Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерс (24-0, 12КО) дәл осы салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF белбеулерінің иесі қазақстандық Геннадий Головкинге (37-0, 33 КО) қарсы өтуі мүмкін жекпе-жегі жайлы ой бөлісті.
«Келіссөздер жөнінде біраз ақпарат оқыдым. Мен ешнәрсеге қарсы емеспін. Бұл айқаста мәселе ақшада емес. Бұл кештен табатын табысымның соңғы тиынына дейін қалдырмай әкеме беремін. Өзім ақшаға зәру емеспін. Мен тек шаршы алаңға шығып, өз күшімді дәлелдегім келеді. Әлемнің мен туралы қате пікірде екенін көрсеткім келеді.
Мен Головкиннің Джейкобспен жекпе-жегін кейінірек көрдім. Қазақстандық боксшыны жеңе алатыныма сенімдімін. Ол әлі мен сияқты мықты боксшымен жұдырықтаспағанына сенімдімін. Оған қалай төтеп беру керек екенін жақсы білемін. Оның қимыл-қозғалысына қарап қандай әдіс қолданатыныңызды жылдам ойлауыңыз керек», – деп жазады espn.com.
Сонымен қатар, ол Геннадийдің кездесу жөніндегі келісімшартты тезірек ұсынуы керектігін де айтты. Себебі, қажетті деңгейіне жету үшін әрі арықтауы үшін уақыт керек.
«Мен өткен жылы тек бір-ақ рет жекпе-жек өткіздім. Ал қазір міне, сәуір айы да болып қалды. Бәріне дайын болуым керек. Қазір шамамен төрт килограмм артық салмағым бар. Біраз уақытымды жаттығуға арнауым қажет. Егер Геннадий менімен қолғап түйістіргісі келсе, уақыт жоғалтпай тезірек келісімшартын ұсынсын», – деді Билли Джо Сондерс.
Айта кетейік, қазақстандық боксшының келесі қарсыласы дәл осы Билли Джо Сондерс болатыны хабарланған. Ал олардың бокс кеші Қазақстанда өтуі мүмкін.
Пікірлер(0)
Пікір қосу