеп отырғандарын айтса, 1852 жылы патша салық жинаушыларына да толық түтін санын бермеген. Жалпы, Ресей үкі­меті Дәуіт ауылдарынан 1850 ж. – 331 үйден, 1851 ж. – 556 (бір деректе 100) үйден, 1852 ж. – 539 үйден, 1853 ж. – 40 және 1854 ж. 93 үйден түтін салығын жинаған. Шөмішті қауымдары ежелден Үстірт, Сам-Матай, Доңызтау өңірлерінде, Хиуа иелігінде – Әмудария өзенінің қос жағалауында, Арал теңізінің ба­тысында, Қоңырат, Көне Үр­ге­ніш жерлеріне қыстайтын. Жаз жай­лауға солтүстік өңірлерге – Жем, Сағыз, Темір өзендерінің бой­ларына, кей аталықтары Ұлы Қобда, Елек бойларына дей­ін келетін. Кей жылдары олар Үс­тірт, Хорезм өңірлерінен алыс­қа ұзамаған, түтін санының аз көр­се­тілген кездері осыған байла­нысты. Орыс шептерінен алыс орналасуы себепті оларға Ресей ықпалы аса таралған жоқ.

Дәуіт Асауұлының Ресей патшалығының отарлық саясатына қарсы күресі, әсіресе ХІХ ғасырдың 50-жылдарының ортасында айқын көрінеді. 1855 жылы ол Кіші жүздің атақты батыры Есет Көтібарұлымен бі­рігіп әрекеттер жасайды. Сол жыл­дың мамыр айында Орын­бор әкімшілігі Дәуіт ауылдары­нан түтін салығын жинауға Бай­ма­ғамбетұлы сұлтан бастаған би­лерді жіберген болатын. Темір өзе­нінің бойындағы жайлауда отырған Дәуіт патша адамдарын еш жауапсыз 15 күн ұстап, салық төлемейді. Өздеріне қарсы орыс жасағының шыққанын естіген кезде ол салық жинаушылардың қолына ұзын саны 150 ешкі мен ұсақ қозы-лақтарды жинап беріп, осыларды түтін салығы ретінде қабылдауға мәжбүр етеді. Оның патша адамдарына лақ айдатып жіберген әрекеті бүкіл елге тарайды. Дегенмен, бұл мал қабылданып, ақшаға айырбасталып, одан түскен 100 рубль күміс ақша Орынбор Шекара комиссиясына тапсырылған (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4479-іс, 107-108 пп.).

1855 жылы шілде айының басында Дәуіт батыр Шөмішті Табын, Адай және Таз руларынан құралған 1 мың сарбазбен патша өкіметіне қарсы ашық әрекеттерге көшеді. Ол кезде Орынбор өлкесінің қазақтары Ба­тыс, Орта және Шығыс бөліктер деп аталатын үш бөлікке бөлініп, олар­ды өлке әкімшілігі бекітетін аға сұлтандар басқаратын. Алдын ала өзара келісім бойынша, Дәуіт батыр Батыс бөліктің аға сұлтаны Мұхамедқали Тәукеұлының ордасына, ал Есет батыр Орта бөліктің аға сұлтаны Арыстан Жантөриннің ордасына бір мезетте шабуыл жасауды жоспарлай­ды. Алайда, Мұхамедқали сұлтан бұл жоспар туралы дер кезінде естіп, қам жасап үлгереді. Ол өз адамдарымен Қалдығайты өзенінің бойында Қаратөбе деген жерде тоқтап Жайық казак әскерін тосады, олар келген соң 2 мың адаммен Есет бастаған көтерілісшілерге қарай бет алады. Оның ордасын шабу жоспары жүзеге аспаған Дәуіт те шұғыл түрде өз сарбаздарымен Есет жасағын ескертуге әрі көмектесуге сол бағытқа жылжиды (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 5144-іс, 22-п., 4478-іс, 6-7 пп.). Есет батыр 8 шілде күні Есенбай өзенінің бойындағы Жаңғызағаш деген жерде Арыстан Жантөриннің ордасын шауып, сұлтанның өзімен қоса 10-нан астам адамды өлтірген болатын. Бір атап өтерлігі, Есеттің осы шабуылына Дәуіттің жақын інілері ағайынды Бозай, Аманжол Шыңбайұлдары тікелей қатысқан. Есеттің шабуылынан соң Шөмішті Табын, Адай және Шекті руларының 100 адамнан тұратын үлкен елшілігі Хиуа ханына барып, өздерінің орыс патшалығымен соғысып жүргендерін айтып, Ресейге қарсы көмек сұраған.

1855 жылы қазан айында аға сұлтан М.Тәукеұлы, әскери старшина Серов бастаған казак әскері Дәуіт батырдың ауылына басып кіріп, қақтығыста оның бір ұлы Ербөлекті өлтіреді. Дәуіттің өзі ауылда болмаған. Әскерлер батырдың әйелі Қалыны, ұлы Бекназарды, қызы Тәтішті және жасы 80-ге келген жақын туысы Майдос Айтқазыұлын тұтқындайды. Көптеген малын ай­дап әкетеді. Орынбор әкім­ші­л­ігі Дәуіт Асауұлына егер айыбын мойындап өзі келмесе, ұлы мен ту­ысының өлім жазасына ке­сілетінін, әйелі мен қызының мәң­гі қамауда қалатындығын жеткізеді. Тұтқындар алдымен Орынбор түрмесінде ұсталса, кей­іннен Оралға жіберіледі. Әске­ри сот Бекназар Дәуітұлын шпицрутенмен 500 адам арасынан 6 рет өткізіп дүрелеуге, содан соң ка­торгалық жұмыстарға 15 жылға, Майдос ақсақалды жасына байла­нысты жазасыз Сібірге қо­ныс­та­нуға үкім шығарады. Кейіннен Бекназардың жазасын жеңілдетіп, 200 адамның арасы­нан үш рет өткізіп дүрелеп, 5 жыл­ға каторгаға жіберу шешіледі. Бі­рақ бұл жазалар орындалмаған.

Орынбор генерал-губернаторы, қазақ даласы мен Хи­уа­ны отар­лау әрекеттерімен көз­ге түскен В.Перовскийдің өзі Шекара Ко­миссиясына 5 қара­ш­а­да жолдаған ұсынысында: «...хо­тя и можно было бы захваченных в ауле Даута киргизов предать военному суду по полевому уго­ловному уложению, но при этом по мнению Комиссии, нельзя не принять во внимание и того (түпнұсқада асты сызылған), что Ордынцы те по родству своему с Даутом неизбежно должны были действовать под его влиянием. Почему Комиссия и полагает, не отступая от строгой справедливости, воспользоваться настоящим случаем для обращения Даута Асауова, скрывшегося в глубине степи, к покорности Правительству, объявив ему, что если он не исполнит требова­ния, которые будут предложены ему начальством, не явиться с повинною и обязательством за себя и родичей кочевать впредь спо­койно, тогда должен считать уже одного себя причиною тому, – что сын и родственник его понесут позорную смертную казнь, а жена и дочь будут сосланы на всегдашнее заточение...», – деп көрсетеді (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4478-іс, 287-288 пп.). Осы мақсатта Оралда ұсталып отырған тұтқындарды Орынборға қайта алдырып, оларға өз аттарынан Дәуітке хат жаздыру көзделеді. Орынборда Бекназар мен Майдос түрме қамалында қатаң күзетте ұсталса, ал әйел адамдар жеке пәтерде полиция бақылауында болады.

Өз жақындары жат қолына түссе де, Дәуіт Асауұлы патша адам­дары алдына бірден ба­ра қоймаған. 1856 жылдың 4 қаң­тарында Орынбор Шекара ко­миссиясының төрағасы Гри­горьев Дәуітке арнайы бір­не­ше беттік қатынас жолдайды. Онда батыр қатты айыпталады. Құжаттың мәтінінен оның мысын басу, қорқыту анық аңғарылады. Мұнда Дәуіттің бұрынғы іс-әре­кеттері де жіпке тізілген, үзін­ді келтірсек: «Оренбургское Пограничное начальство давно уже слышало, что ты идешь по дурной дороге... За вероломство свое лишился ты скота, жена твоя Калу, дочь Татышь, сын Бикназар и родственник Майдус находятся в наших руках. Вот плоды твоего безумного поведения! ...Сделав, спасешь и жену свою, и детей, и родственников... не хочешь – считай одного себя причиною если не увидишь более Калу, Татыши, Бикназара и Майдуса, которые судятся военным судом и при дальнейшем упорстве твоем понесут неизбежное наказание. Не оправдывайся, еще раз повторяю, в своих последних поступках, не присылай ко мне обещаний на бумаге, не оттягивай явки своей с повинною киргизскими изворотами, а прямо исполни то, что советую тебе, и каяться после не будешь...» (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4479-іс, 224-227 пп.). Осы қатынаста Комисссия төрағасы Дәуіттің салық жинаушыларға 150 көтерем ешкі мен лақтарды оларды өліммен қорқытып алғы­з­ғанын да бетіне басқан.

Осындай қаһарлы хабарға қарамастан Дәуіт Орынборға баруға асыға қоймаған. Жақын адамдары тұтқынға түскеннен кейін арада жеті айдай уақыттан соң, 1856 жылы мамыр айында аға сұлтан Тәукеұлы шеп бойындағы Табын билерінің бірі Құлбай Омарұлы мен Шөмішті тармағының белгілі биі Алдаш Байғанаұлын Дәуітті өз ордасына әкелуді міндеттейді. Алдаш би де алдыңғы күзде аға сұлтан орда­сына бара жатқан же­рінен Серов жасағының қо­лына түсіп, Орынборда біраз уақыт кепіл­дікте ұсталған болатын. Осы­дан соң жақындары қамауда жат­қан Дәуітке өкімет тарапына бар­у­дан басқа амалы қалмайды. Ма­мыр ортасында ол Шөмішті Табынның бір топ билерімен бірге аға сұлтанның ордасына келеді. Қабылдаудан соң Тәукеұлы оларды бірден Орын­борға аттандырады. Дәуіт бастаған билер аталған шаһарға 14 маусым күні келеді.

Орынборда Дәуіт Асауұлы билерімен бірге Ресей тарапына адалдыққа ант қабылдауға мәжбүр болады. Ант 6 шілде күні қабылданған. Генерал-губернатор Перовский Дәуіттің өз ер­кімен келгенін, оның даладағы беделін және оның өкі­мет­ке мой­ын­сұнуының алыс­та­ғы Шөміш­ті Та­бын қауымдарын үкімет билігіне бағындыруда қаншалықты пай­да­­лы бо­латындығын ескеріп, оған ке­шірім береді. Бұл туралы өлке бас­шысы Шекара Комиссиясына 1856 жылғы 2 шілдедегі ұсы­ны­сын­да хабарлаған: «1. При­нимая во внимание исключительное нис­колько еще неустроенное по­ложение Юго-Западной час­ти Зауральской степи, доброволь­ную явку с повинною Даута Асауова, влияние его между одно­род­цами и пользу какую покор­ность его может принести к упрочению русской власти над Чумичли Табынцами, я нахожу возможным, согласно с предстательством Погра­ничной Комиссии, предать прежние поступки этого ордынца забвению и прекратить всякое преследование его и сообщников его за участие в прошлогодном бунте Исета Кутебарова. 2. Но такое прощение Дауту и прибывшим с ним биям даруется с непременным условием чтобы впердь вели они себя как следует верноподанным Его Императорского Величества...» (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 2792-іс, 10-п.). Губернатор осы ұсынысында Дәуіт Асауұлын Шөміш­ті Табын руының ірі Қарақойлы тармағының бас биі, ал Алдаш би Асан тармағының бас биі етіп бекітеді. Анттан соң Дәу­іттің отбасы мүшелері Шекара Комиссиясының қаты­су­­ымен түр­меден босатылып, бі­р­ден қайтарылады.

Ресей жағына берген антына қарамастан Дәуіт Асауұлы ел басына туған сын кезеңдерде өзінің азаттық күресі жолынан айнымайды. 1869 жылы Батыс Қазақстанда болған көтеріліс кезінде 82 жас­тағы Дәуіт қолына тағы да қару алып Үстірт, Хиуа өңірлеріндегі көтеріліс көсем­де­рінің біріне айналады. Бұл кө­теріліс далалық облыс­тарды бас­қа­ру туралы Уақытша Ережеге қар­сы тұтанған еді. Ереже бойын­ша қазақ даласы облыстар мен уез­дерге, болыстарға бөлініп, бұрынғы аға сұлтандардың орнына орыс шенеуніктері қойылуы тиіс бо­латын. Бүкіл қазақ жерлері мем­лекеттің меншігі саналып, ол қа­зақтарға пайдалануға ғана бе­рі­летін болып шешілген еді.

Қарт батырдың осы күреске қатысуының өзі көтерілісшілерге үлкен рух берген. Зерттеуші Сербариновтің жазуынша, оның есі­мінің өзі олар үшін бай­­рақ есе­бінде болған. Бұл кө­те­рі­ліс­ке Дәуіттің інілері Бозай Шың­бай­ұлы, Жәнібек Барақұлы, ұлдары Алданазар, Бекназар, Дәрібай және басқа да көптеген жақын туыстары қатысқан.

1869 жылдың басында орыс шебіне жақын Қобда бойында отырған Жылқышы Табын руының билері Мұңайтпас пен Тұрым оңтүстіктегі Шөмішті Табын және Шекті руларына жаушылар арқылы хат жіберіп, Ереже туралы айтып, күреске қосылуға шақырған болатын. Қаңтар айының басында Дәуіттің інісі Жәнібек Барақұлы, Алдаш Байғанаұлы және Шекті-Қабақ руынан белгілі би Әзберген Мұңайтпасұлы мен Есеттің ұлы Назар бастаған адамдар Хиуа ха­нына келіп қазақтардың патша өкіметіне қарсы шыққандарын ай­тып көмекке әскер сұрайды. Хан елшілерді жақсы қарсы алып, наурыз айына қарай өз­бе­к­терден, түрікмендер мен қарақалпақтардан тұратын 6 мың адамдық әскер жасақтайды. Бас­тапқыда бұл әскерге көптеген қа­зақ руларынан Дәуіт пен Жәнібек бастаған 200 Шөмішті Та­бын сарбазы ғана қосылады.

1869 жылдың күзіне қарай Елек-Қобда, Орал, Атырау өңір­лерінен, Жем, Сағыз, Ойыл бойларынан Уақытша Ережені қабылдамаған 8 мыңға жуық шаңырақ Хиуа иелігіне жақын көшіп келеді. Олардың арасынан 150 адамдық үлкен қауым Хиуа ханымен кездесіп, өздеріне көшіп-қонатын жерлер беруді, үш жылға дейін зекеттен босатуды сұрайды. Хан бұл елшілікті де жылы қарсы алып, хандық тарапынан жерлер беруге ықылас танытады. Осы елшілік құрамында Дәуіттің үлкен ұлы Алданазар, басқа көтеріліс көсемдері Қаналы Арыстанұлы сұлтан, Әзберген би, Беркін Оспанұлы т.б. көптеген беделді адамдар болған.

Дәуіт батыр күресті басынан бастап қолдаған еді. Орынбор әкімшілігі қарт биді де өз тарап­та­рына қаратуға тырысқан. 1869 жылдың тамыз айында жаңа­дан құрылған Елек (Ақтөбе) уезінің бастығы Плотников Дәуіт Асау­ұлына Қодар есімді биден арнайы хат беріп жібереді. Онда жаңа ереженің маңызы тү­сіндіріліп, қарт биге уәделер берілгені күмән туғызбайды. Би өз тара­пынан уезд бастығына жауап хат жолдайды.

Жазалау шаралары кезінде Шөмішті ауылдары біраз қыр­ғынға ұшырайды. Дәуіт Асау­ұлы елінің бүлініп, ба­рымтаға, шапқыншылыққа ұры­нуын мүл­дем қаламаған. Ол өз қауым­дары арасында тыныштық орна­ту­ға ұмтылған. Бұл оның хатынан айқын көрінеді. Елек уезінің бас­тығы Плотниковқа жолдаған хатында ол өзара барымталар мен талас-тартыстар салдарынан ел ішінен береке кеткенін, тыныштық іздеген ауылдардың Жемге қарай кетіп, онда орыс әскерінің шабуылына тап болып, көп адамдарының қаза болғанын жазған. Қарт бидің жазуына қарағанда, кейбір ауылдар емін-еркін көшіп-қону еркіндігі жоқтығына күйініп, бұрынғыдай жайлауға Жем бойына барған. Бөкенбай өзенінің жоғары жағында олармен кездескен орыс әскері ештеңенің ақ-қарасын айырмай оларды тас-талқан еткен, көп адамдар өліп, малдарынан айрылған.

Осылайша, даланың ең түс­тігінде орналасқан Дәуіт Асауұлы бастаған ауыл-аймақ­тар басқа да ауылдармен қатар Жаңа Ережені қабылдауға мәж­бүр болған. 1869 жылы қыр­күйек айында ережені ал­ғаш бо­лып қабылдаған 656 ша­ңы­­рақтан тұратын бір болыс жасақталса, 1870 жылға қа­рай Хиуа өңірінен бас­қа да ауыл­дар­дың келуіне бай­ланысты екін­ші болыс жасақталған. Кей­іннен үшінші болыс құрылған. Жазалаудан қашқан, жа­ңа тәртіпті қабылдамаған бір­қатар шаңырақтардың Хиуа ие­ліктерінде қалып қойғаны талас­сыз. Дәуіт батырдың өзі кө­те­рілістен соң бірнеше жылдан кейін, 1874 жылы қайтыс болған.

Дәуіт Асауұлы өз заманының қаһарман тұлғаларының бірі ретінде тұтас бір тарихи дәуірді басынан өткізді. Оның өмірі отар­лыққа қарсы күреске де, шап­қыншылыққа да, ел ішіндегі қым-қуыт оқиғаларға да толы болды. Осылардың бәрінде Дәуіт батыр өзінің биік дәрежесін көрсете алды. Шын мәнінде, оның есімі ел ішінде бағыт көрсетер байраққа айналды. Дәуіт Асауұлы қазіргі Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан аумағында, Қоңырат ауданына қарасты «Хо­резм қақпасы» деп аталатын жерде жерленген.

Нұржан ЖЕТПІСБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.07.2017

Астана орманында жеміс-жидек теру науқаны басталды

23.07.2017

Елордаға әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго келді

23.07.2017

«Бес құрлық» кинофестиваліне мектеп оқушылары қазылық етеді

23.07.2017

Астанада Николас Кейдж тал отырғызды

23.07.2017

Астана әкімі «Сарыарқа» ауданының аумағында бірқатар жобалардың іске асырылуын тексерді

23.07.2017

Астанадағы автовокзалда жолаушыларға үш тілде қызмет көрсетелетін болды

23.07.2017

Елордада қант бекітілген бағамен сатылады

23.07.2017

Елордада бірнеше үй ауызсусыз қалды

23.07.2017

ЭКСПО-2017. Аргентинаның ұлттық күні өтіп жатыр

23.07.2017

Қазақстандық палуан Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды

23.07.2017

Оралда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

23.07.2017

«Жібек жолы» раллиінде қазақстандық экипаж мәре сызығын бірінші болып кесті

23.07.2017

Инвестициялар және даму министрлігі ЭКСПО-2017 үздік жобаларын таңдайды

23.07.2017

Алматы қаласында кезекті түнгі велошеру өтті

23.07.2017

Қостанайдағы әскери бөлімшеде сарбаздар ант берді

23.07.2017

Бүгін еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады

22.07.2017

Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (фото)

22.07.2017

Мемлекет басшысы «Еуразия» кинофестиваліне өз құттықтауын жолдады

22.07.2017

Астанада қағаз жинайтын арнайы қоқыс жәшіктері орнатылады

22.07.2017

Түркиядағы ҚР Елшілігі Бодрумдағы қазақстандықтармен байланыс орнатты

КОЛУМНИСТЕР

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Жасанды интеллект

Жасанды интеллектіні қол­дай­тын­дар да, қолдамайтындар да көп. Соң­­ғы кездері осы тақырыпқа бай­ла­­нысты кітаптар мен түрлі ма­те­риалдарды оқи жүріп, жасанды ин­теллектіні қолдамайтындар қа­та­рын тағы бір адамға көбейткен си­яқ­тымын.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қазақ осы!

Қадағаңның – атақты ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Қазақ осы!» деген атпен кең таралған, тамаша мақамды әнмен шалқыта шырқалатын өлеңін білмейтін адам кемде-кем болар, сірә. Шетелдік мейманға қазақты таныстыру ретімен жазылған өлеңнің айтары астарлы, мағынасы қатпарлы. Осындай форма арқылы кеңестің әр сөзден пәле іздеген қырағы көздерін адастырып кеткен ақын шын мәнінде қазақ деген халықтың жан дүниесін, бекзат болмысын жарқыратып ашып, көзіқарақты жұртқа ұлттың керемет қасиеттерін тамыршыдай тап басып таныта білген.

Әйіп ЫСҚАҚ, биология ғылымдарының докторы, профессор

Ғылым және жалған атаққұмарлық

Ғылымды көбіне қоғамды материал­дық жағынан қамтамасыз ететін, ілгері­лететін, алға жетелейтін ғылыми-тех­ника­лық прогрестің алғышарты ретінде қарастырып, ал рухани кемел­де­ну тетігі ретіндегі рөлін бағалай бермейтініміз бар. Ғалым тұлғасы қашанда ерекше құрметке ие екенін елеп-ескерудің орнына жалған атаққа ұмтылушылықтың тамырына балта шаба алмай келе жатқанымыз сондықтан болу керек. Адамзат тарихына үңілетін болсақ, өркениеттің шарықтап дамуы ғылымға қалтқысыз еңбек еткен ұлы тұлғалар есімдерімен тығыз байланысты. 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қырғызстан: сайлау «дүбірі» мен «күбірі»

Көршіміз Қырғызстанда кезекті пре­зиденттік сайлауға кандидат ре­тінде тіркелуге ниеттенген үміт­кер­лердің құжаттарын қабылдау бас­талғанына бір айдан асты. Кан­ди­даттардың сайлаушылармен кез­де­сіп, үгіт-насихат жұмыстары 10 қыр­күйек пен 14 қазан аралығында жүр­гізіледі. Ал президенттік сайлау 15 қазанда өтеді.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Бизнес және біздің іс

Жақында бір фирмаға жиһаз жасау жөнінде тапсырыс бердім. Обалы не керек, тапсырысымды сөз айтпастан қабылдап, ақшамды да қағып алды. Сөйтті де, күтіңіз, үш күннен кейін дайын болады деді. Риза болып мен кеттім. Арада үш күн өткенде телефоным шыр ете қалды. Баяғы өзім тапсырыс берген фир­ма екен. «Кешіріңіз, жұмыс көбейіп кет­кендіктен сіздің тапсырысыңызды уа­қытында орындай алмайтын болып отырмыз. 

Пікірлер(0)

Пікір қосу