10 Тамыз, 2017

Толық адам һәм бақытты отбасы

1323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамды тану сол қоғамда өмір сү­ріп жатқан адамды танудан басталмақ. Ал адамды тану үшін  әуелі оның тәрбиеленген отбасы, ошақ қасы қан­дай, соған көңіл аударамыз.

Толық адам һәм бақытты отбасы

Яғни, жақ­сы адам, өнегелі, ізгі отбасының – же­мі­сі. Адамның ағзасы миллиондаған жасушалардан құралатыны сияқты, мемлекет те миллиондаған отбасыдан тұрады. Жасушасы сау адам  тыныш-бей­біт, ауырып-сырқамай өмір сүретін бол­са, отбасылары тәлімді-тәрбиелі мем­лекет те ешқандай бүлік-тартысқа ұрын­бай, бейбіт-берекелі өмір сүреді. Он­дай елде қорқыныш-үрей аз болады.

Қоғамның да, мемлекеттің де тірегі – отбасы. Ал берекелі, өнегелі отбасын құру отағасы мен отананың қолындағы шаруа. Яғни, үйдің – ері мен әйелі. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болуы керек. Яғни, екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын, ісіне адал, күнделікті тірлігіне харам дүние қолданбайтын, көршінің хақысына ұқыпты, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмал, жәрдемшілігімен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиетке ие емес адамдар толық отбасын құра алмайды. Жартыкеш отбасын құрады, жартыкеш ұрпақ тәрбиелейді.

Жартыкеш отбасынан жартыкеш тәрбие алған бала Абай атамыз айтқандай, «не өзі адам боп жарытпайды, не ата-анаға жақсылық көрсетпейді…». Тереңдеп айтсақ: тәрбиесіз өскен бала, көршінің баласын бүлдіреді, ол екінші көршінің баласын бүлдіреді, сөйтіп бір ақымақтың кесірінен күллі ауыл-аймақ бүлінеді. Осындай жамандықтан аталарымыз қатты сақтанған. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол» деп бекер айтпаған. Осы сөздің өзі-ақ мемлекет ұстынының өзегі. Тәрбиесіз, нашар баланы көрген жұрт өз балаларына «анаған ермеңдер» деп қатаң ескерткен.

Толық тұлғалық қасиетке ие болмаған адамдардың (отбасылардың) белгісі – жаратылыс міндеттеген шынайы болмысын ешқашан білмейді. Әрқашан тек өздерін дара етіп көрсетуге құмар келеді. Сондықтан да, олардың ойлау жүйесінде, іс-әрекетінде, жүріс-тұрысында  жасанды­лық мүңкіп тұрады. Ең жаманы – өзінің әлсіздігі мен ақылсыздығының кесірінен тап болған іске басқаны кінәлауға, орынсыз өсек-шағым айтуға бейім тұрады. Басты кемшілігі – өмір толқындарын сана сүзгісінен өткізбей-ақ шикі күйінде қабылдап, оң-терісін ажыратпай жатып қолма-қол жүзеге асырып жібереді. Сыртқы әлемі үнемі басқаға тамсанумен өмірден өтеді. Күнделікті құбылмалы өтірікке алданып өмір сүреді. Баршылықты көтере алмайды, жоқшылық келсе, күйрей жеңі­леді. Өйткені, толық адам дәргейіне жете алмаған пенде өмірді шынайы көруге қабілетсіз. Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды. Жарты адамның шынайы бет-бейнесін ешқашан көре алмайсыз, себебі санасы – бүркемеленген, тұңғиық әрі тұрақсыз. Осындай отбасында дүниеге келген бала дәл осындай тәрбие алады. Атамыз қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтпаған.
Бақытты отбасын құру үшін  қайткен күнде бай болу міндетті емес. Отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Қазақтар дәл осы сабақтастыққа қатты мән берген. Ұлына текті, тәрбиелі жерден қыз алып берген. Шаңырақ тәрбиесін үзбеу үшін, сенімді, ұлағатты отбасының қызына ұлын ертерек атастырып қоятын болған. Сөйтіп, отбасылық тек-тәртіптің сақталуына айрықша мән бер­ген. Өйткені, тексіз-тәрбиесіз, көр­генсіз келін шаңырақтың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзатын болғандықтан, осы жайдан қатты сақтанған. Алда-жалда кейбір тәрбиесі осалдау жас келін табалдырық аттаса, емендей енелері сыртқа дымын білдірмей, өз өнегесін үйретіп, тәрбиелеп алып отырған.

Қазақ халқының ХХІ ғасырға де­йін аман-­есен жетуі – байырғы берік от­басылық тәрбиенің әсері. Түрік педагогы Мұстафа Ергаш өзінің бір еңбегінде: «Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажыраса, одан пайда болған газ жанып кетеді. Күлі де қалмайды. Сол сияқты, отбасы ажыраса түк те қалмайды», депті. 

Ал Абай атамыз болса, толық адам дәрежесіне жетпей толыққанды өмір сүру мүмкін еместігін алға тартады. Ол кісі өзінің отыз сегізінші қара сөзінде толық адам болудың сипаты жайлы «Құдай тағаланың ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» десе, үнді ғұламасы Жавахарлал Неру «толық тұлға басқарған отбасы – толқыны басылған теңіз сияқты» депті. Толық адам өзінің пенде екенін ешқашан ұмытпайды. Үнемі осал тұстарын толықтырумен болады. Қазақ «кемшілігін білген адам – кемел адам» деп бекер айтпаған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»