Руханият • 11 Тамыз, 2017

Той кортежінде тікұшақпен ұшу – құндылық жүйесіндегі мәселе

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2 тамыз күні интернет желісінде тікұшақ бастаған той кортежінің видеосы жарияланып, әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Пікір білдірушілердің алдыңғы легі оқиғаны қатаң сынға ұшыратса, кейіннен бірнеше адам жастардың әрекетін жақтап шықты. Артынан сол кортеждің қатысушыларына әкімшілік жаза қолданғаны белгілі болды. Осы орайда, жастардың бұл ісі индивидтік қалыпқа әсер ете ме; жеке өмір мен қоғамдық талқының шекарасы қандай деген сауалдар алдыңғы орынға шықты.

Той кортежінде тікұшақпен ұшу – құндылық жүйесіндегі мәселе

Мақаланы жазуға түрткі болған айыптаушылар емес, жақтаушылар. Олардың айтуынша, бұл жастардың өз ісі және бұқараның жастардың бұл таңдауына теріс пікір білдіруі орынсыз. Осы бір аргумент жеке адамның әрекетіне байланысты қоғамдық дау-дамай туғанда әрдайым айтылады да жүреді. Бұл тұста сынап-мінеу және айыптау деген екі ұғымды ажыратып алған дұрыс секілді. Егер кімде-кім өзге адамға қасақана қиянат жасаса, әрекеті зиян келтірсе және ол бәріне жария болса біз оны айыптаймыз. Айыпты қылмыс жасағанда тағады. Тікұшақпен ұшқан жастарды айыптауға бола ма? Иә, олар жол жүру тәртібін бұзды және сол үшін әкімшілік жазаға тартылды. Алайда жұрт оларды бұл үшін емес, мақтаншақтық үшін сөкті. Тоқмейілсу, даңғойлық – теріс әдеп болғанымен, ол үшін айып тағу әрдайым орынды бола бермейді. Бұл тұрғыда жастар үшін шырылдап жүргендердікі дұрыс та болуы мүмкін. Кейде біз шынымен де ойланбастан айып таға саламыз. Жастардың ойын бұзып, ізінен еріп келе жатқандарға жаман ой салатын әрекет емес бұл. Жай ғана жұрттан ерекшеленгісі келді, тойы өзінің де, өзгеніңде есінде қалғанын қалады, бар болғаны сол ғана.

Айып тағудың басын ашып алдық, енді сынап-мінеуге келейік. Сынау – бұл әрекеттің дұрыс-бұрыстығына баға беру. Ендеше ерекшеленудің дәл осы түріне халықтың сыни пікір білдіруіне құқығы бар ма? Менің ойымша құқығы бар. Жеке өмір дейтіндей, мәселе адамның өз үйінде асты қай қолымен ішуі туралы емес қой?!. Жастар жолды бұғаттап, халықтың назарын өзіне бұрып, онысын видеоға түсіріп, бүкіл елге таратты. Көзіңмен көрген нәрсеге пікір білдіру, мейлі ол оң бола ма, теріс бола ма, біздің Конституциямен бекітілген сөз бостандығымыз. Бастысы жеке басқа өтпей, балағаттамай, салмақты ой білдіре білу.

Ал енді әрекеттің өзіне тоқталайық. Оңтүстік Қазақстан облысының той жасауда алдына жан салмайтын бүкіл ел біледі. Мың адам шақырып той жасау, бірі екіншісінен озған саны көп тойханалар, той ортасына көлікпен кіру, қалың малдың дипломның бар-жоғына байланысты өзгеруі секілді «жаңа дәстүрдің» бәрі әдетте осы өңірден шығады. Алайда оңтүстіктің бұл «тапқырлығын» өзге өңір тұрғындары құптай бермейді. Көзі ашық, білімі терең зиялы қауым өкілдері де оңтүстіктің тойлау мәселесінде тым артық кететінін айтып жатады.

Аталған оқиға отқа май құйғандай әсер беріп, мақтаншақтық пен малшашпақтың шарықтау шегіндей болып көрінді.  Адамдардың сыны негізінен осы бір мінез бен жаман әдепке қарсы еді. Ал мына жастар тек соған желеу болды.

Егер дәл осылай той кортежінде тікұшақпен ұшу фактісі алыстағы Жапонияда, Австралияда немесе Америкада болса қоғамдық пікір арнасы қай бағытта өрбитін еді?! Голливуд жұлдызы тікұшақпен ұшпақ түгіл, одан әлдеқайда қымбат саналатын жеке ұшақты да сатып алып жатады, бірақ бұл ешкімнің шамына тиген емес. Демек, мәселе әлгі тікұшақта емес, қоғамның дертіне айналған теріс құндылықтарда болып отыр.

Жағдайы болмаса да несиеге той жасау, шамаға қарамай шашылу – жастардың бақытынан гөрі сорына айналып жатқанды да жиі көруге болады. Тек жастар ғана емес, ата-аналардың да қалтасына салмақ түсіреді. Өйткені той жасайтын сіз ғана емес, сіздің тойыңызға құттықтап келгендер де бір күні сізге шақыру қағазын ұсынады. Оның бәрі қаржылық шығын. Жағдайы бірдей қазақ, кәріс және өзбек отбасын алып, оларға ай сайын 500 000 теңгеден беріп отырса, кәріс берілген қаражатқа баласына сапалы кітап алып, ақылы курстарға жазып, білімі терең ұстаздардан сабақ алады. Өзбек болса кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп тапқан-таянғанына үй салады. Ал өзіміздің қазағымыз оқитын бала өзі оқиды, өсетін бала өзі өседі деп болашақты ойланбастан бар ақшасын той-томалаққа жұмсап жүре береді. Ертең 5-10 жылдан кейін кәрістің баласы үлкен банкті басқарып, өзбектің баласы зауыт соғып, сіздің балаңыз жұмыс таба алмай жүрсе кім кінәлі болады? Өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланған кәріс пен өзбек па, әлде ақшаны босқа шашқан қазақ па? Егер кәріс пен өзбек кінәлі десеңіз, онда өз ұлтының сәтсіздігі үшін еврейлерді кінәлаған Гитлерден айырмашылығыңыз болмай қалады.

Мұның бәрі айналып келгенде құндылық мәселесіне келіп тіреледі. Біз үшін өкінішке қарай, той жасап, дүниеңді көрсету, жоқ болса да бар болып көріну  өміріміздің құндылығы болып тұр. Бұл әсіресе жоғарыда айтылған оңтүстік өңірде қатты сезіледі. Қазаққа дәл қазір керегі терең білім алу, еңбек ету, кәсіппен айналысу құндылықтары. Осы құндылықтардың жаппай бойымызға сіңдіре алсақ, жеке адам ретінде де, ұлт ретінде де жетістікке жететініміз анық.