Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау аяқталуға жақын қалды

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жаңа 2017–2018 оқу жылына оқуға қабылдау жұмысы аяқталуға таяу.

Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау аяқталуға жақын қалды

Биыл Академияға оқуға қабылдау бойынша қойылатын талаптар қазіргі заманның қажеттіліктеріне қарай айтарлықтай жетілдірілгенін, жаңа форматта жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Оқуға қабылдаудың бірінші кезеңі ағылшын тілі бойынша білім деңгейі мен мотивациялық және мамандық бойынша эсселер жазу арқылы оқуға түсуге үміткердің талдамалық және сыни ойлана білу қасиеттерін көрсетуді қамтыса, екінші кезең сұхбаттасудан тұрады, оның барысында ситуациялық тапсырмаларды (кейстерді) шешу арқылы үміткердің кәсіби, талдамалық, коммуникативтік және тұлғалық қасиеттері бағаланады.

Жаңа оқу жылына қабылдау науқанының тағы бір жаңашылдығы  үміткерлердің тілдік құзыретін нақты анықтауға мүмкіндік беретін ағылшын тілі бойынша халықаралық APTIS тестін тапсыру болды. Тыңдаушыларға оны Академия қабырғасында тапсыру мүмкіндігі берілді.

2017 жылдың 10 тамызында жоғарыда аталып өткен екінші кезең бойынша, яғни мамандықтар бойынша емтихан комиссиялары өз жұмысын бастап кетті. Ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін жалғасатын комиссия жұмысының міндетіне Академияға оқуға түсуге үміткер тұлғалардың қазіргі заманда өз бойында болуы қажет білік-дағдыларды, кәсіби және тұлғалық құзыреттер деңгейін бағалау кіреді. Аталмыш емтихан комиссияларының құрамына бағдарламалардың бағыттарына қарай Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Астана қаласының әкімі – Ә. Исекешев, бірқатар орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары – Д.В. Вагапов, А.Б. Қарашев, Б.Қ. Тортаев, Б.Т. Төкежанов, Комитет төрағаларының орынбасарлары – А.К. Дарбаев, Г.М. Керімханова, Сыртқы істер министрлігінің, өзге де орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, Елшіліктің, корпоративтік сектордың, жергілікті атқарушы органның, отандық және шетелдік әріптес-жоғары оқу орындарының өкілдері, Астана қаласының мәслихат хатшысы және т.б. кіреді.

Мамандық бойынша емтихан Академияның 10 бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметтің ағымдағы қажеттіліктерін, перспективалары мен озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жаңартылған білім беру бағдарламалары осы екінші кезеңнен сәтті өткен тұлғаларға еліміздегі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы жалғыз оқу ордасында білім алуға мүмкіндік береді.