Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Жаңартылған оқу жүйесі нақтыланды

570 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен тамыз кеңесі «Педагогке ресурстық қолдау көрсету» тақырыбына арналды. 300-ден астам мұғалім қатысқан жиын барысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері мен қызметкерлері жаңартылған оқу бағдарламасы, сыни бағалау жүйесі, бастауыш сыныптарға сабақ беру ерекшеліктері жайлы шеберлік сабақтарын өткізді.

Жаңартылған оқу жүйесі нақтыланды

Еліміздегі 2016-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту кестесіне сәйкес, оқу жылы қарсаңында орта сыныптарға арналған жаңа оқу жүйесі енгізіледі. Аталған өзгерістер еліміздің барлық мектептерінде 1, 2, 5, 7 сыныптар арасында жүргізіледі. Осыған орай педагогтер басқосуында 2, 5, 7 сыныптардағы жаңартылған оқу жүйесінің ерекшелігі талқыланды.

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Арсен Байтуковтың айтуынша, бүгінде мектептердегі әділ бағалаудың өзектілігі мен қажеттілігін бүкіл педагогикалық қоғам сезініп отыр. 

– Сыни бағалау жүйесінде оқыту мен бағалаудың арасындағы өзара байланысты жүзеге асыратын механизмдер бар. Бұл бағалау оқу бағдарламаларына сәйкестікті қамтамасыз ететін және оқу үдерісін қолдауға құрылған. Айталық, қалыптастырушы бағалау – күнделікті жұмыс барысындағы бағалау. Баға оқушыларға сандық белгі ретінде емес, оқушылардың жұмысына ұсыныс ретінде беріледі. Яғни, қайсысы жақсы атқарылды, қай жерде қате жіберілді, оны қалай түзету керектігі айтылады. Мұғалімнің ұсыныстары оқу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Оқушының оқуға және бағалауға деген көзқарасын жақсартады. Ал жиындық бағалау – оқу бағдарламасына сәйкес оқудан кейін, сонымен қатар, белгілі бір оқу кезеңі аяқталғанда жүргізіледі. Баға оқушылардың жетістіктерін, яғни тапсырмаларды орындаудағы әрбір қадамдарын бекіту арқылы қалыптасады. Сондықтан оқушылардың өз бетімен оқудан тыс ізденісін және оқу бағдарламасын тереңірек игеруге ынталандырады, – дейді А.Байтуков.

Мұғалімдер сонымен қатар, ата-ана мен ұстаз арасындағы байланысты жылдамдатуға арналған жаңартылған оқу жүйесін кеңінен талқылады. Астана қаласындағы №35 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Баян Мықшаева жаңа оқу жүйесінің балаларға ең алдымен еркіндік беретінін айтады.

– Жаңартылған білім беру жүйесіне қатысты Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері өткізген шеберлік сағаты көңілімнен шықты. Бұл жүйеде тәжірибелі ұстаздар болғандықтан көптеген жаңа мағлұматтар алдық деп есептеймін. Мұндай жүйемен оқыған бала кең түрде ойлайды. Екі-үш жылдың ішінде бұл жүйе толығымен еніп, өз жемісін бере бастайтынына сенімім мол, − дейді ол.

Алдағы республикалық тамыз конференциясы отырысында зияткерлік мектептердің ауқымды көрмесі өтпек. Көрмеде мұғалімдерді әдістемелік қолдауға арналған методикалық база мен оқу материалдары ұсынылып, «жүйелі-методикалық кешенді» көрсету жоспарланып отыр. Жиырма мыңнан астам мұғалім қатысатын республикалық педагогикалық кеңес аясында Назарбаев зияткерлік және қанатқақты мектептердің базаларында білім мазмұнын жаңарту бо­йынша секциялық отырыстар өтеді. Назарбаев зияткерлік мектептері орталықтарының мұғалімдері мен қызметкерлері, сондай-ақ, қанатқақты мектеп мұғалімдері жаңартылған білім берудің, сыни бағалаудың және бастауыш мектептерде оқытудың ерекшеліктері жөнінде тренингтер мен шеберлік-сыныптар өткізуде. Ал тәжірибелік сағаттар қазіргі сабақтардың жаңа форматы мен инновациялық педагогикалық технологияларды енгізуге арналады. Негізгі назар білім беру процесін сапалы әдістемелік тұрғыдан демеуге және отбасы қауымдастығы мен мұғалімдер арасындағы жедел қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталып отыр.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»