​Еуропада ойнағым келеді – Абзал Бейсебеков

Қазақстан ұлттық құрамасының және "Астана" командасының қорғаушысы Абзал Бейсебековпен сұхбат.

12.04.2017 19126

– Абзал, әңгімемізді өзіңіз ойнап жүрген «Астана» клубынан бастасақ. Жаңа маусым. Команда соңғы үш жылда чемпиондық атақты ешкімге бермей келеді. Еуропа аренасына да шығып жүр. Биыл алдарыңызға қандай мақсат қойдыңыздар? 

– Өткен жыл біз үшін өте табысты маусым болды деп айта аламын. Ел чемпионы атандық, кубокқа да қол жеткіздік, Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түстік. Бұл маусымды өткен жылғыдан да сәтті аяқтаймыз деп үміттенемін. Еуропа аренасына тағы да шығуды көздеп отырмыз. Егер мақсатымызға жетіп жатсақ, топтық кезеңмен шектеліп қалмай, плей-оффқа шығып, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді.

– Биыл командадан Таңат Нөсербаев, Агим Ибраими, Рохер Каньяс, Джордже Деспотович, Асхат Тағыберген сяқты білікті ойыншылар кетті. Қай футболшының командада жоқтығы білінеді? Жаңа келген футболшылар олардың орнын баса алып жатыр ма?

– Шыны керек, алғашында командадан кеткен футболшылардың орны ойсырап тұрды. Мәселен, Таңат бапкерімізден кейін жігер беретін капитан еді. Рохер орталық тұстағы міндетін жоғары деңгейде атқаратын. Әрқайсысы өз позициясының мықтысы болатын. Олар кеткеннен кейін біраз міндет бізге жүктелді. Каньястың позициясына бекітілген кездерім де болды.

Ал қатарымызға жаңадан қосылған жігіттер жаттығу кезінде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Жаңа ортаға келе салып бірден сіңісіп кету қиын ғой. Маусым енді басталды. Алдағы ойындарда олардың үлкен көмегі тиеді деп сенемін.

– Бір сөзіңізде шабуыл шебінде ойнағым келеді деген едіңіз. Бұл ойыңызды Станимир Стойловқа білдіріп көрдіңіз бе? Мүмкін, «Астанаға» нағыз қажет шабуылшы өзіңіз шығарсыз?

– Бала күнімнен шабуылшы болуды армандайтынмын. Осыған дейін бірнеше позицияда ойнап көрдім. Бірақ уақыт өте келе қорғаушы ретінде жақсы қырымнан көріне бастаған сияқтымын. Бапкерлерім де соны байқаған болуы керек. Оның үстіне «Астанада» шабуыл шебіне жауапты жігіттер жетерлік. Мен мұнда қорғанысқа қажетпін. Сондықтан, бапкеріме бұл туралы айтқан жоқпын.

– Бірер ай бұрын Неманья Максимовичтің «Валенсияға» ауысатыны белгілі болды. Командадағы аса мықты ойыншының Испанияға кететіні ұжымға қалай әсер етті?

– Максимовичтің дәл осындай үлкен клубқа кетіп бара жатқанына қуанып та, қызығып та тұрмын. Екінші жағынан қимаймын да. Қазақстаннан әлемнің алпауыт командаларына ауысу оңай емес. Бірақ Неманья бізге Еуропаның ТОП клубтарында ойнау мүмкін екенін көрсетті. Ерекше бір талпыныс берді. Ұжымда әрбір жігіт Еуропаның үлкен чемпионаттарына ауысуды армандайтыны анық. Әріптесіме жаңа командасында сәттілік, үлкен жетістіктер тілеймін.

– Жақында Қазақстан Ұлттық құрамасына жаңа бапкер тағайындалды. Бірақ оның қол астында өткізген екі ойында да құрамамыз есе жіберді. Құраманың нәтижесі қашан жақсарады деп ойлайсыз?

– Әлемнің үздіктері жиналған додаларға қатысуды, солармен тең дәрежеде ойнауды бәріміз армандап келеміз. Алаңда бапкеріміздің нұсқауларын толықтай орындаймыз. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатқандай болады. Гол да соғамыз, тіпті алғаш есеп ашамыз. Қауіпті шабуылдарды тоқтата білеміз. Көбіне сәттілік жетіспей жатыр. Алдағы уақытта қателіктермен көп жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

– Армениямен ойынды мысалға алайықшы. Сергей Малыйдың 64-минутта алаңнан қуылуы жеңіліске себеп болды деп ойлайсыз ба?

– Өздеріңіз көргендей, бұл матчтың алғашқы таймында жөнді ойнай алмасақ та, келесі бөлікте жиі шабуылдарға шықтық. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды. Бірақ бізге жетіспегені тағы да сол сәттілік. Ал жеңіліске тек Малыйды кінәлау дұрыс деп ойламаймын. Бұл нәтижеге бүкіл команда жауапты. Өзге жігіттер өз мүмкіндіктерін жөнді пайдаланғанда жағдай басқа бағытта өрбитін бе еді?

– Кей легионерлер еліміздің стадиондарын сынап, жасанды алаңдар сапасының төмендігі туралы айтады. Осыған қатысты қандай пікір білдіресіз?

– Жасанды алаңда ойнаудың қиындығын түсінемін. Бірақ қазіргі ауа райын ескерсек, бізге синтетикалық алаң тиімдірек деп ойлаймын. Артық шығынды, күтіп-баптауды талап етпейді. Дегенмен, кейбір жасанды алаңдар бар, сапасы өте төмен. Ол жерде жарақат алып қалу қаупі де жоғары. Ал табиғи газонның орны мүлдем бөлек. Меніңше, қазақ футболының өсіп-өркендеуі, әлемдік ареналарға шығуы үшін алаңдар неғұрлым сапалы әрі табиғи болуы керек.

– Жақында Гранаткин турнирінде Еркебұлан Сейдахмет есімді жас ойыншымыз көзге түсті. Ресейдің ғана емес Испанияның да мамандары қазір оны жіті бақылап отыр. Еркебұланға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Гранаткин турнирінде Еркебұлан «үздік шабуылшы» атанғанын білемін. Мұндай таланттарды скауттар бірден назарда ұстайтыны белгілі. «Зенит» командасымен бірге Италияда «Viareggio Cup» турниріне қатысқанын естідім. Бір ойында төрт бірдей гол соғыпты. Елімізден осындай дарынды ойыншылардың шығып жатқанына қуанамын. Бұл қазақ футболының дамып жатқанының айқын белгісі.

Енді Еркебұлан осы жетістігіне марқайып қалмай, тынбай жаттығуы қажет. Басқа нәрсені ысырып тастап, тек футболды ойлағаны жөн. Ол әлі жас. Үлкен алаңдағы өмірі енді басталды. Тәжірибе жинауы қажет. Ересектер футболына сіңіп кету қиындау. Егер тынбай дайындалар болса, болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Қазақты әлемге танытатын футболшылардың бірі болады деп сенім артамын. Осыны тек Еркебұланға емес футболға қадам басқан інілерімнің бәріне айтқым келеді.

– Абзал, өмірдегі басты арманыңыз қандай?

– Әуелі, биылғы басты жоспарымды айтайын. Жаңа маусымды ойдағыдай аяқтап, ұлттық құрама сапында, «Астанамен» бірге Еуропа турнирлерінде сәтті ойнап, көзге түскім келеді. Ал негізгі арманым – әлемнің алпауыт ұжымдарының бірінде ойнау. Англия, Испания немесе Ресей чемпионатында ойнағым келеді. Әлі жаспын, мүмкіндігім де көп. Осы мақсатыма жету үшін тырысып жүрмін. Қалғанын уақыт көрсете жатар.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»

КОЛУМНИСТЕР

Гүлзейнеп Сәдірқызы,

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»

Ұлттарды ұйыстырудың ұтымды үлгісі

1995 жылғы 1 наурызда Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Президент жанынан басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестік негізінде этностар мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық іс-қимыл жүргізу, біртұтас саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып белгіленген жаңа консультативті-кеңесші орган құрылды.

Айбын ШАҒАЛАҚ, "Егемен Қазақстан"

​Елбасы һәм елдік жобалар

Ғасырға бергісіз осы 25 жылдың ішінде біз санамыздағы «сарысулардан» арылып, еңсемізді тіктедік, елдігіміздің іргесін бекіттік. Отарлық саясат құрдымға жібергісі келген ұлттық құндылықтарымызбен қау­ыштық. Дініміз бен діліміз қайта жаң­ғырды. Тағдыр жазуымен түрлі кезеңдерде киелі Қазақ жеріне келіп тұрақтаған ұлыстардың ынтымақ-бір­лігі нығайып, біртұтас халық ретінде қалыптасуға бет алды. Оның бүгінгі айқын көрінісі – Елбасының Мәңгілік Ел идеясының Қазақстан қоғамы тарапынан дұрыс қабылдануы және осы мұрат жолында ұйыса бастауы.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

​Тарих кені – туған жер

«Қазағымның көп тарихы Көк­шеде, қаланып тұр Оқжетпестей текшеге»... Осыдан біраз жылдар бұ­рынғы бір өлеңімізде осылай деп­піз. Шын мәнінде де Көкшетау халқымыздың кенен тарихы қат­пар­ланған қасиетті жерлерінің қа­тарынан ойып тұрып орын алатынына сөз бар ма?

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

​Ұлтты танып болдық па?

Өткен 25 жылдың ішінде дамыған елдердің үлгісінде технологиялық трансфертті жүзеге асырдық. Алыс-жақын мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынастарды реттедік. Осы үдерістерді қорытындылаған ғылыми орталықтар Қазақстанда экономиканы нарыққа көшіру үрдісі аяқталды деп отыр. Яғни, ендігі кезекте әлеуметтік-рухани, адами-шығармашылық мұрат­тарды сол экономика арқылы баянды етуді шұғыл қолға алу керек.

Пікірлер(0)

Пікір қосу