ЭКСПО-2017 • 17 Тамыз, 2017

Парижден жеткен падиша өнер

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Париж – махаббат қаласы ғана емес, өнер мен мәде­ни­ет тұнған шаһар. Мұнда 150-ден астам музей мен су­рет галереясы бар.

Парижден жеткен падиша өнер

Сурет: ru.sputniknews.kz

Оның ажы­рамас бір бө­лігі – Мон­мартр. Небір өнердің то­ғысқан өлкесіне айналған ға­жайып ауданға әлемнің түкпір-түкпірінен талантты суретшілер, ақындар мен музыканттар ағылып жатады. Монмартрдың осындай әдемі лебі Астанаға да жетті. 

ЭКСПО көрмесіндегі ең үл­кен павильондардың бірі – Фран­ция елінікі. Кеше осы алып ау­мақта француздардың өнер кү­ні аталып өтті. Соның ая­сын­да француз суретшілері мен қазақ­стандық қылқалам шебер­ле­рі жиналып, Францияның ең кө­рік­ті орындарының бейнесін сал­ды. «Өнер күнінде Астана мен Па­риждің әдемілігін әлемге таныс­тыр­­мақшы болдық. Біз Франциядан еш­қандай суретшіні арнайы ша­қырған жоқпыз. Бірақ Астанаға ар­найы екі Париж суретшісі келді. Олар­дың шабытына себеп болған – қа­зақтың шалқар даласы», деді Француз павильонының бас комиссары Паскаль Лоро.

Парижден арнайы келген сурет­ші­лердің бірі – Сильви Тузе­ри. Ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр екен. Қазақстан туралы, онда өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі туралы өз елінде естіген ол осында келуге асығыпты. «Қазақ елі мені ерекше ынтықтырып, шабытымды оятты. Қазір өзіме ұнаған дүниелердің бәрін қағазға түсіріп жүрмін. Дәл қазір Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонының бейнесін салып жатырмын. Ара­сында Бурабайға, Шарын шат­қа­лына да барып келдім. Алған әсе­рім керемет. Кейін Қазақстан ту­ралы, оның тамаша табиғаты жай­ында жеке суреттер сериясын шы­ғару жоспарымда бар», дейді суретші. 

Францияның өнер күніне қатысушы қазақ­стан­дық суретшілердің ішін­де Құсманбек Омарұлы да бар. Оның есімі өнерсүйер қауымға жақ­сы таныс. Алматы көр­кемөнер учи­лищесін бітірген ол уни­вер­си­теттен кейін «Қазақфильм» киностудиясына жолдама алған. Ол қазақтың анимациялық фильмдерін түсіруге көп үлес қосып жүр. Құс­ман­бек өнер күнінде Париждің көр­кем көріністерін бейнелейтін бірнеше 
туындыны дүниеге әкелді.

Бұдан өзге, суретші әрі карика­тура­шылар Әділғали Баяндин, Әлия Айтжанова, Айтолқын Жантемірова, Мүсілім Сарин сын­ды таланттар әртүрлі портрет­тер­ді жасап шығарды. Ал келу­ші қонақтар өздеріне ұнаған сурет­тер­ді таңдауға мүмкіндік алды.

Бұл күні Франция павильонын көру­ге келген көпшілік құр қайтқан жоқ. Павильон туралы сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге ұйымдастырушылар сый-сыяпат көрсетіп, кәдесыйлар таратты. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»