Қазақстан • 30 Сәуір, 2011

Депутат не айтқысы келді екен?

2788 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Онда әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның іске асырылуы жайлы Ұлттық баяндаманың жобасы қаралды. 

Қазақстан Республикасы 1998 жылы Әйелдерге қатысты кемсіту­дің барлық нысандарын жою ту­ра­лы конвенцияны ратификациялаға­ны белгілі. Міне, осы конвен­ция­ның 18-бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер әрбір төрт жыл сайын оның орындалуы туралы БҰҰ-ға мер­зімді баяндамалар ұсынып оты­рады десек, БҰҰ Әйелдерге қатыс­ты кемсітуді жою жөніндегі коми­те­ті­нің 2007 жылғы 37-сессия­сын­дағы қорытынды ескертулеріне сәй­кес конвенцияны іске асыру жөнін­дегі біріккен үшінші және төртінші мерзімді баяндама 2011 жылы ұсы­нылуға тиіс болатын.

Соған орай, министрліктер мен ведомстволар, Ас­тана, Алматы қалалары мен об­лыс әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі комиссиялар ұсынған талдау материалдар негізінде дайындалған бұл жобаға үкі­мет­тік емес және халықаралық ұйым­дар да атсалысқанын айта кеткен жөн. Әрине, талқылау барысында бұл жобаны әлі де ширата түсу қа­жет­тігі баса айтылды. Сөйтіп, алдағы мамыр айында жобаны талқылауды қайта өткізуге ұйғарым жасалды.

Міне, әңгімені осы арадан үзе са­луға да болар еді. Алайда осы жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің өкілі ұлт­тық комиссия мүшелері алдында бер­ген ақпаратында әйелдерді дербес шешім қабылдау деңгейіндегі қыз­метке көтеру жайы әзірге 10 пай­ыз шамасында екенін айтқан. Осы цифрға байланысты бірқатар Ұлттық комиссия мүшелері өз ой­ла­рын ортаға салды. Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Айгүл Соловьева да өз ойын айтты. Жалпы олар­дың бұл тұрғыда көңіл толмау­шы­лық білдіретін де жөні бар. Неге де­сеңіз, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясында дербес шешім қабылдау деңгейіндегі қыз­меттердегі әйелдердің қатарын 30 пайызға жеткізу айқын көр­сетілген. Сондықтан да олардың айтқан ескертпесінің дұрыс екеніне дау жоқ. Бірақ бұл жерде біздің айтайын дегеніміз басқа мәселе. Яғни, Айгүл Соловьева да жоғарыда айтылған цифрға өз көзқарасын айтты дедік қой.

Нақтылап айтқанда, оның шешім қабылдау деңгейіндегі қыз­мет­тегі әйелдердің қатары бар болғаны 10 пайыз екеніне таңданғаны сонша, бұл тұрғыда жөнді жұмыс жүр­гізілмегенін айтуға тіпті сөз таба ал­май қалғандай. Содан да: «Это какой та казахский процент», деді ол күйінгенін жасыра алмай. Әрине, оның ортақ іске жаны ауырғаны жақсы-ау, бірақ орындалмаған іске, қырсыздыққа келгенде қазақ неге ауызға түседі? Сол ғой бізді таң­дан­дырып отырғаны. Әрине, бұны сол жиында отырған жұрттың бәрі де естіді. Тіпті қайсыбірі бір-біріне қа­рап, көрдің бе дегендей ыңғай та­нытқанын да байқап қалдық. Алайда, жобаны талқылау барысында әр­түрлі министрліктердің, ведом­ство­лар­дың өкілдері айтқан пікірге үн қо­сып, әр сөзге жармасып отыр­ғандардың бірде-бірі оған «Сіз не деп отырсыз?» демеді.

Бәлкім, депутат ханымның не айтқысы келгені бір ауыз қазақша сөйлемейтін, нақ­тылап айтқанда, сөйлегісі келмейтін сол жиындағы жұртқа түсі­нік­ті болса түсінікті шығар. Ал біз бұл сөздің мәнісін түсіне алмадық. Әйтеуір, қазақтың шекесін қыз­ды­рып тұрмағаны анық. Әрине, қазақ қыз-келіншектерінің бетіне пәренжі жауып, білім алып, жұмыс істеуіне тыйым салып отырған халық болса, онда рас-ау дейсің ғой. Мұндай үрдіс бұрын да болған емес, қазір тіпті жоқ. Яғни, бұл тұрғыдағы қа­зақтың көзқарасы өзіміз өндірше­гі­мізді созып отырған елдерден көш ілгері екенін сол кісінің білмегені ме? Жалпы, депутат А.Соловьеваны жұртшылық теледидар арқылы жиі көреді. Нендей мәселеге арналған жиын болса да оның орнынан тұ­рып, белсене пікір айтып жата­ты­ны­на куәміз.  

Алайда, бұл жолғы сө­зіне түсіне алмадық. Әрине, қа­зақты бір қағытып өтетіндер, тіліне мұрын шүйіре қарайтындар бүгінде аз ба? Бірақ басқасы басқа, әлгіндей сөздің қазақтың мүддесін қорғайтын биік мінберден сөйлеп жүрген депутаттың аузынан шығуын түсіне алмадық. Бұған оның әріптестері не дер екен?!

Майгүл СҰЛТАН,

Астана