2012 жылы «Республикалық санитарлық авиация орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Тұрақты дайындықты қамтамасыз ету және санитарлық авиацияның мобильді бригадаларын шұғыл басқару мақсатында облыс орталықтарында санитарлық авиация бөлімшелері ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта қызметтің қамту аймақтарын кеңейту, оның ішінде жаңа ұшу бағыттары мен қону алаңдарын және ұшып-қону жолдарын игеру арқылы ауылдық елді мекендерді санитарлық авиация қызметімен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Санитарлық авиация қызметі пациенттерді тасымалдау, консультация беру, ота жасау, сонымен бірге донор ағзалары мен биоматериалдарды тасымалдау бағыттары бойынша атқарылады. Орталық құрылғаннан бері санитарлық авиация қызметі 11 мыңнан астам пациентке көмек көрсетіп, 9447 ұшуды орындады. Санитарлық авиация күші арқылы көмек көрсетілген пациенттердің басым бөлігі ауыр жарақаттанғандар, оның ішінде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер, балалар және жаңа туған нәрестелер, жүкті әйелдер мен жүрек-қан тамыры патологиясына душар болған жандар. Санитарлық авиация қызметі сонымен бірге жүктілік және босанғаннан кейінгі кезеңдегі ауыр халдегі әйелдерді дер кезінде тасымалдау арқылы ана өлімі көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған. Осы мақсатта медициналық ұйымдардан тәжірибелі акушер-гинекологтар, реаниматологтар тартылады. Тәуелсіздік жылдарында ана өлімінің көрсеткіштері 84 пайызға төмендеді. Санитарлық авиация ұшуларының географиясы мемлекет аумағымен ғана шектелмейді, пациенттерді, яғни ел азаматтарын тасымалдау шет елдер аумақтарынан да жүзеге асырылады. Бүгінге дейін санитарлық авиациямен әлемнің 16 мемлекетінен 30 пациент тасымалданды. Оның ішінде Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Чехия, Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдері бар.
Пациенттерді тасымалдау процесіне жоғары мамандандырылған, кәсіпқой және әуе құтқару қызметінде үлкен тәжірибеге ие, науқас өмірін сақтап қалуға қажетті жабдықтарды пайдалану машықтарын игерген арнайы мобильді бригадалар қатысады. Мобильді бригаданың әрбір ұшуы басқа ұшуларға ұқсамайды. Мысалы, хирургиялық пациентті тасымалдау кардиологиялық пациентті тасымалдаудан, ал ауыр халдегі ересек пациентке көмек көрсету кішкентай жастағы пациентке көмек көрсетуден түбегейлі түрде ерекшеленеді. Сондықтан санитарлық авиация қызметінің штаттық медициналық мамандарынан бөлек басқа да медициналық ұйым-
дардан екі жүзден астам маман тартылады.
Қазіргі уақытта еліміздің санитарлық авиация мүддесіне 33 әуе көлігі пайдаланылады, оның ішінде 22 ұшақ, 11 тікұшақ бар. Кеңестік кезеңде жасалған ұшақтар және тікұшақтармен бірге батыстық үлгідегі авиациялық техникалармен, «Қазавиақұтқару» АҚ Eurocopter тікұшақтарымен қамылған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының қабылдануына және күшіне енуіне орай, санитарлық авиация қызметтері халыққа мемлекеттік бюджет есебінен ұсынылатын болады. Демек, еліміздің барлық азаматтарына ақысыз негізде көмек көрсетіледі.
Қолданыстағы жүйені реформалау санитарлық авиация қызметі алдына мемлекет кепілдіктерімен айқындалған медициналық қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес келуі туралы міндеттерді қойды. Алғашқы кезекте санитарлық авиация қызметінің әр бағытын іске асыру әлемдік озық тәжірибені пайдалану қағидаларына (Good practice) және көрсетілетін көмек сапасын тұрақты түрде арттыруға (Total Quality Management) негізделуі тиіс. Сондай-ақ, басқару әдістеріне, логистикалық процестерге, кадрлық және жабдықталу мәселелеріне деген көзқарас пен пациентке уақтылы және сапалы медициналық көмек ұсынуға бағытталған барлық қызмет аспектілері қайта қарауды талап етеді.
Шұғыл медициналық көмек көрсетуде жан-жақты жақсы меңгерген практикалық машықтың маңызы зор. Қазіргі кезде базалық реанимация стандарты бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетудің практикалық машықтарына (BLS) жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің 12,8 пайызы, кеңейтілген реанимация стандарты бойынша (ASLS) 12,5 пайызы оқытылды. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша санитарлық авиация және жедел медициналық жәрдем қызметі күшімен еліміздің барлық өңірлерінде халықаралық стандарттарға сәйкес қызметкерлерді шұғыл медициналық көмек көрсетудің практикалық машықтарына оқыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметті дамытудың басым бағыттарының бірі – SMART-технологияны және телемедицинаны пайдалану. Бұл шалғай өңірлердегі пациент жағдайының ағымдағы параметрлерін тез уақыт аралығында ұсынуға, сонымен бірге қашықтықтан консультация өткізуге мүмкіндік береді. Медициналық көмек көрсету процесін стандарттау сапаны және пациент қауіпсіздігін арттырудың негізі болмақ. Біз ТМД аумағында алғаш рет медициналық ұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін аккредиттеу саласында көлік медицинасының Joint Commission International (JCI) халықаралық стандартын енгізу процесін бастадық. JCI халықаралық стандартын енгізу РСАО көліктік медицина қызметінің сапасын арттыруға және осы стандарттар жүйесі бойынша аккредиттелген әлемнің 10 көліктік медицина ұйымдары қатарына енуге мүмкіндік береді. Стандарттарды енгізу процесі айтарлықтай уақыт пен ресурстар шығынын талап ететіні сөзсіз. Алайда, аккредиттеуден өту ұйым қызметкерлерінің тұрақты түрде өзін өзі жетілдіруіне, кәсіби өсуіне, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Елімізде жыл сайын екі жарым мыңнан астам азамат санитарлық авиация қызметіне мұқтаж. Сол себептен денсаулық сақтау жүйесін реформалау жағдайындағы қызметіміздің негізгі міндеті тұрғылықты орнына және сақтандыру полисінің болуына қатыссыз әрбір тұрғынды үздіксіз және сапалы көмекпен қамтамасыз ету болмақ. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жағдайында санитарлық авиация қызметі алдында тұрған міндеттер мен тапсырмаларды толық көлемде іске асыру үшін үлкен дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді.
Нұржан ОТАРБАЕВ,
«Республикалық
санитарлық авиация орталығы»
РМК директоры