Хоккей • 14 Тамыз, 2017

Президент кубогын «Нефтехимик» жеңіп алды

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада осымен сегізінші рет ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы шайбалы хоккей турнирі өз мәресіне жетті.

Президент кубогын «Нефтехимик» жеңіп алды

Биылғы жарыс Құр­лық­­тық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген азулы клуб­тардың қатысуымен есте қалды. Сондай-ақ, Швейцариядан «Давос» хоккей ұжымының арнайы келуі де турнирдің аясын кеңітіп, беделін арттыра түсті.

Жарыстың соңғы күні мұз айдынында «Барыс» пен Владивостоктың «Адмирал» клубы күш сынасты. Ойын өте шие­леністі жағдайда өрбіді. Хок­кейшілер мұз үстінде жиі-жиі ұстасып, тіпті төбеле­сіп қалып жатты. Қалай болған күнде де, «Барыс» ойын­шы­ларының осының алдында «Трактормен» болған өте тартысты матчта көп күш жұмсап, қалжырап қалғандықтары байқалып тұрды. Ол ойында елордалық клуб қонақтарды буллит бойынша  3:2 есебімен әрең дегенде жеңген болатын.

Міне, соның салдары болса керек, «Барыс» клубы қарсыласына ең құрығанда бір шайба да соға алмай, 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның бірінші кезеңінде есепті қонақтардың шабуылшысы Николай Глухов ашты. Екінші кезеңде Максим Кицын есепті 2:0-ге жеткізді. Ал соңғы кезеңде Николай Глухов осы ойындағы өзінің екінші шайбасын салып, кездесудің соңғы нүктесін қойды.

«Адмирал» осы жеңісінен кейін турнир кестесінде екінші орында тұрған «Барысты» ығыстырып, күміс жүлдегер атанды. Ал турнирдің бас жүлдесі – Президент кубогы осы жарыста өткізген бес ойынның біреуінде ғана жеңіл­ген Нижнекамскінің «Нефтехи­мик» командасына бұйырды. Айта кететін жайт, қазіргі уақытта Татарстаннан келген бұл клубты Қазақстан құрама командасы мен «Барыстың» бас бапкері болған Андрей Назаров жаттықтырады.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар