Қазақстан • 13 Тамыз, 2017

«Алтын жебе» турнирінің жеңімпаздары белгілі болды

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы «Қазанат» атшабарында жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын жебе» турнирінің жеңімпаздары белгілі болды

Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған  «Алтын жебе» турнирі үш кезеңнен:  шапшаң ату, қалқан ату және жамбы атудан тұрады. Айта кетер жайт, жамбы ату қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Ереже бойынша спортшылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатулары керек.  Жарысқа 10-нан астам елден келген сұрмергендер қатысуда. Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынады.    

Атап айтқанда, «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да өте қомақты болды. Бес орынға дейін бәйге тігілді.

Белгілі болғадай, 1 орынды Румыниядан келген Михай Кузми алып, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. 2 орын мен 1 млн теңге қазақстандық спортшы Сарыбай Айтбектің еншісінде. 3 орын және 700 мың теңгені Айкөз Ералған иеленді. Төртінші орын мен 400 мың теңге Мажарстаннан келген Немоти Кристоф Арпадқа бұйырды. Бестікті Малайзия спортшысы Мұхамед Акмал бин Мохамед Дакалан түйіндеді. Оған 200 мың теңге бұйырды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің мәдени-думанды және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы аясында ипподромда өтіп жатқан жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін тамашалады. 

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ипподром аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралап көрді.