2016 жылдың қорытындысы қандай?
Кеңейтілген алқа отырысында өткен жылдың жұмысын қорытындылаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік газеттердің жұмысына тоқталды. «Баспа басылымдарын дамыту жұмыстары шеңберінде 2016 жылы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің редизайны жасалды. Қазіргі күні бұл газеттер толықтай түрлі-түсті форматта жарық көруде. Басылымдардың бет-бейнесі заманға сай өзгертіліп, сонымен қатар, сайттары да жаңғыртудан өткізілді», – деді Д.Абаев.
Баяндама барысында министр былтыр мемлекеттік телеарналардың жаңартылғанын да атап өтті. «Kazakh TV» және «Білім және мәдениет» арналары «Kazakh TV» ортақ брендімен біріктірілді. «24.kz» телеарнасының ребрендингі жүргізілді. Оның тұжырымдамасы мен хабарландыру желісі қайта қаралды. «Каzsport» телеарнасы хабарландыруды НD форматында бастады. «Қазақстан» РТРК өңірлік желісінің жұмысы күшейтілді – контентті толтыру процесі орталықтандырылды, хабарландырудың жаңа форматтары енгізілді», – деді министр.
Сонымен қатар, ол өңірлік телестудияларды техникалық жаңарту жоспарланғанын айтты. Осы мәселелерді көтерген министр жалпы отандық телеарналарға халықтың не себепті көңілі толмайтынына да тоқталды. «Біз жүргізген социологиялық сауалдамаларға сәйкес, жарнаманың тым көп болуы, өңірлік контенттің жоқтығы, Қазақстан туралы танымдық телебағдарламалардың жетіспеушілігі және қазақстандық телеарналарда кәсіби журналистер деңгейінің төмендігі халық наразылығын туғызатыны анықталды. Біздің телеарналарға осы жайында ойланып, қажетті іс-шаралар жүргізу қажет», – деді Д.Абаев.
Қауіпті 110 мың материал жойылды
2016 жылы 150 мыңнан астам ақпараттық материалға қатысты 500 ескерту хаты жолданған. Нәтижесінде, меншік иелері терроризм мен діни экстремизм, зорлық-зомбылық пен суицид идеяларын насихаттау белгілері бар құқыққа қайшы 110 мыңнан астам материал жойылған. Министрдің айтуынша, мұнан бөлек, 31 мыңнан астам ақпараттық материалға қатысты ұйғарым шығарылыпты. Оның 26 мыңнан астамы зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттау мазмұнында болған. Сот органдарына 164 сілтеме мен интернет ресурсқа қатысты 17 талап-арыз беріліп, сәйкесінше шешім қабылданған.
Жиында белгілі болғандай, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құқыққа қайшы контенттермен күресте шетелдік жетекші әлеуметтік желілермен және іздеу қызметтерімен тығыз ынтымақтастықты жолға қойған. «Министрлік заңнама талаптарының сақталуын қадағалау үшін ақпараттық алаңға мониторингті тұрақты негізде жүргізеді және бұл соңғы уақытта барынша өзекті бола түсті. Құқыққа қайшы контент көлемі бұрын-соңды болып көрмеген ауқымға ие болды. Бұл ретте, біздің азаматтарға, әсіресе, жасөспірімдер мен балаларға деструктивті ықпалды ескермесе болмайды. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер», – деді министр.
Толыққанды ақпарат беруден қашпау керек
Д.Абаев бүгінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ашық ақпаратты жариялау жағы ақсап тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, министрлік жүргізген мониторинг барысында орталық мемлекеттік органдардың ішінде Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ресми сайттарында толыққанды ақпарат бар екені анықталған. Ал жергілікті атқарушы органдардың ішінде Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының порталдары алда тұр. Осыған орай, министр «Ақпарат туралы» Заң күшіне енгелі бері біршама өзгерістер байқалса да, ашық ақпаратты ресми сайттарда жариялау жұмысы әлі де ақсап келетінін айтты. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар өз сайттарын ағылшын тілінде жүргізуге асықпайтындығы да сөз болды. Ал бұл өз кезегінде олардың жұмысына шетелдік сарапшылардың баға беруіне кедергі келтіреді.
Egov.kz «Үздік мобильдік үкімет қызметі» сыйлығына ұсынылды
Кеңейтілген отырыс барысында өткен айда Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі еgov.kz мобильдік қосымшасын «Үздік мобильдік үкімет қызметі» сыйлығына ұсынғаны белгілі болды. Министрдің айтуынша, бүгінде «электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы 761 электрондық қызмет жүзеге асырылуда.
Бұл еgov веб-порталының 240 электрондық қызметі, электрондық рұқсат етілім бойынша 86 қызмет түрі мен 435 электрондық шешімнің берілуі. «2016 жылы портал арқылы 41 млн қызмет түрі жүзеге асырылды. Сонымен қатар, мобильдік қосымша арқылы да жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда аталмыш форматта қызметтің 83 түрі бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясы бірыңғай қолжетімділік нүктесі арқылы қызметтің 77 пайызын ұсынып отыр. 2016 жылы Мемлекеттік корпорация 36 млн қызмет түрін ұсынды», – деді Д.Абаев.
Интернет қолданушылар саны артты
Қазіргі заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру қорытындысы бойынша 2016 жылы интернет қолданушылардың саны 72,9 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Жаһандық бәсекелестіктің индексі рейтингісінде 41-ші орынға шығарды. Ал қазір Қазақстанда 3G және 4G желілері белсенді дамып келеді. Олардың саны 14,2 млн-ға жеткен. 2017 жылдың соңына таман 4G желісімен барлық аудан орталықтарын қамту жоспарланып отыр екен.
2016 жылы республикалық бюджетке 72 млрд теңге радиожиілік саласы бойынша кіріс түскен. Министр айтып өткендей, қала мен ауыл арасындағы «цифрлық теңсіздікті» төмендету мақсатында министрлік 2020 жылға дейін 3 мың ауылды оптикалық-талшықты байланыс желісімен қамтуды жоспарлап отырған көрінеді.
2017 жылға қандай міндеттер жүктелді?
Ақпарат және коммуникациялар министрі 2017 жылы мемлекеттік баспасөз құралдарының алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды. «Ең алдымен сараптамаға, талдау материалдарына көптеп орын беру қажет. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні ақпарат өте тез таратылады. Сондықтан, сол ақпараттар мазмұны мен сараптамасына сай болуы тиіс.
Тағы бір міндет – шет елдерден фрилансерлер тарту жолдарын қарастыру қажет. Сонымен бірге, шет елдің талдаушы мамандар пулы мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалану керек», – деді Абаев. Сонымен қатар, министр телеарна мен радионы дамыту бойынша жұмыстардың бірнеше басымдықтарын атады. Бұл ретте, ол, ең алдымен, отандық сериалдардың шетелдік сериалдармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
2017 жылы коммерциялық телеарналардағы сериалдық өнім санын арттыру жоспарлануда. Сериалдар негізінде кино прокаты қызметін іске асыру үшін толықметражды киноленталар жасалатын болады. Сондай-ақ, KPI жүйесін енгізу арқылы телерадиоарналар қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсібилігін арттыру, персоналды конкурстық іріктеуді жетілдіру және кадрлар резервін қалыптастыру талап етіледі. Тағы бір басымдық ретінде министр осы жылдың мамыр айында ашылатын «Ел арна» телеарнасын атады.
«Ресурс қазақстандық көркем және деректі фильмдерді, сериалдарды көрсетеді. Жоба отандық кинематографты дамытуға, жаңадан бастаған режиссерлер мен тәуелсіз киностудияларды қолдауға, сондай-ақ халық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған», – деді министр. Бұдан бөлек, еліміздің шекара маңы аймақтарында мемлекеттік радиоарналардың жұмыс істеу сапасы және қамтылу аймағы ұлғайтылады. Сондай-ақ, телеарналарды HD форматына көшіру жұмыстары жалғастырылады. Осы жұмыстардан кейін ғана жетекші әлемдік ресурстармен шынайы бәсекеге түсетін боламыз.
Д.Абаев тағы бір басымдық ретінде биылғы жылы сандық эфирлік телетаратуды енгізу аясында 244 радиотелевизиялық станса салынып, пайдалануға берілетінін атады. Министрдің айтуынша, жылдың соңына дейін Қазақстанның бірқатар облыстарында сандық таратуға толықтай көшу жоспарлануда. Соңында министр Ақпарат комитетіне БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментімен бірлесіп, барлық шараның сапалы орындалуына бақылау жүргізуді тапсырды.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»