Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

А’Studio: Мерейтойлық концертті отанымызда өткізу үлкен бақыт

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

30 жылдық мерейтойы қарсаңында танымал А’Studio тобы Астанада концерт өткізеді.

А’Studio: Мерейтойлық концертті отанымызда өткізу үлкен бақыт

Көрермендер назарына тамыздың 15 мен 20 аралығында ЭКСПО-2017 көрмесінің Конгресс-орталығы алаңында «Мүзыка құдіреті» атты шоу ұсынылады. Топ мүшелерінің айтуынша, бұл кеш бұрынғы концерттерінен өзгеше.

«Мерейтойды өз отаныңда тойлау өте қуанышты сыйлық. Ағаштың сабақтары жан-жаққа қарап өссе де, оның тамыры бір жерден бастау алады. Біздің топ осында құрылғандықтан, тамырымыз Қазақстанда. Екі жыл бұрын осындай деңгейде концерт өткізсек деп жоспарлап бастаған болатынбыз. Соған қоса ЭКСПО-2017 өтетінін де естен шығармадық. Сәті түсіп, екі ауқымды шара бірігіп өтетін болды. Бірден айта кетейін, біздің топ бұған дейін осындай шоу қойып көрген емес. Біз үшін бұл үлкен құрмет», деді топтың көшбасшысы Байғали Серкебаев.

Ал концерт бағдарламасы жөніндегі сұраққа топтың әншісі Кэти Топурия бәрін құпия сақтап, қонақтарға әдемі кеш сыйлағылары келетінін айтты.

Топтың мәлімдеуінше, мерейтойлық концерттер бірнеше қалада өткізіледі. Атап өтсек: Астана, Алматы, Санкт-Петербург және Мәскеуде. Алайда, Астана алаңының техникалық құрылғыларының артықшылығынан, ең ауқымды әрі әсерлі шоу елордамыздың төрінде өтеді дейді ұйымдастырушылар.

«Бізге көп адамдар 6 күн қатарынан күніне 2 рет концерт қою қиын емес пе деп сұрап жатады. Бірақ кеше ЭКСПО-2017 алаңында үш ай қатарынан өнер көрсетіп жатқан Дю Солей циркінің қойылымын көріп, бізге «қиын» деп айту ұят секілді», деп күлді топтың бас-гитарашысы Владимир Миклошич.

«Музыка Құдіреті» концертінің қоюшы-режиссері Вячеслав Кулаевтың айтуынша, Конгресс-орталығының жабдықталуы ешқандай қиындық туғызбады.

«Бүкіл ойлаған жоспарларымызды іске асыра аламыз. Біздің мақсатымыз көрермендерге ұмытылмас шоу сыйлау. Және бұл үшін барлық жағдай қарастырылған. Соған қоса, көрермендермен интерактив ұйымдастырамыз», - деді қоюшы-режиссер.

Сонымен қатар, А’Studio тобы балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне 2000 билет сыйға тартқан екен.

Айта кетейік, концерт тамыздың 15-20 аралығында сағат 18:00 бен 21:00-де ЭКСПО-2017 алаңында орналасқан Конгресс-орталығында өтеді. Билеттер қала кассалары мен expo2017astana.com сайтында сатылады.

Айгүл ШЕРНИЯЗ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ

«Егемен Қазақстан»