Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Астанада Маңғыстау облысының мəдениет күндері өтеді

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Маңғыстау облысының «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты мәдениет күндері өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада Маңғыстау облысының мəдениет күндері өтеді

Маңғыстау облысының этно-мәдени керуен қатысушылары елорда қонақтары мен тұрғындарына ауқымды бағдарлама дайындаған. 

Мәдениет күндерінің ашылуы 15 тамыз күні сағат 21.30-да «ЭКСПО-2017» алаңындағы амфитеатрда өтеді.

15-18 тамыз аралығында Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздарының және Маңғыстау облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен 40-қа жуық мәдени шара өткізу жоспарлануда.

Мәдениет күндері барысында Ақтауда ұйымдастырылған және мақтанышпен көрсететін ең қызықты мәдени шаралар мен оқиғалар ұсынылады. Шарада заманауи эстрадалық өнермен қатар, халық шығармашылығы қамтылады. Концерттік бағдарламада Маңғыстау облысында шығармашылық жолын бастаған А.Қосанова, Тамара Асар, Камшат Жолдыбаева, Ғалымжан Жолдасбай, Лұқпан Жолдасов өнер көрсетеді.

Конгресс-холлда Маңғыстау облыстық М.Өскінбаев атындағы филармониясы А.Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дәстүрлі ән-күй-жыр саздарының концерті болады.

18 тамыз күні сағат 19.00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының «Шыңырау» спектаклі өтеді.

Мәдениет күндері Маңғыстау облысының ұлттық нақыштағы ерекше қолөнер бұйымдары назарға ұсынылады. Бұдан бөлек, этноауылда көрермендер ұлттық ойындарды тамашалай алады.

Барлығы Астанаға Маңғыстаудан 600 адам келеді және облыстың мәдени мұраларын паш етеді.