Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Өңірлік семинар діни радикализмнің алдын алуға арналды 

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу мәселелері Атырауда өткен өңірлік семинарда айтылды. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни қатынастар мәселесі айрықша назар аударуды қажет ететінін атады. «Адамның діндарлығы діни мәдениет қалыптастыру қарқынынан озып кету мүмкіндігін көріп отырмыз. Бұл радикалды идеологияны қабылдау бейімділігінің артуына ықпал етеді, сондықтан діндарлықтың жедел өсуі потенциалды қауіп-қатерге әкеледі», - деді министр.

Өңірлік семинар діни радикализмнің алдын алуға арналды 

Шарада аса ауыр қылмыс жасағаны үшін азаматтықтан айыру мүмкіндігін қарастыратын заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы сөз болды. «Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға уақытылы қол қойды» деген Нұрлан Ермекбаев енді террористік және басқа да аса ауыр қылмыс жасаған қазақстандықтар азаматтығынан айырылатынын айтты. Бүгінде шетелдердегі лаңкестер лагерінде Қазақстанның 500 азаматы бар. Туған жерін тастап, шетелге террористік құрылымдарға қатысуға кеткен адамдар Отанына опасыздық жасағандарға теңеледі.

Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясының XXV сессиясында және имамдармен кездесуі кезінде өзінің жүріс-тұрысымен, сыртқы келбетімен қоғамды жіктеуге тырысатын адамдарды айыптаған еді. Азаматтарды қандай да бір дінді немесе діни ағымды ұстануы бойынша бөлуге және өзінің діни көзқарастарын әдейі жарнамалауға жол бермеу туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Заң жобасында қоғамдық жерлерде адамның бет-келбетін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге заңмен тыйым салу ұсынылады. «Қыздардың беттерін тұмшалап қара көйлек киюі дәстүрімізге де, ұлтымызға да жат нәрсе. Бұл біздің сана-сезімімізге де, заманауи дамыған елдің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына да сәйкес келмейді. Бұл Таяу Шығыс елдерінің сол аймақтың ауа-райы мен тұрғындарының мәдени-тарихи әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрінен туындаған әйелдердің дәстүрлі киімі», - деп атап өтті министр.

Семинарға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісім Елбасы саясатының жемісі екеніне тоқталды. «Мемлекет басшысы әрдайым тұрақтылық мәселесін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды өз бақылауында ұстап отыр. Облысты мекендеген жүзге жуық өлт өкілдері, көптеген конфессия өкілдері бірлікпен қызмет атқарып келе жатыр. Әр аймақта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде тәжірибе ортаға салынып, пікір алмасып, өзекті мәселені бірлесіп шешуге бағытталған мұндай шаралардың маңызы зор», - деді Н.Ноғаев.

Жиында батыс өңіріндегі діни ахуал жайлы кеңінен айтылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары З. Мақсұтова, Атырау облыстық прокурорының орынбасары С. Шалабаев, Атырау облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қ. Көшқалиев, Батыс Қазақстан облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы С. Ғиззатов, Ақтөбе облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Ж. Қалмағанбет, Маңғыстау облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Е. Есбергеновтер баяндама жасады. Жұмыс сапары барысында министр Н. Ермекбаев құқық қорғау органдарының басшыларымен, аудандық және облыстық әкімдік жанындағы антитеррористік комиссия төрағаларымен, деструктивтік діни ағымды ұстанушылармен кездесті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.