Медицина • 17 Тамыз, 2017

Сөз сойыл №43

537 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №43

Суретші  піл

Сергей МИХАЛКОВ

Суретші піл сурет салды
табиғатты бейнелеп.
Көргеннен соң «Керемет қой!»
дей ме деп,
Шақырды кіл достарын
сурет қойған бөлмеге, 
Біліп алып бағасын, 
Ұсынбақшы көрмеге.
Келді бәрі, 
Кемшілігін суреттің
Қолтырауын ә демей-ақ аңдады:
«СуретіңдеНіл өзені жоқ, – деді, –
Неге оны салмадың?».
«Маңызды емес ол өзеннің
 жоқтығы, –
Деді итбалық,
– Мұздық қайда, қар қайда?!
Оларсыз бұл суретіңнен не пайда?»
Одан кейін қатал әрі қырағы
Көртышқан да суретшіні сынады:
«Мұздық түге ескерілмей әу баста,
Қалыпты тыс
назардан –бау-бақша».
Осы сәтте қорсылдады дәу шошқа,
Көрініп тұр кезек күтіп қалғаны:
«Сурет жақсы! – деді, – 
орны бір бөлек,
Ұмыт қапты, әттең, 
емен жаңғағы».
Суретші піл бар пікірді тыңдады,
Тыңдады да көп ойланып тұрмады.
Бақша, емен,
 өзен, қар, мұз, балды да
(Аю келіп, балды жоқтап жүрер деп) 
қоса салды суретіне, 
қылқаламын бояуына малды да...
Келді тағы аң-достары
 біткен істі көруге, 
және оған әділ баға беруге...
Қарап олар
«табиғаттың» суретіне осынау, 
 «Сурет емес, – десті пілге, –
қойыртпақ қой, досым-ау!».
***
Суретші дос,
Мына пілге ұқсама!
Түйін сөзім қысқа әрі нұсқа да:
Өз талғамың,ұстанымың болмаса,
Бар өнерің – далбаса!

Аударған 
Абатбай КІРҚАБАҚОВ

АЛМАТЫ


Атақты «маскүнеммен» сұқбат

− Аса құрметті Күндемас Басжазар­ұлы, сіздің атақты маскүнем екеніңізді бүкіл қала жұртшылығы жақсы біледі. Айтыңызшы, не үшін іше бересіз?
− Өте орынды сұрақ. Бірақ неге іше беретінімді өзім де білмеймін.
− Кейбір маскүнемдерден неге іше бере­сің деп сұрасаң, «іш, іш» деп шайтан түр­тіп тұрады, − дейді. Сізді шайтан түртпей ме? 
 − Шайтан дегенмен шаруам жоқ.
 − Шайтан түртпейтін болса, неге іше бересіз?
 − Ой, сіз түсінбейсіз ғой. Мен тектен-текке ішпеймін.
 − Сонда енді не үшін ішесіз?
 − Мен елдің, жердің, қоғамның жағдайын ойлағандықтан ішем ғой. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз?
 − Анығырақ айтсаңыз.
 − Мен енді бәрін тізе бермей, қатты ішіп кеткен кездерімді айтайын. Сонау бір жылы банкке салған ақшамның 500 мың теңгесі күйіп кетті. Өліп-тіріліп жинаған ақшам ғой. Сосын мен де күйіп кеттім. Әйда, сілтедім кеп. Естен танғанша іштім.
− Енді сіз сілтеді екен деп, банк ақшаңызды қайтарып бермейді ғой.
− Мәселе банкте емес, мәселе Үкіметте болып тұр ғой. Біздің Үкімет көк тиын да қайтарып берген жоқ. Сосын сілтедім. Өшімді «ақаңнан» алдым. Әйтпесе, сілтеп жыным бар ма?
− Иә, содан кейін.
 − Біз өзі қаланың шетінде тұрамыз, мал ұстаймыз. Бірде қорадағы бұзаулы сиырымды, құлынды биемді бір түнде ұрлап кетті. Сотқа арызданып едім, сот: «Сіздің бар малыңызды елімізде әбден байып, Англияға былтыр қашып кеткен атақты жемқор Жайынбай Қарынбаев ұрлапты. Соны сыртынан соттап, 15 жылға үкім шығардық», − дейді.
− Ау, айналайын, сот-ау, менің малым былтыр емес, бір ай бұрын ғана ұрланған десем, «жоқ, былтыр ұрланған, біз атақты бақсыға бал аштырдық, Англиядағы Қарынбаев ұшақпен келіп алып кеткен» деп бет бақтырмайды. Ал енді осындай сотқа қалай күйіп кетпейсің, қалай ішпейсің?
 − Сіз ішкенде сот басқа үкім шығарар дейсіз бе?
 − Сот басқа үкім шығармайтынын білген соң ішкен жоқпын ба? Әйтпесе, ішіп жыным бар ма? 
 − Иә, содан кейін.
 − Осы менің маскүнем болуыма теледидар деген «пәле» кінәлі. Содан небір «қызықты» көремін де, ішемін кеп.
 − Қандай қызықты айтып отырсыз?
 − Ой, қызық көп қой. Мәселен, жоғарыдағы атасақалы аузына біткен қазақтардың қазақша сөйлемейтіні, сөйлей алмайтыны қандай қызық.
 − Енді олар қазақшаны басқа ұлт өкілдері түсінбейді деп ұялады ғой. 
 − Иә, сол ұялғанының өзі қандай қызық десеңші. Біздің биліктегілер өте ұялшақ. Үкіметтің мәжілісін қараңызшы. Бірыңғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлейді... 
− Күндемас Басжазарұлы, сонда сіз қазақ­ша сөйлемейтін Үкімет үшін ішпейсіз бе?
 − Неге ішпеймін, ішемін. Маған сылтау керек. Мен қазақшаға аузы қисаймайтын ұялшақ министрлер мен әкімдер үшін де, жоғары лауазымды шенеуніктер үшін де, теледидардан қазақша қойған сұраққа орысша жауап беретін ұялшақ кемпір-шалдар үшін де ұялыңқырап отырып, іше беремін. Осылар мені әбден маскүнем етіп болды.
− Сонда сіз бұларға күйінгеннен іше­сіз бе, жоқ әлде сүйінгеннен ішесіз бе?
 − Бірде күйінгеннен, енді бірде сүйінгеннен іше беремін.
 − Күйінішіңіз көп пе?
− Көп қой, көп. Қазақ көші неге тоқтап қал­ды деп күйінемін, жетім қазақ балаларын жы­латып, неге шет­елге саттық деп күйінемін, қолжетімді баспанаға неге қол жетпейді деп кү­йі­немін, мыңдаған қазақ қыздары неге бай­ға шыға алмай жүр деп күйінемін, өмірі­мізге нәр беретін, сән беретін страте­гия­лық ма­ңызы зор нысан­дарды неге кәріс, қытай үн­діс сияқты жатжұрттықтарға беріп қой­дық деп күйінемін, құдай жарат­қ­ан жерімізді, көлі­мізді, тауымызды, орман-тоға­­йы­­мызды неге жекеге сат­­тық деп күйі­немін. Ой, мен күйі­нетін нәрселер көп қой, көп.
− Сонда осылардың бәрі үшін күйініштен іше бересіз бе? Жанып кетуіңіз мүмкін ғой.
 − Әрине, оңай емес, ден­саулық та дал-дал бол­ды. Сонда да, ішпесем − мұрным қышиды, табаным ыси­ды, шекем тырысады, арқам құрысады, қо­лым қал­ты­райды, буыным сырқы­райды, тізем діріл­дейді, көзім іріңдейді, тама­ғым құрғай­­ды, басым қалтыл­дап, бір «орнында» тұрмайды.
 − Астапыралла, астапыралла! Не деп кеттіңіз? Неге доқтырға көрінбейсіз?
 − Ау, айналайын, оның емі «анау» ғой, «ақаң» ғой. Қырлы стақанмен біреуін қылғытып жіберсем, «манағы­ның» бәрі қоя қояды, жым болады.
− Денсаулығыңыз дал-дал болса, қой­майсыз ба?
 − Жо...жоқ, қоймаймын, қоя алмай­мын. Мен шенеуніктер таза қазақша сөйлегенше, бойдақ қазақ қыздары түгел байға шыққанша, Англияға ұрлап әкеткен малдарымды қайтарып бергенше, іше беремін, іше беремін, іше беремін... 

Дамир ӘБІШЕВ
Қостанай 


«Жасыңыз үлкен ғой»

«Айқын» газетінің бір топ журналис­тері түскі асқа бармақ боп кафеге қарай беттейді. Асхана Желтоқсан көшесінің арғы бетінде орналасқан. Бәрі жолды жаяу жүргіншілер өтетін жермен қиып өтпек болады. Ол жерде бағдаршам болмағандықтан, ағылып жатқан көліктердің алдын кесіп өту – өте қауіпті. Сонда қашанда әзілі әзір жүретін Ермахан замандас ағасы Жолдасбек Дуанабайға қарап:
– Жөке, жасыңыз үлкен ғой, өзіңіз бастаңыз, – деген екен жолды нұсқап.

«Аққу ұшырып, қаз қондырамын»

«Айқын» газетінің жауапты хатшысы Асқар Алтайұлы қаламақы қойылған қағаздарға қол қойдыру үшін Ермахан Шайхыұлына келеді. Ол қолын шиырып тұрып қойып береді. 
– Сіздің қолтаңбаңыз министр­лердікіндей ғой, – деп тамсанады Асқар Алтайұлы. Сонда Ермахан:
– Е, мен қолтаңба арқылы аққу ұшырып, қаз қондырамын, – деген екен.
 
Қажының қалжыңы

Жаратқан ием жар болып, Ермахан Шайхыұлы үлкен қажылық парызын өтеп қайтады. Әзілдемесе жүре алмайтын әдетіне басып, қасиетті жерге аяғы тие салысымен Ерекең уатсап арқылы үйіне: «Қажыны мазаламаңдар. Дүние істеріне араласпаймын» деп сәлемдеме жазады да хабарласпай қояды. Арада апта өтеді. Бір күні зайыбы Күлайша хабарласып, Қалдыгүл әпкесінің күміс тасбих алып келуін өтініп жатқанын айтады. Ерекең қуана келіседі. Ертесіне Нәзік қызына кимешек пен көйлек ала келуін тапсырады. Ерекең оны да құп алады. Күлайша апай тағы бірде хабарласып, Мұхаммед пайғамбарымыздың өз қолымен еккен «Ғаджуа» атты құрма ала келуін сұрайды. Ерекең ол құрманы алып қойғанын айтады. Сөйтеді де жанындағы Сәкен Сыбанбай мен Есей Жеңісұлына қулана күліп:
– Күлайша апай Айша анамыздың менюін тауып алмай тұрғанда бұл жерден кетіп қалу керек еді,– деген екен әзілдеп.

Әдеби қажылық

Ермахан Шайхыұлы қажылық парызын өтеуге асыл ағалары Әбдіғаппар Сыбанбай мен Аманхан Әлімұлы және алғыр інілері Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңісұлы, Мақсат Мыхыбаевпен бірге барады. Ұлы сапардағы игі де ізгі амалдарды ылғи да бірге жүріп атқарады. Сәл қолдары босай қалса өткен-кеткенді айтып әзілдеседі. «Да­ныш­пан жеңешемнің ақылы таусылып қалып, Аманхан ағама қиын болып жүр-ау» деп Аманхан ағамызды қажап қалжыңдасады. Аманхан ағамыздың қожа екендігін астарлап, оған «Местный жігіт» деп ат қойып, айдар таққан да – Ерекең. Сондай қол босай қалған кездің көбісінде Аманхан ағамыз тек әдебиет төңірегінде ұзақ сонар әңгіме айта берсе керек. Соны меңзеген Ерекең жігіттерге көзін қысып қойып:
– Осы Әбекең әдеби қажылыққа келген-ау шамасы,– деген екен.

Ермахан Шайхыұлы атындағы грант

 Ермахан Шайхыұлының Мағауия атты ұлы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Осы жағымды жаңалықты естіген әріптес інісі Есей Жеңісұлы Ерекеңді қызу құттықтап, ізгі тілек-ниетін білдіреді. Ерекең де оған алғысын жаудырып, жұғысты болсын айтады.
– Айтпақшы, інішек грантқа түскен шығар,– дейді Есағаң сауалын нақтылай түсіп.
Сонда Ермахан жанындағы Асқар Алтайұлына көзін қысып қойып, еш сас­пастан:
– Иә, ол Ермахан Шайхыұлы атын­дағы грантқа түсті ғой,– деген екен қар­жысын өзі төлейтінін меңзеп.

Бану ШАЛОВА 

АЛМАТЫ 


Түкпірдегі «тұщы» тіркес

Түкпірде тіршілік етіп жатқан пенде бір күндері Мәскеуге барып келіпті де ел-жұрт ортасында отырып: «Е, Мәскеуге барып, санама сана қосылды. Мәселен, Карл Маркс, Фридрих Энгельс дегендерің біз ойлағандай төртеу емес, ал «Жасасын КПСС» деген тіптен адам емес екен» депті. 
* * *
Түкпір тұрғыны ғұмырында берідегі орыс ауылына келіп, аралап жүріп құдық басында тұрып: 
– Жер астындағы судың дәмі қандай болады? – деп сұрайды. 
– Ғажап! Бұл құдықтан менің арғы атам да су ішкен.
– Ойпыр-ай-ә, аталарыңның мойны соншалықты ұзын болған болды ғой... 
 


Ақыл айтайын ба?

  • Пайдалы кеңестер: 

- Әйелдерді басқарудың екі әдісі бар, бірақ оны ешкім білмейді. 
- Жақсы әңгіме жұмыс күнін қысқартады.

  • Кешке кездескен қыздан: «Таңертеңгілік шайды бірге ішуге қалай қарайсыз?» деп сұра. 
  • Қысқартуға ұшырауы мүмкін мемлекеттік қызметкерге психологиялық кеңес: «Қысқартуға бойыңызды үйрету үшін ал­ды­мен шашыңызды, сосын шылым шегіп, арақ ішуді, үйге не болса соны алуды, бас­ты­ғыңызға ғай­бат сөз айтуды және күні-тү­ні қыдыруды, қо­нақ­қа баруды әрі оларды шақыруды қысқар­ты­ңыз».
  • Көрші жігіттердің әңгімесінен: 

 – Ауылдан атам келіп еді, «Киноға немесе бір спектакльге апар» дейді. Бірақ, өзінің құлағы естімейді. Не істерімді білмей тұрмын. 
– Қиналатын несі бар, Ермек Тұрсыновтың «Келі­н» атты фильміне ертіп бар.

Мүйісті жүргізетін 

Берік САДЫР