Театр • 10 Тамыз, 2017

Гаухар Ахметова-Атертон: «Біздің өміріміз жүгіріске құрылған»

494 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цирк дю Солейге қабылданған алғашқы қазақ қызымен сұхбат.

Гаухар Ахметова-Атертон: «Біздің өміріміз жүгіріске құрылған»

Елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында әйгілі Цирк дю Солей (Cirque du Soleil) труппасы Астанаға үлкен тартуымен келді. Күзге дейін 70-тен астам қойылым қоюды жоспарлаған цирктің шоу-бағдарламасы орта шеніне жетіп қалды.

Бұрын-соңды еш жерде қойылмаған қазақ халқының ерлікке толы өмірінің тұтас бір кезеңін суреттейтін «Reflekt» шоу-бағдарламасын тамашалаған жұрт қайталанбас мазмұндық бірегейлігіне таңдай қағысты. Шоу барысында көрініс тапқан сақ тайпасының жас көсемі алтын адам, семантикалық және тарихи түп-тамыры терең, маңызды типологиялық образ саналатын қанатты тұлпарлар дүбірін айнытпай қайталауда ерекше шеберлігімен көзге түскен композитор Саймон Карпентие қазақ ұлттық музыкасының элементтерін пайдалана отырып, дыбыстық көркем бейнеге негізделген ойын-сауық музыкасын ұсынды. Ал танымал хореограф Лидия Боушер театрландырылған цирк бағдарламасының ең қызықты акробатикалық нөмірлерін әзірлеген. Әуеде айналып тұрған дөңгелектің сыртын айнала зыр жүгірген акробаттар эквилибристика шоуының түр-түрін көрсетсе, башпайларымен садақ тартатын қос биші қыз ептілігімен тәнті етеді. Осынау таңғажайып цирктің ғаламатқа толы думанды концерттік қойылымдарының жүрегі – таңдаулы актерлер мен орындаушылар екені сөзсіз. Әу баста цирк құрылған жылдары Гранд Чапито шоуы аясында небәрі 73 қызметкер жұмыс істеген болса, бүгінде компания штатында әлемнің қырыққа тарта елінен жиналған 5 мыңнан астам қызметкер бар екен. Ал цирктің әр шоуына жазылатын саундтрекпен жұмыс істейтін арнайы шығармашылық топтың орны тіпті бөлек. Мысалы, танымал композитор Рене Дюперенің Alegria (1994) альбомы кезінде атақты америкалық «Грэмми» музыка сыйлығына ие болған-тұғын. Жалпы Цирк дю Солейдің музыкалық бағдарламасы таңдаулы стилімен ерекшеленетіндігі былай тұрсын, сахнадағы орындаушылар үшін таптырмайтын реплика ретінде рөлі зор. Әсіресе аяқ астынан болатын сәтсіз іс-қимылды жасырып қалу үшін музыканттар әдетте дауыс екіпіні мен қуатын күшейтіп импровизацияға ерік беріп жатады. Цирктің көркемдік тұтастығынан бөліп қарауға болмайтын тағы бір эстетикалық жетістігі – костюм дизайны. Цирктің талай шоуына костюм тікккен Доминик Лемьенің еңбегін жұрт аңыз қылып айтысады. Бір шоудың костюмдерін тігу үшін шамамен 300-дей тігінші мен 80-нен астам дизайнер жұмылдырылады. Атақты Varekai шоуына керек костюмдерді тігуге 33 мың сағат кеткен болса, 2015 жылы цирк қажетіне 50 мың метр мата жұмсалыпты. Ал жылына цирк шеберханасы 3 мың пар аяқ киім шығарады екен.

Отыз жылдан астам уақытта мұқым Канада елінің ауқымды мәдени экспортына айналып шыға келген Цирк дю Солей компаниясының құрылу тарихы тым қарапайым. 1984 жылы Квебек қаласының іргесіндегі Бэ-Сен-Поль шағын қалашығында атақты зерттеуші Жак Картьенің 450 жылдық мерейтойында көше әртістерінен құралған 20 адам жиылып өнер көрсетеді. Осы бір ат төбеліндей ғана өнерпаздар тобы «Cirque du Soleil» деп аталып, аз уақытта әлемге сапар шегеді деген ой тойшыл қауымның үш ұйықтаса түсіне кірмегені анық. Әлемдегі 40 миллионнан астам адам кем дегенде цирктің бір қойылымын тамашалаған болса, жыл сайынғы билет сатылымынан 450 миллион АҚШ долларынан көп табыс түседі.

Цирк қатарына қабылданған алғашқы қазақ қызы Гаухар Ахметова-Атертон 10 жылдан бері цирктің маңдайалды шоуларында өнер көрсетіп келеді. Гаухар бізге цирк жайында, АҚШ-тағы өмірі турасында әңгімелеп берді.

Алматыда туып-өскен оны анасы төрт жасында жетелеп әкеліп, спорттық акробатика мектебіне беріпті. «Осыдан бастап жан-тәніммен  спортпен айналыса бастадым. Акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының атынан көптеген халықаралық жарыстарға қатысып жүрдім. Шетелдегі әдепкі бір жарыста Цирк дю Солейдің кастингке шақырып жатқанын естідім. Бұл циркте жұмыс істеу әу бастан менің арманым болатын. Цирк басшылығы қолымнан не келетінін сұрады. Әртүрлі акробаттық тюрктар мен би қимылы, актерлық шеберлік бойынша бірнеше талаптарды орындап, видео түсіріп жібердім. Барлығы сәтті болып, 17 жасымда циркке қабылдандым», дейді Гаухар.

Осыдан соң Гаухар цирктің бас штабы орналасқан Квебек провинциясындағы ең үлкен қаланың бірі Монреальға табан тіреді. Осы жерде музыкалық негіз, актерлық шеберлік бойынша үлкен мектептен тәлім алған өрімдей қызды жаңа өмір жатсынбастан бауырына тартты. Қатарынан бірнеше жыл бойы қойылған Varekai (2006-2010), Iris (2010-2012) сынды әйгілі шоуларда өнер көрсеткен Гаухар кәсіби акробат ретінде шыңдала түсті.

– Осында жүріп жан жарымды жолықтырдым. Камали есімді қызымыз бен Кейсен атты ұлымыз өмірге келді. Оскар сыйлығының 74-ші реткі салтанатты ашылуы кезінде цирк ұжымы қатарында күйеуім екеуіміз өнер көрсеттік. Цирк маған өте көп мүмкіндіктер сыйлады, – дейді акробат. Оның айтуынша, Цирк дю Солейдің әртісі болудың еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, талантты тынымсыз жаттығу мен еңбекпен ұштастыра білу керек. Дәл қазіргі уақытта Гаухар бала тәрбиесіне байланысты уақытша демалыста жүрсе де, спорттан бір жола қол үзіп қалған жоқ.

– Спорт – менің өмірім. Аяғымның ауырлығына қарамастан, бабымда болу үшін жаттығу залынан қалмадым. Балаларымды да осы салаға баулып жүрмін. Біздің өміріміз жүгіріске құрылған, бір орында тұрмаймыз. Қазір отбасыммен Лас-Вегаста тұрамыз. Әзірге балаларымның тәрбиесімен үйде отырмын. Аздаған үзілістен соң цирк сахнасына міндетті түрде ораламын, – дейді ол. Ал актрисадан елге оралу туралы сұрағанымызда, «Кешкісін жұмыстан шаршап келіп, үйге кіргенімде жанымды бір тынышсыздық мазалайды. Туған үйімді, Алматыны сағынамын. Қазақстандағы туыстарымыз екі күннің бірінде ұшып келіп жатады. Алайда сағынышымды ештеңе баса алмайды. Осы жылы Қазақстанға жол түскеніне өте қуанып отырмын», деген ол іштегі сағынышын жасырып қала алмады. Жат жұрттағы қазақ қызының елге деген іңкәрлігі алтын торда «Отаным» деп егілетін бұлбұл туралы тәмсілді еске салды. Тағдырдың тезіне көндіккен жұдырықтай бұлбұлдың сағынышқа толы үні алыстан талып жеткендей болды...

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Фотосуреттер жеке архивтен алынды