02 Наурыз, 2011

Ел сенімі – ең қымбатың

550 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Біздің алдымызда Президентті таңдау мен сайлау туралы аса жауапты міндет тұр. Осы бір жауапты кезеңде бүкіл Қазақстан халқы еліміздің гүлденуі мен көркеюіне, Отаны­мыз­дың әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңесуіне қызмет жасайтын көреген тұлғаға дауыс беріп, таңдау жасайды деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылдық айтулы мерекесіне күшті президенттік басқару жүйесінің арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерімен терезесін тең ұстап, экономикада, саясат пен мәде­ниет­­те, спортта, әлеуметтік саланың барлық ба­­ғытында орасан зор табыстарға қол жеткізді. Бұл шындық. Оны дүниежүзілік деңгей­дегі әлем саясаткерлері мен сарапшылары жаһан­дық басқосуларда мойындап, оң баға­сын берді. Тәуелсіздік жетістіктерін көздің қарашығын­дай қорғап, сақтап, молайта беру – ұлтымыз­дың ұлы мұраты.  Ел басқару –  биік өнер, қиын да күрделі міндет. Ол өнерді меңгеріп, халықтың қажетіне жарау – бақыт. Осы өнерді меңгеріп, бақытқа жету – азап­тың азабы. Оған елім деген ерлер ғана қол жеткізеді. Кез келген мемлекет басшысы ел бас­қару­­дың қыры мен сырын терең меңгер­ген саң­лақ саясаткер болуы тиіс. Ол бұл жұмыстың адам жанын азапқа салаты­нын, түн ұйқыңды төртке бөлетін беймаза күндер кешетінін білуі керек. Бірақ, осы­нау қиындықтан қай­мық­­пай, халық­тың тілегін қабыл алып, елі­нің, халқының асыл мұраттарын алға жетелеу үшін тайсалмай қиын да жауапты міндетті атқаруға тәуе­кел ететін адам ғана президенттікке лайық. Елбасымыз тәуелсіздіктің жиырма жы­­лын­да дүниенің төрт құбыласын түгел арала­д­ы. Миллиондаған шақырым жол жүрді. Жол азабын тартты, ұйқысыз түн­дерді, күлкісіз күндерді басынан өткізді. Бәріне төзді, көнді. Осы жерде дауылпаз ақын Махам­беттің: «Еңку-еңку жер шалмай, Түн қатып жүріп, түс қашпай, Ерлердің ісі бітер ме», деген өлең жолдарын еріксіз есіңе аласың. Әлем назарын аударып, айтулы оқиғаға айналған, елдегі еңсерілген істерге көңіл бөлсек: мемлекетіміздің мерейін үстем еткен, кеше ғана төрағалық жасаған Еуропа­дағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйы­мының Астана Саммитінде қабылданған деклара­ция­сы тарихқа алтын әріппен жа­зылып, әлем елдерінің игілігіне қызмет жа­сайтын болды. Сондай-ақ, әлем елдері дінбасы­лары­ның Астанада өткен бірнеше құрылтайы да дүние­жүзілік маңызға ие болып, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың алтын діңге­гі­не айналды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел есін енді жи­най бастаған тұста, Семей полигонын жауып, ядролық қару-жарақтан бас тарту жө­нін­де қабылданған тарихи шешім бүкіл адамзаттың қолдауына ие болды. Көшбасшымыз 1994 жылы Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универси­теті­­нің оқытушылары мен студенттері ал­дында сөй­леген сөзінде Еуразиялық интеграция идея­сын айтқан болса, онысы бү­гінде ЕурАзЭҚ (Еура­зиялық экономи­калық қауымдастық) шең­бе­рін­­д­е Кедендік одақ­тың құрылып, біртұтас эко­но­микалық кеңіс­тіктің қалыптасуымен жүзеге асы­рылуда. Мұның нәтижесін халық сезініп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қа­лаушы ретінде де еліміздің атқарған шаруа­сы ұшан-теңіз. Турасын айтсақ, Отанымыз алып мем­ле­­кет­тердің алдын орап, саяси-эконо­ми­ка­лық мәселелерді ынтымақ пен түсіністік жағдайында шешудің сара жолын салып бер­­ді. Ал ұлы Абылай ханның саяси сараб­дал­дығын жүрегі­мен түйсінген басшымыз Ресей мен Қытай­дың Қазақстан мемлекеті үшін қаншалықты ма­ңызды орын алаты­нын ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келеді. Биылғы жыл – Қазақстан үшін айтулы жыл. Осы жылы біздің еліміз Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Бұл да әлемдік маңызы бар саяси оқиға бол­мақ. Бұл істің маңыздылығы сонда, жа­һан­дану кезеңінде бас көтере бастаған діндер ара­сын­дағы қақтығысты бәсеңдетіп, ұлттардың ұғысуын қамтамасыз етуге ықпал етпек. Түбі бір түркі тілдес елдердің ынты­мақ­тастық ұйымын құрып, оған төрағалық ету де бірлік пен ынтымақтастықтың, өр­кен­­деу­дің жаңа өрісін іздеген жарқын көрі­ніс болды. Ел басқарудың қыры-сырын терең мең­гер­ген, біліміне біліктілігі сай, жараты­лы­сы­нан алғыр, зерек, еңбектің отшашқан тай­қа­занында құрыштай шынығып өскен, дара да­рын­дылығымен жасынан саясат­тың салмақ­ты ойынында үнемі үздіксіз жеңіске жетіп, болашақты болжай білетін, табиғи көреген көсемдігімен саңлақ саясаткер екендігін сан рет дәлелдеген тұлғаға алдағы сайлауда  ел ықыласы ерекше болатыны тағы даусыз. Әр жылғы дәстүрлі Жолдауды халық асы­ға күтеді, қуана қарсы алады. Биылғы «Бо­­ла­шақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдау, дәуір міндеттерін межелеген жасампаз құжат 2030 стратегиялық бағдарла­ма­сынан бастау алғаны анық. Бұл Жолдауда мақсат етілген сан-салалы бағыттардағы эко­номи­ка­лық, саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шаралар­дың барлығы елдің әл-ауқатын жақ­сартып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жоға­ры деңгей­ге көтеретіні көрініс тапқан. Қазақстанға алда да демократиялық үр­діс­терді дамыта отырып, әлеуметтік әділет­тілікті сақтап, саясат сахнасында халықтың сені­міне ие болып, азаматтық қоғамның абы­ройын кө­теруде өнегелі істерге өріс беретін көшбасшы керек. Қазақстан бүгінде ұлт­тар достығының ұясына айналып отыр­са, келешекте де осы үдеріс жалғастырылуы тиіс. Елі­міз бүгінгідей тұ­тас­тығымыз бен бірлігі­міздің арқасында осын­дай биік белестерді бағындырып отырғаны күмәнсіз. Республика елордасы бұл күнде әлем та­ны­ған әсем қала ғана емес, дүние жүзінің ке­мең­герлері келіп кеңес құратын, кемел сая­сат­қа кең жол ашқан ақылдың ақ орда­сына ай­нал­ды. Бүкіл әлем көз тіккен Азиада жа­лауы желбіреген тұста да Қазақстанның, оның ішінде бас шаһары­мыздың да  абыройы асқақ­тады. Халқымызда ежелден келе жатқан «Қа­сым­ханның қасқа жолы», «Есімхан­ның ескі жолы» деген терең мағыналы ұғым бар. Осы ұғым  бүгін де жақсы жалғасын тауып отыр. Бұлай дейтін себебіміз – бұл елінің егемендігін сақтаған, халқын бақытқа бастаған жасампаздық жолы. Бұл – біздің жол. Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.