Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Биыл Шығыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 7 миллиард теңге бөлінді

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бесжылдық бағдарламасы жасалды.

Биыл Шығыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 7 миллиард теңге бөлінді

Бұл «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады. Өңірлік бағдарламаның жалпы бюджеті 28 млрд. теңгені құраса, биыл бұл жобаларға 7 млрд. теңге бағытталып отыр. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның үшінші отырысында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осылай деді. 

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша мақсатты және жоспарлы шаралар қолға алынған және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылған. Аталған үдеріске С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкәрім атындағы СМУ және Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдар тартылған.

Бұл бағдарлама аясында үш тілді білім беруді дамыту, археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, ішкі туристердің ағымын арттыру көзделіп отыр. «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы шеңберінде 19 өңірлік жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Шығыс Қазақстанның өркениет құбылыстары» негізгі базалық жобалардың бірі ретінде өңірдің бірегей тарихи-мәдени кешенін біріктірмек және «Көне қазына», «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі жобаларының да басын қосады. «Көне қазына» аясында Берел, Шілікті, Аблайкит кешендеріндегі археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Қоңырәулие мен Ырғызбай ата кесенесіне инфрақұрылым желілері салынып, Шілікті кешеніне әйнектен арнайы саркофаг тұрғызылады, «Тархан геологиялық қиығы» ашық аспан астындағы музейі ашылады. Барлық жәдігерлерді Өскеменде бой көтеретін археология және заманауи өнер музейіне қою жоспарланып отыр. 

Ал туризмді дамыту мен мұралардың танымалдылығын арттыруға негізделген «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі бағдарламасы аясында киелі орындар картасы жасалып, туристік инфрақұрылымдар кеңейеді, су қоймаларының емдік қасиеті зерттеледі. Сонымен бірге «Рухани қазына» «Абай әлемі» кітап сериясын шығару, музей қорын сандық жүйеге көшіру, «Мәдени код: Шығыс Қазақстан» архиві мен кітапханасын құру, «Музыка әлемі», «АРТ Заман» фестивалдерін өткізу, театрлар мен шығармашылық ұымдардың гастролдерін ұйымдастыру көзделген.

Сондай-ақ «Қазақстанның табиғаты және табиғи мұралары» жобасы аясында көп данамен Шығыс Қазақстан Атласын, өсімдіктер мен жануарлардың Қызыл кітабын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар барлық мектептер мен колледждерге, кітапханаларға түседі. Және барлық материалдар мен жобалардың нәтижесі «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасына орналастырылып, баршаға қолжетімді болады.

Думан Анаш

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ

«Егемен Қазақстан»