Кино • 11 Тамыз, 2017

Ұлттық фильмдер шоғыры көрменің төріне шығады

618 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жан сарайың идеяларға толып, күш-жігерің жетіп тұрғанымен біреу келіп қолтығыңнан демемесе ақ армандарың артына бір бұрылып қарамай адыра болады. Біз демеушілік көмекті айттық. «Қазақ елі» анимациялық фильмі ар­қылы әлемнің талай мемле­кет­­­теріндегі фестивальдардан кер­­­­мені үзіп бірінші келген «Сақ» кино­студиясының екінші ты­­ны­сын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың ашқанын айтқан жөн болар. Тумысынан қазақ руханиятының жаршысы, ұлттық мұраларымызға айрықша қам­қорлық танытып жүретін облыс бас­шысы «Сақ» киностудиясын өзі іздеп келді. «Ақыны әкімін емес, әкі­мі ақынын іздеген» деген осы шығар.

Ұлттық фильмдер  шоғыры көрменің төріне шығады

Алқақотан кездесуде облыс әкімі Қазақ­­­стан Республикасының  Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялан­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» мақаласына байланысты өзекті мәсе­ле­лерді сөз етті.

− Елбасы мақаласында «Егер жаңғы­ру ел­дің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала  ал­маса, ол адасуға бастайды» де­­ген жолдар бар. Осыған орайлас тек жеке адам емес, тұтас халық бә­се­ке­ге қабілетті болса, та­быс­қа же­те ала­­­­­тын­дығын айтты. Бұдан шы­ғатын қо­рытынды, біз Елба­сының тап­сырма­ларын бұлжытпай орындап, ма­қалада көрсе­тілген міндеттерді жүзеге асы­руға көп болып септесуіміз ке­рек.

Сіздердің қолдарыңызда қоғамға пайда әке­ле­тіндей үлкен мүмкіндіктер бар. Халқымыздың ұлттық мұрасын байы­туға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәр­бие­леуге бірігіп жұмыс жасайық, − деді об­лыс әкімі.

Шығармашылық өкілдерімен болған кездесуде өңір басшысы кино саласы қо­ғам­ның ұлттық идеологиясын қалып­тас­тыратын үлкен құралдардың бірі еке­нін айтты.

− Шымкент қаласында киноның анимация саласы қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандан­ды­ру мақсатында биыл қомақ­ты қаржы бөлі­ну­де. Тәрбиелік мағына­сы жоғары сце­нарий мен кәсіби режиссер сапалы фильм­нің кепілі. Сондық­тан да біз білікті кадр­лар даярлау­жұмыс­тарын қолға алуымыз қажет. Соны­мен қатар, оңтүстіктегі кино студия­лар­ды біріктіріп, ортақ құн­ды дү­ние жасап шығаруды ұсынамын. Бұл қа­зақ кино индустриясының дамуына септігін тигізіп, республика кө­ле­мін­де оңтүстіктің атын шығаруға, ха­лықара­лық деңгейде Қазақстанды танытуға мүм­кін­­дік береді, – деді.

Өңір басшысының қолдауы «Сақ» киностудиясының жігіттерін қанаттан­дырып жіберген. Бүгінде олар қатты қарбалас үстінде. Түсірілім жүріп жатыр. Аниматорлар жұмыс үстелінен тапжылмайды.

Шымкенттегі «Оңтүстік фильм» сту­дия­сының директоры Батырхан Дәурен­беков осы жылдың соңына дейін «Көне Же­ті­­ген­нің сыры» атты 13 сериялы хикая мен «Отырарды қорғау», «Киелі Қазы­ғұрт» ани­мациялық фильмдерінің тұ­са­­уы кесілетіндігін айтты. Ал «Күш ата­сы Қажы­мұқан» анимациялық фильмі Оң­түс­тік Қазақстан облысының Аста­на­­дағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде әлем назарына ұсынылатын болады.

Аталған туындылардың түсірілім жұмыс­тарымен «Сақ» және «Оңтүстік фильм» кино­студиялары айналысып жатыр.

− Бұл туындылар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­ғы­ру» бағдарламасы негізінде өңі­рі­мі­здің киелі және тарихи жерлерін дә­ріп­теу мен туризмді насихаттау мақ­са­тында жасалады, – деді Батырхан Дәурен­беков. – Идея авторы Оңтүстік Қазақ­стан облысы­ның әкімі Жансейіт Түйме­баев. Жыл басында облыс әкімі бізді арнайы қабылдап, ішкі туризмді дамытуға сеп болатын кино және анима­циялық фильмдерді түсіруге тапсырма берген болатын. Кейіннен бюджеттен қар­жы бөлді. Қазіргі таңда біз «Кө­не жетігеннің сыры» атты 13 сериялы кинохикаяны түсірумен айналысудамыз. Түсірілім жұмыстарына 30-ға жуық ак­тер тартылып, жұмыс жүйелі түрде жал­ға­сып жатыр.

«Көне жетігеннің сыры» атты кино­жоба желісі өте қызықты. Қазығұрт ас­­уын­­­­дағы жол жөндеу жұмысымен ай­на­­­лысып жатқан экскаваторшы сырты шіруге айналған тері қапшық тауып ала­ды. Қапшықтың ішінен жетіген ас­пабы шығады. Ішектері мен асықтары жоқ бұл аспаптың сыртқы бетінде  көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері көрінеді. Фильмнің басты кейіп­кері – Самал, досы Нұржан және архео­лог Жандос үшеуі жетігеннің сыртын­да­ғы төте жазумен түсірілген өлең шу­мақ­тарының құпия сырларын ашуға ты­ры­сады.

− Киноның түсірілім жұмыстары Түр­кістан, Арыстан баб, Отырар, Сау­ран, Сайрам, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт тауы, Өгем секілді тарихи және табиғаты әсем жерлерде жүргізілуде. Жалпы, «Кө­не жетігеннің сыры» киносына 70 млн теңге бөлініп, әр сериясына 6 млн тең­ге жұмсалып жатыр,− деді киноның бас режиссері Нуриддин Паттеев.

Жақында «Оңтүстік фильм» кино­студиясының директоры Батырхан Дәу­­рен­­беков облыс басшысына арнайы кіріп, тап­сырмалардың орындалу барысымен таныстырды.

Осыған байланысты «Сақ» киностудиясы биыл 4 үлкен жобаны іске асыру­да. Атап айтқанда, «Көне жетігеннің сы­ры» атты 13 сериялы тарихи-танымдық ки­нохи­каяның түсірілімі қызу жүріп жатыр.

Актерлерді іріктеу кастингі Алма­ты, Ас­тана, Шымкент, Түркістан қалала­рын­да өтті. Сол арқылы фильмге қатыс­ты образдардың барлығына дерлік актерлер табылды. Түсірілім барысында таң­далған актерлердің көңілден шығып жатқанын айта кетейік.

Кинохикая барысында әртүрлі атыс-ша­быс, жекпе-жек айқастары секілді көрі­­ніс­терге Голливуд кинотуындыларына қатысып жүрген кәсіби каскадерлер мен спортшылар шақырылды.

Қазіргі таңда Қазығұрт, Арыстан баб, Оты­рар төбе және Түркістан сериал­дарына ар­налған материалдардың түсі­рілімі біту­де. Бұл жалпы жұмыстың елу пайы­зы болады. Кинохикая өндірісі әр­түрлі климаттық қолайсыздықтарға, өз­ге де қиыншылықтарға қарамастан бекі­тілген кесте бойынша жүріп жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, осы жо­­баны іске асыру барысында кино­сту­дияның техни­калық базасына толық­тырулар жасал­ды. Мысалы, бүгінгі таң­дағы ең соңғы үлгідегі «Red Dragon» камерасы алынды. Бұл камераны Америка және Еуропа елдеріндегі үлкен киностудиялар қолданып жатқанын айтуға болады.

Түсірілім алаңына арналған жарық­тан­дыру техникалары да соңғы үлгі бойын­­ша жаңартылды. «Оңтүстік фильм­­нің» бас директоры осылай деді.

Кезінде Ка­мал Смайылов бас болып, атақ­­ты Шә­кен Айманов қолдау көрсе­тіп қазақ­тың бірталай дарынды ұл-қыздарын Мәс­кеудегі ВГИК-та оқыт­қанын білеміз.

Алдындағы ағаларындай Мәскеу асып бі­лім алмаса да өздерінің таудай та­лап, бармақтай бақтарымен-ақ үл­кен жеңістерге жетіп келе жатқан Шым­кенттегі «Сақ» киностудиясы жыл са­йын өрлеп келеді. Әу баста анимацияға ба­ғыт алған киностудияның азаматтары бүгінде толық метражды көркем кино түсі­­руге мүмкіндіктері әбден жетіп қал­ды.

Біз мұны «Сақ» киностудиясы түсі­ріп жатқан «Көне жетігеннің сыры» ат­ты 13 сериялы тарихи-танымдық кинохи­каяның түсірілімін көргенде тағы бір байқап, осындағы іні-қарындастардың тау­дай талабына разы болдық.

Киноның кейбір эпизодтарынан қа­зақ­с­тандық әуесқой кинорежиссерлер түсірген дүние емес, Голливудтың шіренсе аттың таралғысын үзетін атақ­ты кино мамандары мен гонорары миллион доллардан басталатын актерлерді көргендей боласың. «Сақ» киностудиясының толық метражды кинодағы алғашқы қадамы осылайша жақсы басталып отыр.

Аты анимация дегеніңмен, тарихи та­қы­рыптарға барғанда барынша зерделеп, білікті мамандардан кеңес алмасаң қиын. Сәл мүлт кетсең білетіндер де, білмейтіндер де сын садағын жаңбырдай жаудырады. Мәселен, «Отырарды қор­ғау» анимациялық фильмі қандай шын­дықтың бетін ашады?! Біз бұл сұ­рақты Нуриддин Паттеевке қойғанбыз. Өйт­кені, Шыңғысхан мен Отырардың би­леушісі Қайырхан туралы тарихта түрлі қай­шылықтар көп. Осыған байланыс­ты еліміздің ең белгілі жазушысы мен танымал ақыны бір-бірінің жағасын      жыр­т­­паса да соған жетердей жерге де­йін ұс­тасты. Екеуін де жақсы көретін ха­лықты әрі-сәрі етті. Бекер қауіптеніппіз. Ақылды жігіттер Отырардағы екі жігіт­тің ерлігі арқылы Отан қорғау, патрио-тизм тақырыбында жаңа арна тауып, даулы жерден жақсы сытылып кетіпті.

«Күш атасы Қажымұқан» да көз ал­ды­мызда трагедиялық тұлғаға айна­лып ке­те жаз­дағаны есте. Ел басына күн ту­ған шақ­та «Алашордадағы»  ардақтыларымыздың қасынан табылған даңқты балуан ашар­шылық жылдарда барлық дерлік медальдарынан айырылып қалды. Қасына еріп күресін өз көзімен көріп түсініп жаз­ған жылнамашы жоқ. Грек-рим күре­сінен екі дүркін әлем чемпионы, сол кез­дегі мұсылман қауымның бас батыры дәр­менсіз күйде қалды. Сөйтіп жүргенде Ре­сейдің шовинизм сүйегіне сіңген бір сұ­ғанақ жазғышы «Қажымұқан балуан емес, цирктегі сайқымазақ еді» дегенге де­йін жазды.

Қазақтың сол кезде ел басында отыр­ған игі  жақсылары Мұратхан Тәнекеев де­ген жас ғалымды қолына мол қаражат ұста­тып Қажымұқанның ізі қалған, боз кілемде ерлігі асқақтаған төрткүл дү­ниеге жіберді. Анықтап келсе, біздің ба­тырға орыстың бас батыры Иван Поддубныйдың өзі тіс батыра алмаған екен. Харбинде өткен орыс-жапон ба­луандарының теке-тіресінде кімнің кім екендігі белгілі болған. Орыс балуандарынан жеңілген жапонның бас балуаны Саракики Жиндофу әруақ шақырып, джиу-джитсу күресіне шыққан орыстың апайтөс батырларының тізесі қалтылдаған. Сол кезде «жаным − арым­ның садағасы» деп білген Алаштың баласы Қажымұқан ортаға шығып, жапон балуанының бас терісін сыпырып алған. Империя намысы үшін емес, өзінің намысына тигені үшін, арғы атасы көк түріктің әруағы жерге тапталмау үшін шыққан.

Осы жұмыстарды жасап жатқан Ба­тыр­хан да, Нуриддин де, Бақытжан да идеялас інілер ғой. Талай айтқанбыз. Талай талқылағанбыз. Фильмнің кілтін жақсы ұстапты.

Әрине, кинодан бөлек, әр анима­циялық туындылардың ерекшелігін, па­триоттық қайраткерлігін, жас буынға бе­рер жақсылығын таратып айтып жатуды кейінге қалдырдық. Кей тұста тым қазбалап кетсек, жігіттеріміздің же­тіл­генін, бұдан да үлкен туындылар жасай алатындығын айтқымыз келгені. Мар­қаятын сәт қой.

Сұхбат барысында «Сақ» киносту­диясының директоры «Көне жетігеннің сыры» тарихи-танымдық кинохикаяны облыс басшысы Түркия мемлекетіндегі кинотеатрларға қоюға көмектесетіндігін айтты.

Фильмде Қазақстанның қуатты ел, мықты мемлекет екендігін көрсетумен қатар, оңтүстіктің ең ғажайып жерлері, тарихи жәдігерлері көрсетіледі. Түйіндеп айтқанда, патриотизм мен отандық туризмнің іргесін бекітуге арналған фильм саяхаттаушылар үшін таптырмас туынды.

Облыс әкімінің жолдамасымен биыл­ғы жаз­да жиырма шақты журна­листің Түр­­кияға жолы түсіп еді. Бұл мемлекетте туристерге деген құрмет ерекше, ілтипат керемет. Теңіздің тамшыдан құралатынын бі­летін мемлекет осындай ғажап жерлері арқылы туризмнен күреп пайда тауып отыр.

Түркістанды Атажұрт деп айшық­тайтын, Қазақстанға ықыласы ерек түрік­тер осы фильмді көрген соң елге келіп сая­хаттасын, оңтүстік туризмі өркендесін деген тілек қой өңір басшысының ниеті.

Президентіміз мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді. Жаңа жобаларды қолға алған қос студия бүгінге дейін талай белесті бағындырған.

Бүгінде «Сақ» киностудиясының қо­­рын­да 51 анимациялық фильм бар. Құ­рыл­ғанына биыл 15 жыл толған шы­ғар­машылық ұжымда 40 анимация маманы жұмыс істейді. Жақында ғана киностудия әзірлеген туындылардың ішін­дегі «Қазақ елі» толық метражды анимациялық фильмі  Каир қаласында өткен XX халықаралық анимациялық фильмдердің форумына қатысып, «Ең үздік толық метражды фильм» жүлдесіне және «Үздік режиссура», «Үздік музыка» аталымдарына ие болды, облысымыздың атын бүкіл дүйім жұртшылыққа танытты.

Осылайша «Оңтүстік фильм» мен «Сақ» киностудиясының облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың идеясы бойынша жасап жатқан төрт туындысы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға  үлкен үлес қоспақ. Бұл – осы бағытта келешекте жасалатын ауқымды жұмыстардың ақжолтай хабаршысы.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы