20 Желтоқсан, 2016

Оқулық жазуда ­оң өзгерістер бар

788 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
okulykТәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандырдық. Осындай игі істердің қатарынан оқулық жазу саласы да қалыс қалған жоқ. Келешек ұрпақтың төл оқулығымыздан білім нәрімен сусындауын қалаған осы саланың мамандары бұл бағытта аянбай тер төкті. Оқулық – ұстаздың да, оқу­шының да ақылшысы, сондықтан оны жазуға қойылатын талаптар өз алдына ғылым. Бүгінде істің байыбына бармай мектеп оқу­лықтарына сын айту үрдіс­ке айналғандай. Олар белгілі бір нақты талдаулар мен зерттеулерге сүйенбей жасалады, кейде контекстен үзіп алынған фрагменттерге үстірт, пән бағдарламасын білместен, субъективті баға бері­ліп, ақ-қарасы анықталмаған негізсіз пікірлер ақпарат құрал­дарында да жариялануда. Әлбетте, сын түзелмей, мін түзелмейді. Алайда, кейде оқу­лық шығаруда мүддесі ортақ жандардың жасаған қыруар еңбегі бір-ақ сәтте жоққа шыға­рылып жататыны өкінішті. Білім нәрінің көзі болып табылатын аталмыш құралдардың ұстаз бен оқу­шы­ның алдына жетпес бұрын қан­шалықты күрделі кезеңдерді өт­керетінін жұрттың барлығы біле бермейді. Кез келген сала даму кезе­ңінде ізденіс пен іркіліс жолдарынан өтеді. Сол сияқты қазақ елі де өзінің оқу-ағарту саласын дамыту барысында талай ке­зеңдерді артқа тастады. Мәсе­лен, мектеп пен оқулық тарихына көз жүгіртсек, қазақ балала­ры­на арналған еуропалық-ресей­лік үлгідегі тұңғыш бастауыш мектеп негізі 1841 жылы қа­ланса, тұңғыш оқулық 1879 жылы жарыққа шықты. Бұл кирил­лицаға негізделіп жазылған Ыбы­рай Алтынсаринның «Қазақ хрестоматиясы» еді. Екі ғасыр тоғы­сында қазақ даласында ағар­тушылық идеялар өріс алып, оқуға ұмтылыс арта түскенмен, ұлт мектептерінің дамуы өте баяу болды. ХХ ғасырдың ал­ғашқы 10-15 жылынан бастап оқулық жазу едәуір жандана түсті. Батыс Еуропаның қайта өрлеу дәуірін еске түсіретін қазақ топырағындағы ояну кезеңінің ең көрнекті кемел тұлғасы Ахмет Байтұрсынов болды. Терең де ауқымды ойлайтын көреген кісі Абай «шөлдеген» төте оқуға жол салып, орыстандыруға бастайтын орыс графикасын емес, «дінмен бірге келген жазуды», яғни ділімізге жақын жазуды реформалады. Оның емлесін – дұрыс жазу ережелерін жасады. Сөйтіп, жаңаша оқып, жазуға кең жол ашқан араб алфавиті негізіндегі төл жазуымызбен «Оқу құ­ралы» 1912 жылы дүниеге кел­ген болатын. Бүкілресейлік атқару коми­тетінің 1919 жылғы сәуір­дің 4-індегі қаулысымен алаш­шыл­дарға «кешірім» жасалып, Кеңес жұмысына қатысуға рұқсат етіл­геннен кейін, байырғы қазақ оқығандары оқу-ағарту мен ғылым, мәдениет пен әдебиет ісіне қайта оралды. Олар ен­дігі елдікті сақтаудың жолын мек­теппен байланыстырды. А.Бай­тұрсынов, М.Шоқаев, Ж.Ай­мауытов, М.Жұмабаев, Ә.Ермеков, Ж.Күдериннің қазақ тілі мен әдебиеттану, психология мен педагогика, өсімдіктану мен тіршіліктану, математика пәндерінің сындарлы оқулығы әрі алғашқы зерттеулер болып табылатын еңбектері осы кезеңде жарық көрді. М.Дулатов, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Т.Рұсқұловтардың тарих сала­сындағы зерттеулері де сол шамада жазылды. Бұлар сол кезде жұмыс істей бастаған бірді-екілі халық ағарту институттары (Алматы мен Ташкентте), мұға­лімдер даярлау курстары мен педучилищелерде оқу құралы ретінде пайдаланылды. 1925 жылы А. Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды ес­кере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліппені ұсынды. Саяси себеп­тердің салдарынан бұл әліппе 20-жылдардың аяғына дейін ғана қолданыста болды. 1926 жылы қабылданған еңбек мектебінің жарғысы бойынша Қазақстандағы білім беру жүйесі КСРО-лық ортақ жүйеге көшірілді. 1934 жылы қабыл­данған оқу әдебиеттерін бірегейлендіру туралы қау­лысына сәйкес, «Әліппе» алғаш­қыда латын әліпбиімен, кейіннен кирилл әліпбиімен қайта жарық көреді. Ғасыр басынан бергі 40 жыл ішінде тәжірибелі де білімді, көрнекті қазақ оқы­ғандары жазған оқулықтар мен оқу құралдары «зиянды дүниелер» ретінде кезек-кезегімен жинап алынып немесе жойылып жіберіліп отырды. Сөйтіп, қазақ оқулықтарын жасаудың жарты ғасырға жуық тәжірибесі де, мазмұндық-әдіс­темелік сабақтастығы да еленбей қала берді. Соның салдарынан қазақ тілінде оқулық түзу­дің біртұтас әдістемелік-ди­дактикалық ұстанымдары көп­ке дейін жасалмады, әр автор оқулықты өз білгенінше жазды. Кеңес Одағы аумағында негізгі пәндер бойынша оқулық­тың бір ғана нұсқасын қолдану мін­детті болды. Қазақстандық баспалардың алғашқысы болып 1947 жылы 20 мамырда құрылған «Мектеп» баспасы «Просвещение» баспасынан шыққан оқулықтарды қазақ тіліне аударып басумен қатар, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қа­зақ­стан тарихы» және «Гео­графия» пәндерінен төл оқулық­тарымызды жазумен айналысты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап «Мектеп» («Рауан») баспасының алдына жаңа буын төл оқулықтарымызды басып шығару міндеті қойылды. Алғашқы уақытта әуелден бар оқулықтардағы ескірген идео­логиялық көзқарастар алынып тасталып, бүгінгі идеология­мыз тұрғысынан түзетіліп өң­делді. Оқулықтардың толық­ты­рылған нұсқалары алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс және басқа да тілдерге аударылып басылды. Сонымен қатар, жаңа пәндер бойынша бірнеше оқулық жазылып, басылып шықты. Тәуелсіздік алған соң араға бес жыл салып, бiлiм тұжырымдамаларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-әдiстемелiк құралдар және тексеру тапсырмаларының жүйе­сiн жасау мақсатында жаңа бағдарлама қабылданды. Осының нәтижесінде 1997 жылы қазақстандық жаңа буын оқулықтарын шығару қолға алынды. Егемен, ешкімге жал­тақтамайтын еркін ұландарды тәр­биелеуді көздеген жаңа мем­ле­кеттік бағдарлама аясында республикамыздың 77 мектебі оқулықтарды сынақтан өткізуге қатысты. «Келісіп пішкен тон, келте болмас» демекші, осылайша білім академиясының, сондай-ақ, авторлардың, академия зертханаларының, сы­нақтан өткізген мектептер мен баспалардың жұмыстарын жақ­сарту мақсатында мұғалім-әдіс­керлердің, авторлардың, рецензенттердің, оқулық редак­торларының сын-пікірлерін топтастырып, қорытындылайтын Мониторинг орталығы құрылып, бірігіп маңызды шешімдер шығарылып отырғанын атап өтпеске болмайды. Бас­паға оқу­лықтардың толық диагнос­тикалық картасын ұсы­нып, сол бойынша оқулықтар өңделіп, толықтырылып отырды. Білім академиясының және баспа қызметкерлерінің қатысуымен сарапшы мен автор арасындағы даулы мәселелер талқыланып, бірізділікке келтірілді. Осы­ның барлығы жаңа буын оқулық­тарының сапасын жақсартуға өз үлесін қосты. 2005 жылы ғылыми және педаго­гикалық сараптама өткізу­дің нормативтік-құқықтық акті­лерін жасау, тәуелсіз сарап­шылардың білікті базасын құру және оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендерді мемлекеттік сараптамадан өткізу сапасын жетілдіру мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практи­калық орталығы құрылды. Оқулық шығару ісінде жаңа ізденіске еркіндік берілген сәт 2000 жылдармен тұспа-тұс келді, себебі, осы кезде бір пәннен бірнеше нұсқада, балама оқулық шығару мүмкіндігі берілді. Білім саласында сапасы жақсы, тиімді деп тапқан оқулықтарды таңдау мүмкіндігі берілді. Нарықтағы монополия жойылды. Қазіргі кезде мектептердің Білім және ғылым министрлігі ұсынған оқулықтардың ішінен біреуін таңдап алу құқығы бар. Бұл баспалар арасындағы бәсекелестікті дамытып, оқулық сапасын арт­тыруға мүмкіндік туғызды. Бала­ма оқулықтарды шығарумен айналысып жүрген баспалардың саны бүгінде 25-ке жетіп отыр. Бүгінгі күн – білім беру маз­мұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Бұл жөнінде Елбасымыз «Біз қазір «білім-ғылым-инно­вация» атты үштік үстемдік құра­тын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», деген еді. Қазақстанның әлем­дік үрдістерге кірісуі, әлемдік саясат сахнасында өзінің бас­ты рөлін алуы үшін білім беру жүйесін озық деңгейге жеткізуі аса қажет. Демек, еліміздің білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар еркіндікке еті үйренген, болашаққа жасар қадамы нық, өзіне сенімді, дарынды ұрпақ қалып­тастыруға бағытталған. Себебі, жаңа ақпараттық заман оқушыларға берілетін білімнің мазмұны мен сапасына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл, әрине, оқу құралдарын әзірлеу ісінде де жаңа көзқарасты қажет етеді. Сондықтан, жалпы білім беретін орта мектептердің 1-сыныптарына арналған жаңартылған мазмұндағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешені түзіліп, 2015-2016 оқу жылында 30 қа­натқақты мектепте сынақтан өтті. 2016-2017 оқу жылынан бастап бұл оқулықтар қолда­нысқа енгізіліп, 2-сынып оқулық­тары сынақтан өтуде. Бұл оқулық­тарды әзірлеуде педагогика, психология және оқулықтану ғылымындағы соңғы жетістіктер негізге алынды. Шындығына келер болсақ, бұрынғы оқулық­тар оқушылардың шығар­машылығын дамытуға, өзіндік ойлануына және ізденіс жасауына мүмкіндік туғыза бермеді. Онда көлемді теориялық материалдар көп беріліп, монологтік сипатқа ие болды да, көбіне қара­пайым ақпарат көзі қызметін атқарды. Бүгінгі талаптарға сай баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып, тәжірибе жүзінде қолданып үйренуге дағ­дыландыру үшін бұл жеткіліксіз. Қазір жасалып жатқан жаңа форматтағы оқулықтар білім алушының ынтасын арттыру және дамыту функцияларының күшеюімен, мәтіннен тыс ақпарат­тың кеңеюімен ерекше­ленеді. Оқулықтың ішіндегі тапсырмалар ақпаратты өз бетінше іздеуге, түрлендіруге және қолдануға үйретеді. Оқу материалары сұхбат­тастық, интерактивтілікке негізде­лген. Электронды, мультиме­диялық қосымшалармен толықты­рыл­ған. Әлбетте, «сырт көз – сыншы» демекші, оқулықтарды жасаушы ғана емес, пайдаланушы тараптың да, жалпы қоғамымыздың тарапынан айтылатын сын-ескертпелері де маңызды. Сол себептен, 2015 жылдан бастап сараптама үрдісінің сапасын арттыру мақсатында «Қоғамдық бағалау порталы» іске қосылды, сыртқы сарапшылардың жұмыс сапасына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленді. Оқу басылымдарына авторлық құқық баспалардан Білім және ғылым министрлігіне берілді. Жоғарыда айтылған мәлімет­терден көріп отырғанымыздай, еліміздегі оқулықтардың шығу тарихы сан-түрлі кезеңдерді өткеріп, заман ағымына қарай талай қиындықтар мен өзгерістерді басынан кешіруде, ал төл оқу әдебиеттерін шығару саласының қалыптасу кезеңі ұзақ емес. Кейбір елдердің оқулық жазу­дағы дәстүрі мен тәжірибесі ғасырлап саналады. Айта кетер болсақ, осы күні Ресей елінің білім ордаларында негізгі оқулық ретінде пайдаланылып жүрген Н.Я.Виленкиннің 5-сыныпқа арналған «Математика» оқулығы 1968 жылы сынама оқулық ретінде жарық көріп, 2013 жылы 31-ші рет қайта басылған. Ал егемендік алғаннан бері жарық көре бастаған төл оқулық­тарымыз небәрі төртінші рет қайта басылып отыр. Әрине, бұл істің қыр-сырын біле бермейтін жандар аталмыш тақырып тізгінін ұстағанда, «баспа ісі бизнеске айналуда» деп бағалар, бірақ бір ғасырдан астам уақыт тәуелділік қамытын асынып, өзгенің мәж­бүрлі түрде жүргізген идеологиясынан босаған соң, небәрі 25 жылда қазақ елі болашақ ұрпағын тек озық үлгілерге еліктіре отырып тәрбиелеу мақсатында батыл қадамдарға барып, өздігі­мен тәжірибе жинақтауға, оқу-ағар­­тудың өзіндік үлгісін қалып­­тастыруға құқылы деп есептей­міз. Тәуелсіздік алғаннан бері білім саласында жасалып жат­қан күллі реформа, оқулық жасау­да бас­тан өткерген тәжі­рибе мен алдағы ізденісіміз – кешегі Ахмет Байтұрсынов аталар­ымыз мұрын­дық болған баста­малар­дың бүгінгі заманға сай көрінісі. Бейбіткүл КӘРІМОВА, «Оқулық» РҒПО директоры