«Сот отырысында сотталушылардың Үндістан, Пәкістан, Бангладеш және БАӘ мемлекеттерінде орналасқан «Таблиғи Жамағат» халықаралық діни ұйымының оқу орындарынан білім алғаны анықталды. Оқуды аяқтағаннан кейін олар тыйым салынған экстремисттік ұйымның идеяларын Алматы облысында насихаттап, 2016 жылдың соңында Маңғыстау және Атырау облыстарына жолға шыққан. Сотталғандарды ұстау кезінде орыс және қырғыз тілдерінде тыйым салынған діни кітаптар тәркіленді», - деп хабарлайды Атырау қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.
Сотта сотталушылар кінәларын ішінара мойындады, оларға қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Алты азамат та отбасылы және жұмыссыз.
Сот үкімімен Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының 6 тұрғыны ҚР ҚК-нің 405 бабының 1,2 бөлігімен кінәлі деп танылды. Үкім бойынша ұйымның белсенді мүшесіне 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал ұйымның қалған қатысушыларына екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Енді орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде жазаларын өтейді.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан».
Атырау.