Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Қазақстандықтар шартарапты шарлап жүр

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Атың барда жер таны желіп жүріп» деген халық даналығы бүгінгі күнге қарап айтылғандай. Қазіргінің аты – қалтасындағы ақшасы мен ұшаққа алған билеті. Жер тануда «тоғызыншы территориядан» әрі асып, дөңгеленген дүниенің шартарабына аттанған қазақстандықтар бүгінде жетерлік.

Қазақстандықтар шартарапты шарлап жүр

«Номад Иншуранс» сақтандыру ком­паниясы жүргізген зерттеуге сәй­кес, 2016 жылы демалысын шетел­де өткізгендер арасында Түркия танымалдыққа ие. Былтыр шетелге шыққан қазақстандықтардың 19 пайызы Анадолыға қыдырып барған екен. Отан­дастарымыздың келесі таңдауы Біріккен Араб әмірліктеріне түсіпті. Абу-Дабидің кереметіне тамсануға аттанғандар туристердің 17 пайызын құраған. Таиланд та қазақстандықтар арасында танымал (8,1%). Дегенмен, қазақ­стандықтардың басым бөлігі (32%) Еуропаның салтанаты жарасқан көне қалаларын тамашалап, Жерорта теңізінің суына шомылуды жөн деп тап­қан көрінеді. Әйтсе де, шетелге ағыл­ған туристердің қарқыны бұрын­ғы­дан басылған. Статистика коми­тетінің мәліметі бойынша, 2015 жылы алыс-жақын елдерге аттанғандар саны 11 миллионнан асыпты. Былтыр бұл меже 9,8 миллионмен тоқтаған болатын. Соның ішінде демалуды мақсат етіп шетел­ге кеткендер саны 200 мың көлемінде ғана. Есесіне, «тоғызыншы территория­ны» тамашалауға кел­ген­­дердің саны 2015 жылмен салыс­тырғанда 79 мыңға ұлғайыпты. Демалу мақсатымен кел­ген­дердің саны 50 мыңның шамасында. 

Әлемдік экономикалық фо­р­у­мы ұсынған Travel and Tourism Competitiveness Report 2017 рейтингінде Қазақстан 81-орынға жайғасып,  2015 жылғы тізімге қарағанда 4 саты көтерілген. Алайда аталған рейтингте табиғаты тамаша болғанына қарамастан, Қазақстандағы туристерге қызмет көрсету сапасы төмен саналады. Мәселен, таза ауыз су деңгейі бойынша еліміз 6-орында. Есесіне  де­малуға кететін қаржының аздығы жө­нін­ен Қазақстан алдыңғы қатарда. Ranking.kz сайтының есептеуіне сүйенсек, шетелдік мейман бір күнге 11,3 мың теңге жұмсайды екен. Алайда, қо­нақтарды көлікпен қамтамасыз ету, қызмет көрсету саласында еліміз Әлем­дік экономикалық форумның төмен ба­лын иеленген. Табиғи байлығын ту­рис­тік нысанға айналдыру жөнінен де «тоғызыншы территория» көп мемлекеттен артта қалып қойыпты. 

Шабаданын құшақтаған жиһан­кез­дер азайғанымен, отандық туризмнің тасы өрге домалауды. 2016 жылы 3,5 миллион адам еліміздегі туристік нысандарды аралап шыққан. Әсіресе, Алматыдағы демалыс орындарына деген сұраныс өте жоғары (236,6 мың). Бурабайдың баурайында тынығып қайтуды дұрыс көргендер де аз емес (127,3 мың). Халық арасында танымал тағы бір мекен Алакөлге 96,2 мың адам қыдырып барған. Ішкі туризм бойынша биыл қаңтар-наурыз айларында 760 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы осы уақыт аралығына қарағанда 65 мыңға көп. 

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де туризмді дамытуға үлкен әсер етіп отыр. Қазірге дейін көрмені 2,5 миллион адам тамашалап үлгерді. Соның 10-15 пайызы алыс-жақын шетелден келген қонақтар. Былтыр алыс­тан ат терлетіп келген меймандардың саны 730 мың шамасында болған еді. Биыл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің арқасында еңселі елорда мен Қазақстанға келетін шетелдіктер саны 1 миллионнан асады деп күтіліп отыр. Соның нәтижесінде туризм саласына түсетін қаражат көлемі де ұлғаяды. 

Туризм саласы көп ел экономи­ка­сы­ның қозғаушы күшіне айналса да, қап­таған қонақтардан зәрезеп бол­ған­дар жетерлік. Таяуда Еуропаның бір­қатар елінде туристерге қарсы нара­зы­­лық шеруі өтті. Ең әуелі Венеция тұр­­ғын­дары меймандарға жылы ықы­лас танытпай, жаппай наразылық ак­циясына қатысқан еді. Кейінірек венециялықтардың әрекетін басқа қала тұрғындары іліп әкетті. Барселона қа­лас­ының оңшыл жастары қала кө­ше­лерін қиратып, әр жерге «туризм дос­тықты бұзады» деп жазып кетіпті. The Guardian газетіне сұхбат берген шаһар әкімшілігінің бизнеске жауапты өкілі Санти Виланың айтуынша, мұндай әре­кеттер Барселонаның имиджіне нұқ­сан келтіреді. Алайда оған бас ауыртайын деген каталониялықтар жоқ. Шаһар тұрғындарының наразылығының өз се­бебі бар. Мысалы, жыл сайын Бар­се­лонаға 32 миллион қонақ келеді. Соның нәтижесінде, қала көшелері құ­жынаған адамға толып, тұрғын үй құ­ны шарықтап кеткен. Испаниядағы жағ­дай Еуропаның басқа елдерінің де бас ауыртар мәселесіне айналды. Италия, Хорватия секілді бірқатар мемлекеттер турист ағымын азайтудың қамына кірісіп кетті. 

Есесіне, бағытын қарт құрлықтан бас­қа жаққа бұрушылар көбейген. The World Bank деректері бойынша, қазір­дің өзінде Азия елдеріне келетін мей­ман­дардың саны күрт артқан. Осы орайда, Қазақстанға туристерді тартудың түрлі тәсілдерін жоспарлап, аталған саланы дамытуға күш салу керек екені айтпаса да түсінікті. 

Абай Асанкелдіұлы, 

«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар