Қазақстан • 12 Тамыз, 2017

Келер жылы қазақ халқын әлемге танытатын фильм жарыққа шығады

327 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Келер жылы қазақ халқын күллі әлемге танытатын фильм жарыққа шығады. «EQUUS» («Жылқы») атты деректі трилогиясының түсірілім жұмысы екі аптадан кейін, яғни 28 тамыз күні басталмақ. Бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ БАҚ өкілдері түсірілім алаңында болып қайтты.

Келер жылы қазақ халқын әлемге танытатын фильм жарыққа шығады

Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ бірқатар БАҚ өкілдері Ақмола облысының Ақкөл ауданында орналасқан түсірілім алаңында болып қайтты.

«EQUUS» трилогиясында жылқының адамзат тарихындағы орны, Орта Азия жеріндегі оның алғаш рет қолға үйретілуі жайы толығымен экранизацияланбақ. Фильмге канадалық режиссер Найоби Томпсон жетекшілік етеді. Сонымен қатар, шетелдік кәсіби кинематографтар, арт-дизайнерлер мен дыбыс режиссерлері жұмылдырылады. Бұдан бөлек Қазақстанның кәсіби реквизиторлары, суретшілері, каскадерлері мен киногерлері де қатысады деп жоспарланып отыр.

Ал жылқының образын толығымен ашып көрсету үшін түсірілім алаңында шамамен төрт аяқты жануардың бір мыңнан астам түрі болады деп жоспарланып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – көшпелі халықтың байырғы тұрмыс-салтын айна-қатесіз көрсету.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан кейін біз осындай ауқымды жобаны қолға алып отырмыз. Оған тек еліміздің ғана емес, сондай-ақ, АҚШ, Канада, Франция және Германияның телеарналарымен, білікті мамандарымен бірлесе отырып, жобаны бастап отырған жайымыз бар. Ғалымдар еліміздің осы аумағында жылқы алғаш қолға үйретілгені туралы түрлі деректерді келтіріп өтті. Қазіргі уақытта 50 мемлекет осы үлкен жобаны сатып алуға дайын отыр. Қазір Алматыда осы фильмге арнайы 6000 жыл бұрынғы адамдардың киген киімдері жасалып жатыр. Ал қаржы жағына тоқталар болсақ, үлкен сома бөлген жоқпыз, қайта бізге қарағанда шетелдік серіктестеріміз екі-үш есе көп қаржыландырды, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Түсірілім алаңында үлкен жұмыстар атқарылғаны көрініп-ақ тұр. Бұл жерден сол кезеңдегі адамдардың тұрған үйлері дайындалған. Ішіне кірген адам бейне бір сол кезеңге тап болғандай күйде қалады. Оның ішінде тұрмыстық қажеттілікке пайдаланған түрлі заттары орналасқан. Ал сыртқы көрінісі қазақ үйге қатты ұқсас болып келеді.

Жобаның продюсері Нұрбол Баймұханов фильм туралы қысқаша түсіндіріп өтті.

– Тарихи жаңғырту жұмыстары Қазақ жерінде атқарылып жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе деп білемін. Біз төрт кезеңді, атап айтар болсақ, аңшылар-терімшілер, ботайлықтар, Андронов мәдениеті және түркілер кезеңдерін қамтымақпыз. Сонымен қатар, екі маңызды эпизодты, яғни сақтар мен Қазақ хандығын қосуды жоспарлап отырмыз, – деді жобаның продюсері.

Белгілі археолог Виктор Зайберт те бұл жобаға үлкен үлесін қосып отыр. Ол фильмге қажетті материалдардың ғылыми зерттеулерге сүйеніп әзірленгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Ботай мәдениеті арқылы дүние жүзінде ең бірінші болып жылқы қазақ даласында қолға үйретілгенін еске салып өтті. Айта кетер болсақ, ол Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында қазба жұмыстарын жүргізген болатын.

– Ботай мәдениеті бойынша ұзақ жылдар зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ал бірер жыл бұрын Нұрбол Баймұханов оны барша әлемге көрсетуді жөн деп санады. Себебі, біз 15 жылдай Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Ресей елдерінің архелогтарымен біріге отырып жұмыс істеп келдік. Зерттеулердің арқасында ұлы инновациялардың бастауы Қазақстаннан шыққанын дәлелдей алдық, – дейді Виктор Зайберт.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның тарихи құндылықтарға бай ел екенін атап өтті.

– 1969 жылғы зерттеу жұмыстары кезінде көмекшілерімді сол уақыттағы Никольский ауылына жіберіп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Осы шағын ғана орыннан әріптестерім бірнеше ұсақ заттар тауып алыпты. Уақыт созбай барғанымызда бір күннің ішінде 60 мыңнан астам жәдігер тауып үлгердік, – деді Виктор Зайберт.

Айта кетейік, осы жылдың 7 наурызында Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Clearwater Documentary Inc.» компаниясының «EQUUS» деректі триологиясын түсіретінін жариялаған болатын. Бұл жоба 2018 жылдың қазан-қараша айларында көрермен назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр. Туынды әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар