Руханият • 15 Тамыз, 2017

Астанада Ермек Серкебаевқа арналған концерт өтті

808 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында көзі тірісінде аты аңызға айналып, алтын даусымен алты құрлыққа танымал болған опера әншісі Ермек Серкебаевқа арналған гала-концерт өтті. «Қазақстан» Орталық концерт залында ұйымдастырылған мәдени шарада әлемдік опера жұлдыздары әуелетіп ән салды.

Астанада Ермек Серкебаевқа арналған концерт өтті

Ермек ағамызды ауызға алсақ, марқұмның өзін ғана еске алмай, Серкебаевтар әулетін түгендеп кететін әдетіміз бар. Алмас Сер­кебаев, Байғали Серкебаев сынды бірі композитор, бірі музыкант ұлдары мен жазушы қызы Ирина Серкебаева, інісі Мұрат Серкебаев, оның скрипкашы қызы Жәмила Серкебаева осы үлкен әулеттің мақтанышына айналған жандар. Әкесін еске алу кешіне Мәскеуде тұратын ұлы, атақты «А’Студио» тобының продюсері Байғали Серкебаев қатысты. 

Концерттің ашылу сал­тан­а­тында сахнаға көтерілген Бай­­ғали Серкебаев өз сөзінде концертке Метрополитен, Ла Скала, Мария театрларының көрермендерін тәнті еткен әйгілі әртістердің қатысып жатқанын, бұл әкесіне көрсетілген үлкен құрмет екенін айтса, Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы 1967 жы­лы Канадада өткен дүние­жүзілік көрме аясында Ермек Серкебаевтың Қазақстан даңқын асқақтатқанын мәлімдеді. «Біздің атақты Ер ағамыз – Ермек Сер­кебаев Монреальда еліміздің өне­рін әлемге танытып еді. Енді, міне, араға 50 жыл салып біз ЭКСПО халықаралық көрмесі ая­сында Ермек Серкебаевты еске алу кешін өткізіп отырмыз», деді ол.

Барқыт үнді баритон дауыстың иесі, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Ермек Серкебаевты еске алуға арналған кеште әлемнің үздік бас дауыс иесі, Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері, Метрополитен-опера, Мария театры және Париж операсының солисі Ильдар Абдразаков, Мария театрының солисі, Opera Awards сыйлығының лауреаты Асмик Григорян, Мәскеудегі Үлкен театр­дың жетекші солистері Игорь Головатенко мен Агунда Кулаева, Мария театрының солисі Сергей Скороходов сынды саңлақтар сахнаға шықты. Сондай-ақ, өз елімізден «Астана Опера» театры­ның солистері Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова сынды танымал өнерпаздар ән шырқады.

Бұл кеште әлемдік опера классикасының жауһарлары Дж. Россини, Дж. Верди, Ж.Бизе, Дж. Пуччини, А.Жұбанов, Л.Хамиди операларынан ариялар айтылды. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ренат Салаватовтың жетекшілігімен «Ас­тана Опера» театрының симфониялық оркестрі әншілерді сүйемелдеді.

Концертке Ермек Серкебаевпен жеке таныс болған әйгілі кино, өнер, опера қайраткерлерінің де қатысқанын айта кеткен жөн. Бейнемониторда Лев Лещенко, Армен Джигарханян, Бибігүл Төлегенова, Иосиф Кобзон, Тамара Синявскаялар атақты әншінің сирек таланты жайында сөз етті.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»